13.06.2022, 9:45
Оқылды: 299

Академик есімі неге ескерусіз қалуда?

Тұңғыштар отаны атанған Бөкей ордасынан шыққан даңқты тұлғалардың бірі – академик Асан Тайманов. Ол  1917 жылдың 25 қазанында дүние есігін ашқан. Руы - дуан төлеңгіт. Арғы тегі Әбілқайыр хан дәуірінде атақты молда болған Әлмұқамбеттен тарайды. «Ақиқат» журналының 1993 жылғы №8, 9, 10 сандарында ол кісі туралы көлемді материал жарияланыпты. Жалпы сол Әлмұқамбеттен Еділбай, Еділбайдан Шөкі, Шөкіден Жармұқамбет, Жармұқамбеттен Тайман, Тайманнан Дабыс, Дабыстан Асан өрбіген. Дабыстың Асаннан да басқа ұл-қыздары болған.

4

Тағдыр әрқалай қалыптасады ғой. 1925 жылы оның ата-анасы ажырасып, Асан Орда ауылындағы балалар үйіне жіберіледі. Сломихинге қоныс аударған әкесі бір жылдан соң ұлын қолына алып, шаруа жастар мектебіне оқуға береді. Оны 1931 жылы тәмамдаған Асан Сломихин педтехникумына түсіп, кейін Орал пединститутын үздік бітіреді. Осы жоғары оқу орнында екі жылдай оқытушылық қызмет атқарып, білім-білігін одан әрі ұштамақ ниетте Мәскеуге аттанады.

Ғылымға етене берілген алғыр жігіт мұнда педагогикалық институттың профессоры, КСРО Ғылым академиясының мүше-корреспонденті А. Хинчиннің аспирантурасына қабылданады. Осында жүріп ол көрнекті ғалымдар Л.Кельдш пен академик П. Новиков жүргізетін өте тартымды семинарларға қатысады. Осылайша жүрек қалауымен таңдаған сүйікті мамандығының қыр-сырына терең үңіле бастаған кезде тұтқиылдан соғыс өрті тұтанады. Еріктілер қатарында алғашқы лекпен ол да елін қорғауға аттанады. Ол енді бөлек әңгіме, бөлек тақырып...

1946 жылы жеңіс солдаты Мәскеуге қайта оралып, академик П.Новиковтың аспирантурасында ғылыми жұмыстарын одан әрі жалғастырады. Тынымсыз ізденіс нәтижесінде араға бір жыл салып,  «Байланыссыз жиындардың квазикомпоненттері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәт­ті қорғап шығады. Енді жас ғалым өз Қазақстанына оралып, Қызылорда педагогикалық институтына кафедра меңгерушісі болып орналасады. Ғылыми лабораториясы жоқ, маман кадрлары тапшы жерде жүріп, Асан Дабысұлы математика ғылымының классикалық проблемаларын шешуге арналған бірнеше еңбек жазып, теориялық тұжырымдар жасайды. Оның 12 ірі ғылыми жұмысы «КСРО Ғылым Академиясының баяндамалары мен хабаршысы» атты журналда жарияланғаны да осы кез. Әрі осынау еңбектері математиканың геометриялық топология саласында жұмыстанып жүрген одақтық һәм халықаралық деңгейдегі ірі ғалымдардың назарын өзіне аударады. Ол - ол ма, Тайманов теоремалары Мәскеу, Ленинград, Новосибирь университеттерінің геометриялық топология кафедраларына таратылады. Бұған қоса Америкадағы Калифорния, Присток университеттерінің, сондай-ақ Англия мен Польша университеттерінің оқу бағдарламаларына енгізіледі. Осылайша, өткен ғасырдың 50-жылдарында математика саласының үздік маманы А. Тайманов аты әлемге әйгіленеді. Ол педагог ретінде де көптеген игі істерге ұйытқы болған. Дарабоз дарынның бастамасымен математикаға құштар жастардың Бүкілқазақстандық бірінші олимпиадасы да оздырылыпты. Сол қатардан суырылып алға шыққан Ә.Оразалиев, Б.Тұрғаналиева, Қ.Сек­сенбаев және З.Тәжмамбетова сияқты жастар бүгінгі білікті ғалымдар.

Айта кетелік, математикалық ғылыми орталықтарға жақындауды көздеген А.Тайманов Иваново қаласына қоныс аударады. Лениндік сыйлықтың лауреаты, академик А. Мальцевпен бірігіп, осында ғылыми ізденулер жүргізеді. Бұл бағыттағы маңызды табыстарының бірі ретінде «Модельер класынан аксиоматизациялануының топологиялық критерийін» тапқанын атайды. Қазақ ғалымының бұл теоремасы белгілі математикалық монографияларға енеді. Мәселен, Америка ғалымы П. Конның «Универсалдық алгебра» деп аталатын кітабында Таймановтың осы критерийіне тал­дау жасалып, оған жоғары баға беріліпті. 1960 жылы Новосібір ғылым академиясы ашылған кезде Асан Дабыс­ұлы осында қызмет ауыстырып, докторлығын осы оқу орнының қабырғасында қорғайды. Қазақ ғалымының ғылыми жұмысына оппоненттік еткен аса көрнекті Кеңес математиктері П.Новиков, А.Александров, В.Глушко және А.Мальцевтер жерлесіміздің ізденістерін өте жоғары бағалаған. Осы жылдардағы тағы бір маңызды еңбегі – «Модельдердің тура көбейтіндісі» деп аталған теоремасы. Ол да Новосібір университетінің оқу бағдарламасында бар.

Тағы бір ерекше назар аударар нәрсе, Асан Тайманов Новосібір ғылым ордасының мол мүмкіндіктерін Қазақстан үшін де тиімді пайдалана білген. Өз кезегінде ол білімді жастарды оқуға шақырып, айрықша қамқорлық жасағаны және бар. Елімізге танымал А.Омаров пен Н.Хисамиева секілді ғалымдар Тайманов шәкірттері. Айтпақшы, ол 1962 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшелігіне сайланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Бертінде, 1970 жылдары Асан Таймановтың өзі де Қазақстан ғылым академиясына қызметке алынады. Әп дегеннен дарынды балалардың арнайы математикалық мектебін ұйымдастырады. Өкініштісі, ой-мақсаты терең, алғыр да алымды жанның шынайы ғылыми жұмыстар жүр­гізуіне жағдай болмағандықтан, қайтадан Новосібірге қоныс аударады.

Иә, мұның бәрі өткен тарих. Тірлік заңымен академик атамыздың өзі де бақиға көшкенімен, артында айшықты ізі қалды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғалым қызмет атқарған Қызылорда қаласында А.Тайманов есімін иеленген көше болса, осын­дағы университет төрінде бюсі тұр. Мұнда академик атындағы арнайы оқу бөлмесі де жасақталған. Өзіміздің Оралда да бір мектеп пен бір көшеге оның аты берілсе, М.Өтемісов атындағы БҚУ-да А. Тайманов атындағы стипендия тағайындалған. Неге екенін қайдам, кіші отаны Бөкей ордасы ауданында ер есімі ескерусіз қалып отыр. Мұндай тұлғалар туған жерінің тарих тақтасынан ойып тұрып орын алуы керек емес пе?! Ең болмағанда, ауданда есепке жүйрік шәкірттер үшін лицей ашылып, оған А. Тайманов есімі берілсе қандай ғажап! Бұл – ғылым мен білімнің алғашқы қазығы қағылған мекен ғой. Сондай-ақ ата күлдігі саналатын Бисен ауылынан ардақты азаматқа бір көше бұйырса, ауданда академиктер аллеясы жасақталса, несі артық?! Ордадан шыққан оқымыстылар аз емес қой. Ана бір жылдары ардагер журналист Балмолда аға Тоқсанұлы академик А.Тайманов атын тарихта қалдыру бағытында аудандық «Орда жұлдызы» газеті бе­тінде ұтымды ұсыныстарын жазғаны да көптің есінде. Әлі күнге нәтиже жоқ. Насихат кем бе, әлде қолдаушы аз ба? Осы жайды жерлестеріміздің есіне қайыра салу үшін қолыма қалам алған жайым бар. Сіздің қандай алып-қосарыңыз бар, ойлы оқырман!

Жасұлан Омаров

М.Мәметова атындағы мектептің математика пәні мұғалімі, 

Бөкей ордасы ауданы

Сайқын ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале