12.08.2025, 10:30
Оқылды: 199

Ақбұлақта жаңа мұнара

Шыңғырлау ауылына қарасты Ақбұлақ ауылында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету 2017 жылы "Ақбұлақ" бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын. Ауыл тұрғындары тарапынан көптен бері көтеріліп жүрген су мұнарасын жаңарту мәселесі биыл нақты іске айналды. Бұған дейін ауылдағы ескі мұнара тозып, бірнеше үйге су жеткізу қиындаған болатын. Қыста және жаздың аптап күндерінде қысымның азаюы салдарынан тұрғындар су тапшылығын жиі сезінетін.

су мұнарасы

Ауыл халқы бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевке ұсыныс білдірген еді. Тұрғындардың өтініші аяқсыз қалмай, биыл  нәтижеге қол жеткізілді.

Тамыз айында ауыл ішінде биіктігі 26 метр, көлемі 100 м³ болатын жаңа су мұнарасын орнату жұмыстары жүргізілді. Бас мердігер  «Нуреке Азия Бизнес» ЖШС.

Су мұнарасы толықтай су жүйесіне қосылып, қазіргі таңда ауыл тұрғындарына үздіксіз, тұрақты қысыммен су жеткізіліп отыр. Бұған дейін жиі кездесетін су тоқтаулары мен қысымның тьөмендігі мәселелері жойылды.

Жаңа инфрақұрылым жобасын іске асыру барысында техникалық қауіпсіздік, сапа мен мерзім сақталып, жұмыстар уақытылы әрі талапқа сай аяқталды. Қазіргі таңда мұнара толық қуатында жұмыс істеп тұр.

- Көп жылдан бері су жетпей қиналған кездеріміз болды. Ескі мұнара тесіліп, қысым болмайтын. Енді міне, жаңа мұнара орнатылды. Су тоқтамайды, қысымы жақсы. Бұл – үлкен қуаныш,– дейді ауыл тұрғыны Айгүл Мендиева.

Бұл жобаның жүзеге асуы – ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған нақты істердің бір көрінісі.

- Тұрғындардың тұрмысын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған осындай жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,- деп атап өтті ауыл әкімі Мирлан Хамиев.

С. Өсәлім,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале