26.03.2024, 15:45
Оқылды: 11

Әкелер күні бар екенін білесіз бе?

Ана мен әке егіз ұғым. Оларды бөліп, бір бірінсіз елестету мүмкін емес. Анаға қандай құрмет көрсетсек, әкеге де сондай ықылыс танытуымыз керек. Елімізде өткен жылы 18 маусым Әкелер күні болып бекітілді. Әрине, отбасының тірегі мен асқар тауын атаулы күнсіз де жақсы көріп, тәу ететініміз түсінікті. Бірақ кейде осындай арнаулы күннің болғаны да дұрыс па деп ойлап қаласың. Бұл екінші жағынан отбасын нығайтуға, рухани құндылықтардың маңызын тереңдетуге де ықпал ете алар еді.

father-656734_1280

Фото: pixabay.com

Расы керек, әкелеріміздің отбасындағы рөлі мен орнын біздің халқымыздан артық ешкім білмесе керек. Біздің санамызда әке бәрін де шеше алатын, қай тығырықтан да шығар жол таба білетін, болмайтынды болдыратын ерекше тұлға ретінде қалыптасып қалған. Әкенің бір ауыз батасынсыз іс басталмай, бір түйінді шешімінсіз отбасы мүшелері қыбыр етпейтіні қалыптасқан және жазылмаған заң іспеттес. Бұл дәстүр дейміз бе, отбасылық қағида дейміз бе әлі де сақталып қалған жанұялар жетерлік.

 Дей тұрғанмен осы әкенің беделі, әкенің рөлі соңғы кездері жиі тақырыптың өзегі болып келе жатқаны да жасырын емес. Әкенің беделі мен абыройының құлдырауына не себеп деген сұрақтар алдыңнан шығады.

 Өткенге көз жүгіртсек, кезінде әкелердің бір минөт бос уақыты болмайтын. Ала таңнан қараңғы түскенге дейін дала жұмысында жүретін әкелерінің бет жүзін көрмей, апталап сағынатын балалық дәурен кім-кімнің де жадында бар шығар. Тіпті ауылдағы кеңседе жұмыс істейтін әкелердің де мұрындарынан шаншылып, үкіметтің тапсырмасын орындау жолында үйге, балаларға қарауға уақыты бола бермейтін. Мұндайда ана үйдің барлық тіршілігін өз мойнына алғаны аздай, көлденең келген көп мәселені ерлерінің бастарын қатырмай өздері шеше салатын. Қисынсыз сұрақтармен азамттарының басын ауыртып, жүйкесіне тие бермей, олардың үйге келгенде демалуына жағдай жасау, тіпті балаларды «әкең демалсын» деп дыбысын шығартпау, «әкең біледі, әкең не айтар екен» деп түпкі шешімді әке уәжіне салу ерлерге деген отбасындағы сыйластықты қалыптастырудың басы болатын. Еңбекқор, аз сөйлеп, көп тындыратын әкелердің беделі осыдан да көрінсе керек. Сол қалыптасқан дәстүрге сонау өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қайта құру сызат түсірді. Гүлденген шаруашылықтар ыдырады, үлкен-үлкен зауыт-фабрикалар жабылды, үлкен үлкен өндірімс орындары тоқтап, жұртшылық жұмыссыздықтың қамытын киді. Отбасының тірегі болған әкелер әп сәтте жұмыссыздардың қатарын толтырды. Осы кезде әйелдер өздерінің қайраттылығын, «қырық жаны» бар екендігін, тез шешім қабылдағыш қасиеттерімен танылып, отбасын шын мәнісінде таршылықтан, қаржы тапшылығынан құтқара білді. Ала сөмке арқалаған аналарымыздың сол кездегі бейнелерін көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Осындай кезде кейбір отбасыларындағы әлсіз принциптер осы сәтте анық көрініс бергені де рас. Яғни, отбасындағы ананың рөлі мен беделі артып, әкелер қолынан ештеңе келмейтін ынжық, әлжуаз ретінде көрінді. Енді бала тек анамен санасып, соның айтқанын заң көре бастады. Өйткені үйдің асыраушысы әйел болды. Қайсыбір ақылды отаналар қайдан, қалай қаражат тапса да ерлерінің абыройына нұқсан келтірмеу жағын қараса, қайсыбір әйелдер өздерін ерлерінен биік көрді, отбасылық ресурстарды жасақтаудың бірден бір көзі ретінде өзін ғана мансұқтады. Бұл сол кездегі заман шындығы болатын. Сол кезден бері әкеге деген шексіз сыйластық, оның абыройы бәрінен де жоғары тұру, әке қай кезде де әке болып қалуы керек сынды қағидаларға қылау түскен кезең бірталайға созылды.

Отбасындағы осындай халқымыздың неше ғасыр қалыптасқан дәстүрін берік ету, гендерлік саясат қаншама қоғамда насихатталып жатса да әкенің де рөлі ешкімнен кем түспейтіндігін бүгінгі ұрпақтың санасына жастайынан сіңіру қоғамның басты мәселесі болып алға шықты. Шүкір, қазір егемендік алған елімізде іздеген адамға жұмыс та бар, өз кәсібін ашам дегенге түрлі қолдаулар да жеткілікті. Тек өзінің ынтасы мен анық мақсаты бар ер-азаматтар осыны қалт жібермей, өздерінің бар мүмкіндіктерін көрсетуге бел шешіп кірісіп кетті. Отбасылық бизнес, жеке кәсіп ашу, өзін өзі қайта оқуға, ізденуге бағыттау ерлердің де қолынан келетін дүние екендігі талай мәрте дәлелденді. Сайын далаға мыңғыртып мал бағып, егін егіп, шөп шапқан байырғы әкелеріміздің келбеті көз алдымызда қайтадан көрініс тауып жатты. Қоғамның қай саласына болмасын әкелер дендеп енді. Отбасындағы табыс көзін молайтушылардың қатарында енді әкелер де тең тұрды. Бұл отбасылық институтты дамытудың нағыз үлгісі еді. Қазіргі кезде кейбір психолог мамандар әкенің рөлін көтеру үшін оның қандай жұмыс істегені маңызды деп те айтады. Шын мәнісінде олай емес, ер азамат қандай жұмыс істесе де, қанша тапса да әйтеуір үйде екі қолын қусырып, масыл болудан арылғанының өзі үлкен жетістік.

Бұл мейрам әкелердің де әманда шынайы сүйіспеншілікке лайық екендігін, ер азаматсыз ешбір жанұяның толыққандық бола алмайтындығын, әкелерге деген шынайы сезім нағыз көрініс табатын күн ретінде атаулы күн қатарына қосылуының өзі үлкен мәртебе, әкенің бала тәрбиесіне қайта оралуға қажеттілікті тудырады деседі екіншісі.

 Облысқа белгілі коуч, психология ғылымдарының кандидаты Гүлнара Кабулова:

- Күнтізбеге Әкелер күні сияқты датаны енгізу біздің өмірімізде кәсіби және мемлекеттік мерекелерден бөлек өзекті салаларға назар аударуды көрсетеді. Әрі мұндай мерекелердің аналар күнімен қатар енгізілуі отбасы психологиясы тұрғысынан өте қызықты. Бұған дейін отбасында фукционалдық міндеттер нақты болды. Отбасында ер адам экономикалық функцияға, ал әйел әлеуметік, экономикалық, мәдени ерекшеліктеріне байланысты үй шаруашылығына және балаларды тәрбиелеуде жауапты еді. Қазір өркениеттің дамуымен біз әйелдердің де экономкиа жағынан үлес ала бастағанын көреміз. Сол себепті де әкелердің отбасы өмірінен тыс қалмай, керісінше, мейлінше өз үлестерінің салмағын арттыру қажеттілігі туындауда, - дейді.

Ал аудандық азаматтың хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгершісі Әлия Имашева:

 - Бұл күн ата-ананың бала тәрбиесіне, өзара қарым-қатынасын нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Бала үшін ананың ғана емес әкенің де маңызды екенін айғақтай түсер еді. Бірақ бұл дата отбасындағы ажырасу сынды фактілердің алдын алады деп айта алмас едік. Әкелер күнінің енгізілуі отбасын нығайтады немесе ажырасу санына әсер етеді деуге де болмас. Мүмкін он жылдан кейін біз әкелер күнін әдеттегідей тойлайтын болармыз. Ал ол күн Аналар күні сияқты танымал бола ма ол өте қызықты сұрақ. Жалпы бұл дұрыс қабылданған шешім, отбасы берік болса ажырасулар да сирек болады, некелік қарым-қатынас неғұрлым күшті болса соғұрлым отбасы мен балалар бақытты болады, - деген пікірін қосады.

Ал Шыңғырлау колледжінің психологі Халида Жолдыбайқызы Әкелер күнін тойлау өзге халықтарда бар дәстүр екенін айтады. Мұндай мереке әкелер мәртебесін арттыруға септігін тигізеді. Бұл күннің ресми күнтізбеге енгізілуі әкелердің отбасы өміріндегі рөлінің маңыздылығын тереңнен түйсінуге, кезіндегі біздің әкелеріміздің отбасы тізгінін ұстаудағы болмысын жандандыруға игі ісерін тигізеді деген пікірін қосады.

Маманның айтуынша, қазіргі күні әкелердің отбасы өміріне ден қойғанын көруге болады. Балаларымен серуендеп, ойнатып, танымдық жерлерге бірге баруы, пікір алмасуы жанды жадыратады. Мысалы дамыған елдерде тіпті ер адамдардың декреттік демалысқа шығуының ешбір сөкеттігі жоқ, бұл қалыпты жағдай. Өйткені әке де анамен бірдей ата-ана деген ойын жеткізді.

Шындайында бұл күн біздің әкелерімізге деген құрметіміз бен сүйіспеншілігімізді білдіруге мүмкіндік береді. Олар бізге тек қаржылай жағынан көмектесу үшін ғана қажет емес, олардың әрбір сөзі, жасаған қадамы бала үшін қаншалықты маңызды екенін түйсіндіру үшін де ерекше. Тек Әкелер күні науқандық мейрамның көлеңкесінде қалып қоймай, әр ауыл-аймақта әкелер клубы, әкелер қоғамы сынды бірлестіктер ме, ұйымдар ресми түрде құрылып, нақты жұмысын көрсете алса дұрыс. Әдетте біз әкелер форумы, әкелер фестивалі, концерт, шара деген науқандық, бір ретттік шаралармен ғана шектеліп, алға қойған мақсат орындалғандай көреміз. Расында ол күнделікті жұмыс жасап, келер ұрпақ үшін үлгі болуы тиіс.

- Менің ойымша бұл мереке әр әкеге «Мен осы қандай әкемін» деген маңызды сұрақ қоюына тамаша мүмкіндік береді. Шыны керек, соңғы кездері қайсыбір әкелер отбасы тірлігінен, ортақ құндылықтардан қол үзіп қалды. Отбасындағы ең басты табыскер өзі болғандықтан қайсыбір әкелер вахталық әдіспен ұзаққа жұмысқа кетіп ортақ қуаныштардан, ортақ мейрамдардан тыс қалып жүр. Ер адам тек асыраушы, күйеу ғана емес, әке де. Әке де бала тәрбиесіне өз үлесін қоса алады және қосуы да тиіс. Әрине бұл күнге үйренісіп кету үшін де уақыт керек болар. Бәрі де уақыттың еншісінде.

Ұлттық құндылықтарды қадірлеу, салт-дәстүрлерге ден қою бағытында тәрбиелеп келемін. Балаларым бәрі де атқа отырып, көкпарға қатысады. Садақ атып, нысана көздеу, мал сойып, мал жайлау да оларға таңсық емес. Осының бәріне баулитын әкелер. Сондықтан да әкелердің отбасына қосатын үлесі мен міндеті әрине арнайы мерекемен айшықталып жатса несі айып, - дейді үш ұл баланың әкесі Бекболат Файзуллин.

 Тірліктің күйбеңімен қай қайсымыз да әкемізге деген ең басты сөзімізді айтуға уақыт таппай жататын да кезіміз көп. Сол уақыттың дәл бүгін екенін көрсету үшін де Әкелер күні керек шығар.

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале