1.06.2023, 18:43
Оқылды: 23

Ақбөкендер атамекеніне тұрақтап қалсын десек...

Бетпақ даланы мекендейтін түз тағысы Жәнібек ауданы жағынан төлдеп, Жаңақала өңіріне келуде. Жыл сайын еселеп көбейген киік санының артып, шаруашылықпен айналысқан елдің есін алуы – ойланарлық жағдай.

ЖПК

Сурет авторы: Қайырбек Сариев

– Қазіргі таңда киіктің қозғалысы, санының реттелмеуі көкейкесті мәселеге айналды. Төлін өргізіп бұрынғы Балдырған бөлімшесі маңы, Тоқсоба әскери қалашығынан әрі 30-40 мыңға жуық киік келіп түсті. Қайсыбір бөлігі Көпжасар жағына қарай кетуде, ішінде өліп жатқандары да бар. Дегенмен киіктің негізгі бөлігі осы маңда тұрақтап қалады деп болжап отырмыз. Себебі азын-аулақ көлдерде су бар. Енді шаруа қожалықтардың иелері шабындықтарын ойлап, алаңдаулы. Тарихи деректерге сүйенсек, Кеңес үкіметі кезінде киік санын шектеп отырды. Себебі ол кезде де малдың жайылымын отап, егін алқаптарын тоздырды.

Бала кезімізде шілде-тамыз айларында киіктің төшкелері арзан бағада халыққа берілетін еді. Өзі арзан, еттен де мәселе болмайтын. Енді атуға болмайды дегенді алға тартып, саны шектен тыс көбейіп кетті. Оның тұрақтауына су да жоқ. Даланың көк шаңын шығарып әрі асып, бері асып, ілесе алмағаны өлексеге айналуда. Бұлар – табиғаттың сыйы. Шаруаларға зиянын тигізбес үшін аңшылық бригадалар құрып, шектеп аулап, консерві дайындайтын кәсіпорындар ашып, елге азық қылса, артық етпес еді, - дейді Жаңақазан ауылдық округі әкімі Садуақас Болатұлы.

Түз еркесі төлдеген кезде қанды ауыз бөрілердің де етке тәбеті тартпай, таңқаларлығы сол – түйетабан деп аталатын өсімдік те осы кезде өсіп, оның қызғылт түсті жапырағы жаңа туған лақтарын жасырып тұрады екен. Осылайша киелі жануарды табиғат ана да панасына алғанын көруге болады.

«Киіктің тұяғы жерді түлетеді» деген сөз де текке айтылмаса керек. Сондықтан жан-жақты саралап, тез арада нақты шешімдер қабылдануы керек.

Зара Қайырғалиқызы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале