Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде қазақтың талантты ақын қызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақ Жайықты жырлайды ақын жүрек» атты жыр кеші өтті.
Құрмет кешінде алдымен сөз алған Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров:
- Поэзия әлеміне Ақұштап Бақтыгерееваның қосқан зор үлесі оқырман қауым тарапынан жоғары бағаланып, көпшіліктің сүйікті ақынына айналғандығы баршамыз үшін мақтаныш. Ақын шығармалары өскелең ұрпаққа тағылымы мол мұра боп қалары сөзсіз. Құрметті Ақұштап апа, жүрегіңіздің түбінен мөлдір сезім болып, ақ парақ бетіне түскен өлеңдеріңіз халықтың сүйікті әндеріне айналғаны да ақиқат,-деп ақынға жылы лебізін білдіріп, қасиетті Қаратөбе өңіріне келуін құтқа балады.
Ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева жыр кешін жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімі Асхат Шахаровқа және әдебиетке жанашырлық танытқан азаматтарға алғысын жеткізіп, әйел-ана, отбасы, қыз балалардың тәрбиесі жөніңде сондай-ақ туған жерге сүйіспеншілікті жастардың бойына сіңірту туралы тереңнен ой қозғады.
Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы ақын апасына ақ тілегін арнап, «Таныстыру», «Тамды аруы - 3» өлеңдерін оқып берді.
Кеште өңiрiмiздiң талантты жас айтыскер ақыны Райымбек Өтепов арнау өлеңін айтты.
Нұргүл Қабылан «Оралдың ерке самалы», Наргиза Сүлейменова «Мен сені ойлайтынмын», Сәнжан Байтеміров «Жіберілген хат» әндерін шырқаса, Ажаргүл Әлиева «Сіңіліге сыр», Аяжан Бақытжанова «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Орынғали Ермекқалиев, Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, аудандық мұрағат мекемесінің директоры Нұрзия Соқатова, Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімі Айымгүл Оралқызы құттықтау сөз сөйледі. Көрермендер өз тарапынан ақынға сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
Кеш барысында ақынның иығына камзол жабылып, алғыс хат табыс етілді.
Маралбек АМАНТАЕВ,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz