23.04.2023, 0:40
Оқылды: 10

Айттағы ұлттық ойындар сайысы

Ораза айт мерекесіне орай Переметный ауылында киіз үй тігіліп, айт дастарханы жайылды. Аудандық «Жұбан молда» мешітінің ұйымдастыруымен болған іс-шарада сонымен қатар балаларға тәттілер мен сусындар және балмұздақ үлестірілді.

IMG-20230422-WA0119

IMG-20230422-WA0123 (1)

-Қадірменді жерлестер, Ораза айт құтты болсын! Жаратқан Иеміз қасиетті Рамазан айында тұтқан ораза, тілеген дұға-тілектерімізді қабыл етсін. Бүлдіршін мен жас ұрпаққа өзіміздің дұрыс іс-амалдарымызбен үлгі болайық, - деді іс-шараны ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғали Жолдасқалиев.

IMG-20230422-WA0127

Кейін мешіт имамы Мақсат Рысқалиев Ораза айттың ерекшелігіне тоқталған соң мереке ұлттық спорттық сайыстарға ұласты. Аудан округтерінен күштерін сынап, өнерлерін ортаға салғалы келген ер-азаматтар әр спорттық сайыс бойынша сынға түсті. Ал бұл уақытта тәттіге әбден тойған балақайлар өздеріне арнап үрілген батутта асыр салып ойнап жатты.

IMG-20230422-WA0124

Арқан тартыс бәсекесінде Достық ауылдық округі Чувашин ауылдық округының білекті жігіттері топ жарды. Ал қазақ күресінен түйе палуандар арасында Егіндібұлақ ауылының азаматы Сержан Құспанов жеңімпаз атанса, өгіз палуаны сайысында Сырым ауданынан келген Дамир Мұқатов ешкімге дес бермеді. Қол күресінен 70-ке дейінгі салмақ дәрежесінде Артур Қайрушев жеңіске жетсе, 70-тен жоғары салмақта күш сынаған Ринат Қаменге ешкім теңесе алмады. Және тоғызқұмалақ ойынында Көшім ауылдық округінен келіп өнер көрсеткен Мархабат Көпжасар үздік деп танылды.

IMG-20230422-WA0126

IMG-20230422-WA0118

Айт мерекесіне орай ауданда алғаш ұйымдастырылған шарада барлық жеңімпаз дипломмен және әртүрлі бағалы, ақшалай сыйақылармен марапатталды. Сондай-ақ ойында әділ төрешілік еткен азаматтарға да алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Нұрсәуле Әбілпейсова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz  

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале