Референдумға Бәйтерек ауданының Байқоныс ауылындағы №196 референдум учаскесінде де тұрғындар өз азаматтық таңдауын жасап, ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда.
Бүгінгі референдумдағы атмосфераны «Көңіл ашар» әжелер ансамблі арттырды. Ансамбль құрамында 11 әже өнер көрсетеді, ең үлкені – 84 жаста. Ардагер ұстаз Гүлшат Хабибуллинаның айтуынша, ұжым 2014 жылы құрылған және негізгі мақсаты – ұмыт қалған халық әндерін жаңғыртып, өскелең ұрпаққа насихаттау. Әжелер мектептер мен балабақшаларға барып, қазақ ән өнерінің құндылығын жастарға жеткізеді. Референдум кезінде ансамбль тек дауыс беріп қана қоймай, ұлттық нақыштағы әндерімен жиналған қауымның рухын көтеріп, саяси науқанның мерекелік сипатын арттырды.

Сондай-ақ, ауылдағы қоғамдық істерге белсене қатысатын «Абзал ағалар» клубының 8 мүшесі де сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Олар тәжірибесі мен даналығымен жастарға үлгі көрсететін, адалдық пен жауапкершілікті басты ұстаным еткен азаматтар тобы ретінде танылды. Клуб мүшелерінің бірлігі мен ұйымшылдығы ауыл тұрғындарына азаматтық белсенділіктің мәнін көрсетті және сайлау учаскесіндегі атмосфераны одан әрі көтерді.

Республикалық референдум барысында Байқоныс ауылындағы №196 сайлау учаскесі – өнер мен азаматтық жауапкершіліктің біріккен көрінісі ретінде есте қалды.
Г. Баделова
zhaikpress.kz