25.05.2023, 11:30
Оқылды: 41

«Әкеден ұл боп тусаң да, халқыңның ұлы болдың сен»

Аймағымызда жауапты лауазымдарда болған, Ақжайық ауданын алты жыл басқарған «Құрмет» орденінің иегері Абай Иманғалиевты еске алуға арналып, аудандық кітапханада осындай тақырыппен естелікке толы кеш өтті.

IMG_0072

Шараға аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, Абай Сәтиұлының жары Орынтай Махмұдқызы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Табылғали Сапаров, БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов, «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының басшысы Айдар Батырханов, еңбек ардагерлері қатысты.

Аудан әкімі Қ.Айтмұхамбетов жиналғандар алдында А.С.Иманғалиевтың халқына адал қызметі, жұртымыздың игілігіне арнаған бастамалары, рухани құндылықтарды әспеттеудегі өнегесі жайында әңгімеледі.

– Ат үстінен түспей, ел басқару, жұртшылықты игі іске бағыттап, ауыл-елді көркейту жолында еңбек ету оңай жұмыс емес. Осы міндеттерге, өмірлік мақсатына көзінің тірісінде адал болып, соның арқасында дүйім жұрттың алғысына бөленіп, абырой биігіне  көтерілген Абай Сәтиұлындай азаматтар бүгінде сирек. Арамызда отырғандардың басым бөлігі – сол ардақты тұлғаның мемлекеттік қызметте қолдауын көрген, бірге жұмыстас болған жандар. Сондықтан ол көптің жадында  бірінші кезекте басшы, екіншіден ақылман аға ретінде сақталғаны анық, - деді аудан басшысы.

Осы кеште көрсетілген бейнефильмде Абай Сәтиұлының ғұмыр белестері баяндалды. Ел басқарған азаматпен үзеңгілес қызмет еткен Табылғали Сапаров, Ғайса Қапақов, Айдар Батырханов, «Батыс-Analytics» орталығының жетекшісі Қайдар Қапанов мемлекеттік қызметте ерекше мектеп қалыптастырған жақсы адамның елге сіңірген еңбегінің бір парасын, кез келген жанның бойынан табыла бермейтін тектілігін еске түсірді.

Еңбек ардагерлері Дәулетжан Жақсыбаев, Ғиззат Ихсан, Меңзипа Жұматова, Тілес Жазықбай, Роза Хасанқызы үлкен ауданымызды басқарған алты жылда ауылдар шежіресіне қатысты бірнеше кітап шығаруға тікелей ұйытқы болғанын, әйгілі ақын Жұбан Молдағалиевты рухын жаңғыртуда айтулы істерді тындырғанын ерекше тебіреніспен айтып берді.

Еске алу шарасының соңында Орынтай Махмұдқызы азаматын жадынан шығармаған ақжайықтықтарға ақжарма алғысын арнады.

Мәдениет қызметкерлері, көркемөнерпаздар ардақты азаматтың сүйіп орындайтын әндерін әуелетіп, жиналғандардың көңіліне жылылық пен сағыныш ұялатты.

Әсел Сағын,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале