4.12.2024, 12:00
Оқылды: 25

Айжан Нұрсайынова – ұлттық қолөнерді жаңғыртқан шебер

«Шебердің қолы ортақ» дейді халқымыз. Расында да, хас ісмердің жасаған дүниесін халық қолданып, тіпті кей жағдайда ұрпақтан ұрпаққа мирас болып та қалады. Шынтуайтына келетін болсақ, шынайы шебердің қолынан шыққан бұйымдар салт-сана, әдет-ғұрыппен біте қайнасып, қазақ халқының дүниетанымын айғақтайды.

айжан

Бүгінде ұлттың байырғы мұрасы қайта жаңғырып, жаңару үстінде. Оны халық арасында кең көлемде насихаттауға үлес қосып жүргендердің бірі – чапаевтық Айжан Нұрсайынова.

Ол осыдан алты жыл бұрын тігіншілікке мықтап ден қойып, соның ішінде ұлттық нақышта киімдер тігуге кірісіпті. Айжан осы Чапаевтағы М.Әуезов атындағы орта мектепті тәмамдағасын, Орал қаласындағы Ж.Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледжден музыка бағыты бойынша оқып, одан әрі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде осы сала бойынша жоғары білім алған. Бойында әншілік өнері басым бойжеткен алғаш еңбек жолын аудан орталығындағы «Бөбек» балабақшасында ән сабағының мұғалімі болып бастайды.

Талантты адамның барлық жағынан дарынды болатыны шын екен, Жаратқан нәзік жандыға әдемі қоңыр дауыспен қатар ісмерлікті де дарытыпты. Бойындағы тігіншілік қабілетін кеңінен жетілдіруді көздеген оның құрақ көрпе тігіп көруге талпынысы сәтті шығып, әрі қарай жалғастырып әкетеді. Айжанның айтуынша, тігіншілік өнерінің қос қанаты – шеберлік пен қиял. Себебі алдыңда жайылған маталардың түсін бір бірімен үйлестіріп қию, бұйымыңды көздің жауын алатындай етіп көркемдейтін оюды қиюластыру үшін де ой еңбегі, шабыт пен қиял қажет.

– Үйдің үлкендері тігіншілікке қолымның икемділігі әжемнен дарыған деп айтады, кезінде шеберлігімен талайды тамсандырған жан болған екен. Мен де кішкене кезімде ескі-құсқы мата, киімдерді тігісінен сөгіп  қиып, қайта басқаша құрастыруға әуес болатынмын. Білім мен ізденіс қай кәсіпке де артықтық етпейді, көрпеден біртіндеп бастап едім, бүгінде арнайы тапсырыспен киім де тігемін. 2018 жылы үйден ашылған шағын шеберхана ашып алдым, қазір де жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында музыка үйірмесінің  және тігін шеберханасының жетекшісі болып қызмет атқарамын. Негізгі осы жұмысымнан қолым қалт босағанда, тапсырыс алып, қыз жасауы, көрпе, көпшік тігіп, құрақ құрауға отырамын. Тігін машиналарын өз қаражатыма сатып алдым. Тапсырыс берушілер саны ептеп көбейіп келеді. Тек осының бәріне үлгеру үшін, уақытты тиімді пайдалануым керек. Әлеуметтік желідегі жарнама, ағайын-туыстарынан көріп қызыққан жандар да  көрші аудандардан тапсырыс беріп жатады. Матаның түсін өзі таңдап, жасалатын бұйымның түр-көлемін көрсетіп кеткен соң, қолдарына дайын өнімді уақтылы және сапалы етіп тапсыру менің міндетімде. Әрбір құрақтың қиюы мен оюы бір-біріне сәйкес келуін қадағалау асқан шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Көрпенің қандай болатынына бас ауыртпай-ақ, бұрыннан дайын үлгісін таңдап алуға болар еді. Әйткенмен әр заттың өзгеше өңмен шығуы, қайталанбауы алушылар үшін де, мен үшін де маңызды. Бәріне шамам келгенше үлгеруге тырысып жүрмін, – дейді Айжан.

айжан1

Шебер тек қыз жасауларын дайындап қана қоймай, соңғы жылдары трендке айналған тақия, сан түрлі ұлттық киімдер тігіп, той қоржындары мен отбасына арналған тұмарлар шығарады.

Соншама көп дүние секілді, бірақ осының барлығы да, Айжанның сөзінше, тұрғындардың арасында сұранысқа ие.

Ісмер келіншектің шеберлігін байқаған аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Сейткереева А.Нұрсайынованың қолынан шыққан бұйымдардың сан алуан көрмеге қойылуына мұрындық болған екен. Былтыр ол аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүше боп қабылданып, Астана қаласында өткен «Хас шебер» қолөнершілер фестиваліне қатысты. Есімі «КИНЭС» рекордтар кітабына жазылып, өз қолтаңбасын қалдырыпты.

Шеберге лайық марапат – республикалық, облыстық, аудандық көрмелерден алған марапаттары мен республикалық «URSHYK» қоғамдық бірлестігінің, Астана қаласы әкімі орынбасары, облыс әкімі, аудан әкімі, іскер әйелдер кеңесі төрағалары, өзге де алғыс хаттары үй шеберханасы мен жұмыс бөлмесінде ілулі тұр.

Қолдан келген шаруаны табыс көзіне айналдыра білу қазіргі заман талабы дейтін болсақ, Айжанның іскерлігі өзгелерге ой салары анық.

Әсет Сағындық

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале