Кеше Сырым ауданында Әкелер мерекесіне орай «Әке – отбасы тірегі» атты іс-шара өтті.

С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейде өткен кездесуге қоғамдық қызметте қадірлі тұлға, өз жанұясында аяулы әке болып жүрген азаматтаи шақырылды. Олардың қатарында белгілі журналист Мүсірбек Айташев, танымал әнші Мұқанбет Мамықов, Болат Райымов, Әжібек Сағитов, Азамат Бақтығалиевтер сонымен бірге Сырым Ажғалиев, Мәди Қайыров сынды көпбалалы жас әкелер болды.
- Ата-ана әрбір адамның баға жетпес байлығы. Халқымыздың ұғымында ата-ана алдындағы парызын өтеуі-ана сүтін ақтау деп аталса, әкеге бағыну-тәңірге бағыну деп әкенің рөлін одан бетер дәріптелген. Мемлекет басшысының Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен қазақстандықтардың күнтізбесіне ресми түрде қос мереке қосылды. Мамыр айындағы аналар мерекесімен бірге енді маусым айының үшінші жексенбісін әкелер күні белгіледі. Асқар тау, асқақ азаматтар, бар болғандарыңыз үшін рахмет! - деді музей директоры, шара тізгіншісі Айнагүл Ойшыбай.
Кездесуге Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаев арнайы қатысты.
Сырым аудандық отбасын қолдау орталығының басшысы Ақкүміс Мұрадымованың айтуынша, әкелер күнінің белгіленуі – жанұялық құндылықты нығайта түседі. Сырым ауданының отбасын қолдау орталығына қиын өмірлік жағдайда жүрген ауыл тұрғындарының жиі көтеретін мәселелеріне талдау жасағанда, отбасыларға қамқор, еңбекқор, парасатты әкелердің жетіспейтіні байқалады екен. Балалардың бақыты үшін өмір жүгін қыңқ демей көтеріп жүрген азаматтар құрметке лайық.
Кездесуді «Демалыс орталығы» МКҚК әншілері әнмен әсемдеді.
Б. Шерім
Сырым ауданы