14.05.2020, 11:53
Оқылды: 65

«Ақбұлаққа» бір қуанып, «Таза суға» бір мұңайып, Уақыт өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып...

496FD048-DE1E-4271-AB69-A149DF496557

Кеше бөркін аспанға атты. Бүгін...

Әу баста Елбасымыз қала мен ауыл тұрғындарын сапалы таза ауыз сумен қамтамсыз етуді Үкіметке мұқият тапсырып еді. Осы орайда елімізде берері мол бағдарламалар да жүзеге асқаны мәлім. Соның бірі - күндіз-түні тынбай аққан «Ақбұлақ» еді ғой. Яғни мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпіріне тартылған ауыз судың бүгінгі хал-ахуалы қалай? Бағдарлама бар, ал нәтижесі қандай?

Ырыстың көзі саналатын судың Теректі ауданының орталығы Федоров ауылына келгеніне көп жыл өтті. «Ақбұлақ» бағдарламасымен «таза сапалы ауыз су келді» деп бөркін аспанға атқан ағайын, енді мұңын шағып отыр. Бұл қуаныштың ұзаққа бармауына не себеп? Аталмыш ауылдың 6000 тұрғыны ауыз судың азабын айтып, «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кебін киюде.

Шыны керек, ауыл тұрғындары судың тапшылығы мен сапасының төмендігіне риза емес. Хош, сонымен...

Суды сыздықтатып уақытпен береді

Тіршілік нәрінен таршылық көрген тұрғындар сағаттап берген суды жинай алмай әлек. Сыздықтатып берілген суға жүйкелері әбден жұқарған. Жұртшылық арасында судың мәселесі айтыла қалса болды «шағымдарымызды тыңдап, шаруаны шешетін жан жоқ. Басшылар да су секілді сағаттап ауысады ма, әйтеуір бір басшыны ұстай алмаймыз» деп уәждерін білдіреді. Бұл орайда ауылды ауыз сумен қамтып отырған «Теректі - Таза су» ЖШС басшысы Руслан Ғалиевпен тілдестік. Расында да, бұл басшының жұмысқа кіріскеніне тек бір ай толыпты.

– Қазіргі уақытта суды сағаттап беруге мәжбүр болып отырмыз. Мәселен, таңғы 6:00-9:00; түскі 12:00-15:00; кешкі 18:00-21:00 уақыт аралығында су беріледі. Тек екі-ақ су ұңғымасы қалғандықтан, су деңгейі төмен. Қыс мезгілінде суды тұтыну 200-250 текше метрді құрайтын еді, сондықтан мұндай мезгілде су жеткілікті болады. Ал жаз мезгілінде суды пайдалану 3 есе көп. Тұрғындар тек ауыз суға емес, сондай-ақ бау-бақшаларын суарғандықтан, келесі тұрғынға су жетпей қалады, – дейді Руслан Маратұлы. Сондай-ақ су ұңғымаларын іске қосуға қаражат бөлінсе, жұмысты одан дамытындығын тілге тиек етті.

36AEB43F-786F-46A0-93CF-CA73F0A3D7D4

Сағыздай созылған су жыры қашан бітеді?

Жалпақ жұртшылық «су жетпейді, суымыз таза емес» деп у-шу. Бұл әңгіменің тәмам болатын күні қашан? Су жырының соңы болады ма өзі?

– Жалпы, су ұңғымасы Федоров ауылынан 13 шақырым жерде, яғни Қабылтөбеде орналасқан. Былтыр 4 су ұңғымасы жұмыс істеді. Қыс уақытында судың қоры мол болғандықтан, екі ұңғыманы айырып қойдық. Өткен жылы қар болмағандықтан судың қоры болмай қалды. Сайып келгенде, су қоры толық жиналмай, 1 метрге төмен түсіп кеткен. Ал жаңағы екі ұңғыма істен шықты. Қазіргі таңда қалған екеуі жұмыс істеп тұр.

Осы аптада «Жайықгидрогелогия» ЖШС-ның мамандары келеді. Олармен ақылдаса отырып, тағы да екі су жаңа ұңғыма саламыз. Бұл жұмысқа қаржы бөлінді. Енді таяуда, анығын айтқанда, 3 апта ішінде барлығын ретке келтіреміз. Содан соң суды сағатпен беруді тоқтатамыз. Мұны Федоров ауылының әкімі Әсет Әубәкіров айтты. Айта кетейік, аудандық экономика және қаржы бөлімінің хабарлауынша, екі су жаңа ұңғыманың жұмыстарына 4 млн. 867 мың теңге қарастырылған.

771430E3-3D15-4D77-9F86-2B72F3215653

Ал судың сапасы ше?

– Рас, судың сапасы мәз емес. Кейде қара, қоңыр түстес су ағады. Су құбырының түбінде балшықтың тұнып қалуынан су осындай түске айналып отыр. Егер құбырда су қоры жеткілікті болса, түбіндегі тұнба көтерілмейтін еді, бізде су қоры аз болғандықтан, тұнба көтеріліп суды ластап тұр. Енді судың сапасын жақсарту үшін бізден бөлінетін қаражат жетпейді, мұндай жұмысқа тек республикалық бюджеттің ғана күші жетеді,– дейді округ әкімі.

Сонда республикадан қаражат бөлініп, бізге жеткенше халық лас суып ішіп жүре бере ме? Олардың денсаулығын кім ойлайды? Бұл сауалымызға жергілікті әкім өзінің жоспары бар екенін жасырмады. – Байқағаным, қай жерде ақ балшық бар, сол жердің суы таза болады екен. Құдықты енді баяғы бір жерде қаза бермей, сондай балшығы бар жерден қазғанды құп көремін. Мәселен, Ақсуат, Новопавлов ауылдарының сулары таза. Өйткені, ақ балшығы бар. Енді осындай жерлерден 10 шақырымдай су құбырын тартуды көздеп отырмыз, – дейді Әсет Сәбитұлы.

Судың сапасы хақында жергілікті әкімның айтары осы.  Ал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы  мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, аудан бойынша жұма сайын судың құрамы тексеріліп, мониторинг жүргізіледі екен. Айталық, Федоров ауылындағы ауыз судан жылдың басынан бері барлығы 16 сынама алынған. Оның 8-і микробиологиялық, қалғаны санитарлық-химиялық зерттеулерге алынған. Сайып келгенде, судың құрамы таза екендігін хабарлайды сала мамандары.

«Судың сапасы қандай?». Бізден қойылған бір сұрақ. Осылайша түрлі жауап берді қос тарап.

«Қасиетті айда қара суға зар болдық»

– Ауылда ауыз судың жетіспеушілігі бұрыннан қозғалып келе жатырған мәселе. Алайда шешімі жоқ шаруа болып тұр. Су келген жылдары жақсы таза болды, кейін судың сапасы өте төмендеп кетті. Оның үстіне үнемдеп береді. Әсіресе, қазір Ораза айында суды сағаттап беруі өте қиын. Ауыз ашып, «суға енді жеттік-ау» дегенде суды тоқтатып тастайды. Ауыз бекіткенде де сол жағдай қайталанады. Тіпті, уақытын да ескертпейді. Суды жинап алайын деп жатқанда, су беруді кілт тоқтатып тастайтыны бар. Халыққа суды үнемдеп беруден ештеңе шешілмейді, қайта шиеленісе түседі, – дейді ауыл тұрғыны Қаным Бисенғазиева.

Сөз басында Федоров ауылының 6000 тұрғыны бар деп айтып кеттік. Басылым бетіне тек бір адамның пікірін бердік. Ал қалған 5999 адам да осы сөзді қайталайды және жыл соңынан жыл ілестіріп қайталап келеді.

      Шешілмейтін шаруа болмайды. Ойланайық! Әйтпесе «Ақбұлаққа» бір қуанып, «Таза суға» бір мұңайып жүрген ағайынның уақыты өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып ...

Самал Жамет

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале