Бүгін Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз - Алғыс айту күніне арналған «Шын жүректен» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Алғыс айту күні - Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу, репрессия мен күштеп қоныс аудару жылдарында қазақ халқының кең пейілінің, достық пен берекенің символы. Осы орайда аудан көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарлама аясында ән-жыр арқылы алғыс айтылып, игі тілектері жеткізілді.
Мерекелік шарада, ең алдымен, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова жиналғандарды бүгінгі мерекемен құттықтап, Алғыс айту күнінің тарихына тоқталып өтті. «Кеше қилы заманда қазақ халқы тағдырдың жазуымен елге келген өзге этнос өкілдеріне кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөлісті. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халықтың көрсеткен мейірімділік пен ақ көңілділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер», - деді аудан басшысы.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Самиев пен «Марычка» украин ұлттық мәдени бірлестігінің мүшесы Л.Леонова да көктемнің алғашқы мейрамы – Алғыс айту күнімен құттықтап, қазақ жеріндегі татулық пен бірлік, ынтымақтастық пен Тәуелсіздік нығая берсін жылы лебіздерін білдірді.
Концерттік бағдарламада Алғыс айту күнінің мағынасын ашатын «Ұлт бірлігі – ұлы істерге жетелейді» атты бейнефильм ұсынылып, тамаша әндер мен билер орындалды.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz