22.12.2020, 15:53
Оқылды: 29

Әке ізін жалғаған...

Жақында ҚР Тәуелсіздігіне 29 жыл толу қарсаңында бірқатар аудандық полиция қызметкерлері БҚО полиция департаментінің алғыс хаттары мен мақтау қағаздарына ие болды. Солардың бірі – аудандық тергеу бөлімінің анықтаушысы, полиция лейтенанты Жәрдем Ирменов.

жәрдем11

Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылында өсіп-өнген Жәрдем бала кезінен заң саласы қызметкері болуға ынталы болды. Оған асқар тау әкесі Мағзомның 18 жыл полиция бөлімінде абыройлы қызмет етуі себеп болғаны анық. Полиция капитаны болған әкесінің әр ісі, мінез-құлқы күш беріп, арманға жетуіне ықпал етті. Алғыр, шапшаң, пысық, құжаттармен жұмыс жасауда сауатты әкеден үлгі-өнеге ала отырып, аяулы жанға еліктеді. Әке мақтаған ұл болуға тырысты. Мағзом ағай көп жыл жергілікті учаскелік инспектор қызметін атқарған еді. Денсаулығына байланысты өзге салаға ауысса да, әкеден алған өнегесі ерекше.

Ерте жастан ішкі істер бөлімі қызметін жете түсінген бозбала алдында мектеп бітірген кезде үлкен мақсат тұрды. Ол – заң саласы маманы болу еді. БҚО инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану факультеті негізінде тәмамдаған кейіпкеріміз алғашында бағытын Семей қаласындағы жоғары милиция мектебіне баруға бұрып, құжат жинағанымен, отбасылық жағдайларға байланысты бара алмай қалған болатын. Бірақ өз жүрек қалауымен заң саласында маманданды. 2011 жылы Бөкей ордасы ауданында екі жыл қызмет етті. Одан кейін Орал қаласында сот орындаушысы міндетін атқарды. Тасқала аудандық кітапханасында бес жыл заңгер болуы да оның өз мамандығына деген үлкен құрмет пен уақыт шыңдаған тәжірибе жинаған кездері болды. Тергеуші болған кезі де талай қылмыстың тұзақталуына түрткі болғаны анық. Дегенмен, Жәрдем тергеуші болып тәжірибе жинаған кездерінде ең ауыры көлік апаты кезінде болған жол-көлік оқиғаларын тергеудің қиын екенін айтады.

жәрдем 10

- Әртүрлі тағдыр. Мүлт кетуге болмайды. Кәсібилігің сараланар сәт. Өтіп кеткен нәрсені қалыпқа келтіру қиын, - дейді Жәрдем Мағзомұлы.

Жол бойында қансырап жатқан жолаушы. Кейде тіпті о дүниеге тіл тартпай кететін тағдыр иелерін көру қандай қиын десеңші?! Былай қарасаң, объективті түрде кінәлі адам жоқ. Бірақ тергеуші әр істің бүге-шегесіне дейін зерттеуі тиіс. Ешкім жазықсыз жапа шекпеуі тиіс. Тергеуші қызметінің қиындығы да сонда.

Өз мамандығына деген құрметтің жоғары болуынан ба, Ж.Ирменовтің еңбекте жетістігі де жоқ емес. БҚО полиция департаментінің бастығы М.Аблазимовтың Құрмет грамотасын алса, биыл Тәуелсіздік күні «Үздік полиция қызметкері» аталымына ие болып, мәртебесі бір көтерілді.

Бүгінде полиция лейтенанты ұйыған отбасының арқасүйер тірегі. Сүйікті жұбайы Әсел Шакенова тіл маманы мен заңгер мамандығын иеленген қос диплом иесі. Жас отбасында егіз қызғалдақтары Ақерке, Жанерке мен ұлы Әмір өсіп келеді. Тарихи кітаптарды оқып, деректі фильмдерді қарағанды ұнататын Жәрдем ертеңіне сенімді. Сол себепті әке ізін жалғаған кейіпкеріміз ертеңге батыл қадам басып келеді.

Т.Тек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале