13.10.2023, 12:00
Оқылды: 119

Әке жолын жалғаған орманшылар

15 қазан– Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы орман, тоғай алқаптарын сақтап қалу өңіріміздің экологиясын жақсарту мен жануарлар әлемін сақтауға тікелей әсер етеді. Орман алқаптарын қорғау мен оны өсіру, күтіп-баптау қызметі оңай емес. Бұл жұмысты орманшылардың абыроймен атқарып жүргенін атап өткен жөн. Бұрын сала қызметкерлері негізінен орманды қорғау және бақылау бағытында жұмыстанса, соңғы кездері орманды күту, қалпына келтіру, мелиорация шараларына да аса мән бере бастапты. Өңіріміздің орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласында ұзақ жылдар білдей бір әулеттің қызмет жасап жүргенін біреу білсе, біреу білмес. Алдағы Орманшылар күні қарсаңында мақаламызға арқау болған Қадешовтар әулеті туралы жазуды жөн санадық.

Батыс Қазақстан өңірінде былтыр ашылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі құрамына «Кирсанов», «Жалтыркөл» табиғи қаумалдары енген болатын. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кіретін «Кирсанов» орманы шаруашылығында мемлекеттік инспектор қызметін атқарып келе жатқан Төлеу Темірғалиұлы Қадешовпен танысудың сәті түсті. Кейіпкерімізді «Кирсанов» табиғи қаумалына арнайы іздеп бардық. Мінезі де табиғатпен біте қайнасқан, адамды бірден баурап алатын аңқылдаған азамат әңгімешіл екен.

20230929122945_IMG_5384

- Орман шаруашылығы мамандығын таңдауымызға әкеміз Темірғалидың берген тәрбиесі мен тәлімі мол. Әкеміздің өзі 1956-1992 жылдары бұрынғы Чапаев ауданы, қазіргі Теректі ауданындағы Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне қарасты «Октябрь» орманшылығында 36 жыл орман күзетшісі қызметін атқарды. Негізі әкеміз Бөкей орда ауданының тумасы. Кезінде туған ауылдары әскери зона аймағына беріліп, еріксіз Ақжайық ауданына қоныс аударған. Әкеміз Темірғали мен анамыз Кенжеғанымнан төрт ұл, екі қыз өрбідік. Бала күнімізден әкеміздің қасында жүріп туған жерімізді сүйіп, табиғатты аялауды үйрендік. Еңбекқор әке біздерді орман шаруашылығына баулап өсірді. Әкеміздің берген тәлім-тәрбиесінің арқасында өзінен тараған ұл-қыздары болашақ мамандықтарын таңдады, деп әңгімесін бастады.

20230929122628_IMG_5374

Расында кейіпкеріміз Төлеу Темірғалиұлының айтуынша, Қадешовтар отбасында әке жолын қуған төрт ұлы мен кіші қызы осы орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласында қызмет атқарып жүр. Әулеттің үлкен ұлы Мұрат орман шаруашылығында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан. Мұрат Қадешов 1977 жылы Алматы қаласындағы «Еңбек Қызыл ту» иегері ауыл шаруашылық институтына орман шаруашылығы мамандығына оқуға түсіп, 1981 бітірген. Жас маман еңбек жолын әкесі қызмет жасаған «Октябрь» орманшылығында орман шебері қызметінен бастаған. Орман шаруашылығына 40 жыл өмірін арнаған Мұрат Темірғалиұлы сол мекемеден бас орманшы лауазымында зейнетке шыққан. Бір қызығы Мұрат ағамыздың еңбек кітапшасында бір мекеменің ғана мөрі соғылған екен. Тұрақты қызмет жасаған орманшы басқа мекемеге ауыспаған. Ол оның өз мамандығына адалдығының бір дәлелі.

Әңгімесін әрмен қарай жалғаған кейіпкеріміз өзі туралы айтып берді.

- Мен де әкеміздің нұсқауымен Бөрлі техникалық колледжін техник-механик мамандығы бойынша бітірдім. 1990 жылдан бастап «Октябрь» орман шаруашылығына тракторшы мамандығына орналастым. Екі жылдан соң орман күзетшісі болып ауысып, 10 жыл жұмыс жасадым. 2002 жылы бас орманшы қызметіне тағайындалдым. Содан осы лауазымда тапжылмай 12 жыл жұмыс істедім. Тек 2014 жылы отбасылық жағдайыма байланысты Орал қаласына көшіп, «Үстірт» мемлекеттік қорығының қарамағындағы «Кирсанов» табиғи қаумалына ауыстым. Қазіргі күнде «Кирсанов» табиғи қаумалы жаңадан құрылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының қарамағына енді. Жалпы алғанда орман шаруашылығы саласында қызмет жасап жүргеніме 33 жылдан асты. Жолдасым Аглен екеуміз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, немере-жиен сүйіп отырмыз.

IMG_20231001_094517

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Қадешовтар әулетінің үшінші ұлы Жігер де Бөрлі техникалық колледжінің орман шаруашылығы бөлімінде оқып шығып, бүгінде әкесінің ізі қалған «Октябрь» орман шаруашылығында орман шебері болып қызмет атқарады. Тамырын тереңге жайған әулеттің қыздары арасынан Балғаным Қадешова да Ресейдің Орынбор облысы Бузулук қаласында Орман шаруашылығы саласының есепшісі мамандығы бойынша білім алып, сол жақта үш жыл, кейін «Октябрь» орман шаруашылығында қызмет жасаған. Балғаным апамыздың жолдасы Валерий да орман шаруашылығы саласында қызметте.

Ал енді әулеттің атакәсібін жалғаған Қайрат Темірғалиұлын танымайтындар жоқтың қасы. Алматы ауыл шаруашылық институтын орман инженері мамандығы бойынша тәмамдап, Шыңғырлау ауданында орманшының көмекшісінен бастап, кейін Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесіне директордың орынбасары, Батыс Қазақстан орман және жануарлар дүниесін қорғау басқармасында бөлім басшысы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы лауазымына дейін көтерілген азамат. Күні бүгінде облысымызда орманға, жануарлар дүниесіне қатысты мәселе болса, Қайрат Темірғалиұлы қалыс қалмай, әр істің басында жүреді.

20230929124435_IMG_5405

Төлеу Темірғалиұлы жұмыс жасайтын «Кирсанов» мемлекеттік қаумалы аумағын да аралап, орманның сұлулығына тамсандық. Кейіпкеріміз әңгімесін әрмен қарай жалғады.

IMG_20231001_094946 — копия

Фотода сол жақта бірінші тұрған Темірғали Қадешов

– Біздің әкеміздің Батыс өңіріндегі орман шаруашылығына қосқан үлесі мол. Әсіресе, табиғатты қорғауға, өзі қызмет жасаған орман алқаптарының ұлғаюына, таза болуына, өрттен сақтауға аянбай жұмыс жасады. Әкеміздің сол кездегі атқарған жұмысының барлығы көз алдымызда. Ерте жасымыздан еңбекке баулыды. Оның сол уақыттағы атқарған жұмысына тоқталсақ, орманды, ондағы жануарлар әлемін сақтау үшін бағытталған іс-шаралар жоспары болатын. Сақтау, қалпына келтіру, өртке қарсы және биотехникалық шаралар. Әкемізбен бірге жүріп біз осы шаралардың бәріне де атсалыстық. Көктем айларында орманда сарықанат көбелек (непарный шелкопряд) ағаштарға жұмыртқа салып, құрттары зиян келтіреді. Осы кезде біз бала босақ та, орманшылармен бірге ағаштарды дәрілеп, көмектесетін едік. Сол уақытта орманшыларға қолдан жасалған 50-60 шақты құс ұясы таратылатын. Сол ұяларды ағаштың басына шығып, орнатуға қолұшын береміз. Мұнымен қоса әкеміз бастаған орманшылар орман ішін қоқыстан тазартып, арнайы белгілерді жаңартатын. Содан кейін орман қалпына келтірілетін. Орман ішіне тал-теректер егілетін. Біз де қалыс қалмай, тал егуге жұмыламыз. Өртке қарсы жұмыс да өз уақытында қолға алынды. Ал биотехникалық жұмысқа келсек, күз-қыс айларында ормандағы аң-құсты сақтау үшін жем-шөп шашылатын еді. Осы жұмыстың бәрінің басында әкеміз өзі жүретін. Осындай еңбекке тәрбиелеп өсірген, мамандық таңдауда бағыт-бағдар берген әкемізге біз өмір бақи қарыздармыз. Әкеміздің ұстатып кеткен таяғын қолымыздан түсірмей, барынша биік көтеріп келеміз. Өкінішке орай, әкеміз балаларының өзінің сүйікті ісін жалғап, жетістікке жеткенін дұрыс көре алмады, - деп мұңайды Төлеу ағамыз.

- Халқымыздың біраз нақыл сөз бар. «Білгенге маржан, білмегенге арзан», «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» дегендей, халқымыздан сұрарым: - Табиғат – біздің байлығымыз, болашағымыз. Сол үшін бәріміз бірдей атсалысып, ынтымақтық танытып, табиғатты қорғап, аялай білейік! - деп түйіндеді әңгімесін Төлеу Темірғалиұлы.

Қайрат Жақып,

 «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи

резерватының баспасөз қызметі,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале