Аудандық «SAMGAU» коворкинг орталығында «Әке асқар тау, биік шың!» атты әкелер форумы өтті. Форумға аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, «Amanat» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектептегі әкелер клубының төрағалары мен мүшелері қатысты.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы шараның маңыздылығына тоқталды. Бағыт-бағдары еркін нұсқада ұйымдастырылған форум барысында ауданымыздың үлгілі әкелері, үлгілі азаматтары өздерінің ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Алдымен «Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы», отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеген ардақты әке – Ганмирлан Тұрғаналиев «Отбасында да, қызметте де әкенің көшбасшы рөлі» тақырыбында өз ойын ортаға салды.
Келесі кезекте сөз алған Мереке ауылдық округінің әкімі, бір ұл, екі қыз дың әкесі, мемлекеттік қызметші - Мэлс Нәріков «Қазақ отбасындағы кенже баланың орны» тақырыбында пікірін білдіріп, ұрпақты рухани құндылықтар арқылы тәрбиелеу, әкенің тәлім-тәрбиесі, отбасындағы ұл-қыздарының жетістіктері, кенже баланың отбасындағы орыны туралы кеңінен әңгімеледі.
Одан әрі «Сәулет» мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, отбасында бір ұл, 3 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке, көп балалы отбасы Қайрат Сайлайұлы «Әке – отбасы мен қоғамда тәлімгер және жаттықтырушы» тақырыбында өз ойын айтып, болашақ ұрпақ тәрбиелеуде салауатты өмір салтын ұстап, спортпен шұғылдануды насихаттады.
Сондай-ақ, шара барысында сөз алған спикерлеріміз С.Жақсығұлов атындағы орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі, отбасында үш қыз тәрбиелеп отырған Асхат Сапаров «Әке отбасының тірегі» тақырыбында және Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі, отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған Самат Ахметов «Әке бейнесінің тарих сахнасындағы орны» жөнінде көпшілікке өз ойын білдірді.
Форум барысында аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздарының орындауында «Әке туралы жыр», «Әке», «Жаным әке» «Менің әкем ең жақсы адам» әндері орындалды.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz