19.02.2025, 13:00
Оқылды: 298

«Әкем мен анам от ортасынан оралды»

Жымпиты ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Арон Қонақбаев мен Әзима Ниязғалиеваның қызы, зейнеткер ұстаз Дариға  Қонақбаевамен колледждің "Жас Сарбаз" клубының мүшелері кездесу ұйымдастырды. Дариға Аронқызы жастарды шаңырағында жылы жүзбен қарсы алып, өзінің ата-анасы туралы естеліктерді, соғыс кезіндегі ерліктері туралы баяндап, жан-жақты айтып берді.

есімдері елдің есінде

Дариға Аронқызы колледж студенттермен кездесу сұхбатында сөзін былай бастады:

–  Ел басына күн туған сағаттарда намысы бар ер азаматтар мен азаматшалар өз еркімен соғысқа аттанды. Өз еркімен соғысқа аттанғандардың қатарында менің де ардақты ата-анам Арон Қонақбаев пен Әзима Ниязғалиева да болатын. Ол кезде олар өрімдей жас, арманшыл жас жігіт пен бойжеткен қыз еді. Әкем туралы айтатын болсам, Әкем Қонақбаев Арон Қонақбайұлы 1916 жылы 1 шілдеде Жымпиты ауданы Абай совхозында (Коминтерн) дүниеге келген. Атам Қонақбай мал жайылымы бар орта шаруа болған. Әжем Залипа Сырым батыр Датұлы ұрпақтарынан тараған. Атам Қонақбайдың Махмет атты жалғыз ағасы болаған. Қонақбайдан сегіз бала тараған. Екеуі –  ұл, алтауы – қыз. Әкем Арон – ең үлкені. 1929 жылы елімізде жаппай аштық кезінде атамыздың ағасы Махмет жан сақтау үшін отбасымен Ресейге көшеді. Ал, Қонақбай атам ағасына ермей қалады. Бірақ жаппай конфискелеу кезінде бүкіл малынан айрылғаннан кейін Қонақбай атам 13 жастағы менің әкем Аронды «Махмет атаңды тауып ал», - деп жолға салып жібереді. Алайда кең байтақ Ресей жерінен әкем Махмет атасын таба алмайды. Әкем жаяулап-жалпылап, көптеген қиындықтарға кездесе отырып, Башқұрт жеріне әрең жетеді. Башқұрт жерінде Мәрия есімді кемпірдің үйінде қолбала болып, күнін көреді. Сол жерде 4 кластық білім алады. 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. 1941 жылы соғыс басталып, ұрысқа алғашқылардың бірі болып аттанады. Беларуссия жерінде 189-шы атқыштар полкінің аға сержанты, байланыс бөлімшесінің командирі болды. 1942 жылы жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ерлік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» (За отвагу) медалін алады. 1944 жылы Прибалтика жерінде Рига қаласының азат етудегі қиян-кескі ұрыста Артиллериялық полкінің байланыс торабының ұстап тұру үшін  жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде немістердің снарядынан ауыр жараланып, оң қолынан айырылады. Сөйтіп, Риганы азат етуде екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

есімдері елдің есінде 1

Менің әкем «Жаумен жан аямай арпалысқан сәтте ерлікті жасағаныңды білмей де қаласың» - деп әңгімелейтін. «Рига түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, қанға боялып жатсам да, бораған оққа қарамастан, байланысты үзбеу үшін сымды тісіммен жалғап жаттым», - дейтін. 13 жасында елден кеткен жасөспірім бала 29 жылдан соң ғана, соғыстан кейін 1945 жылы маусым айында ауылға оң қолынан айрылып оралады. Соғыстан келген әкемді атам Қонақбай жалғыз қарсы алады. Отбасының қалған мүшелері, анасы және жеті бауыры ашаршылық кезінде қаза болған екен. Ал, атам өзі тұңғыш немересі Жеңісті көрген соң, 1948 жылы дүние салады. Кеудесінде екі «Ерлігі үшін» медалі бар, бірақ бір қолы жоқ әкем менің анама (Ниязғалиева Әзима, соғыс ардагері) бір көргенде ғашық болып, 1946 жылы үйленеді. Екеуі отау құрған кезде тұрмыстағы таршылықты, соғыстан кейінгі  қиын-қыстау кезеңді бірге бастан өткөреді. Соғыстан кейінгі жылдары әкем аудандық байланыс торабында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, зейнетке шықты. 1993 жылы 10 қазанда дүниеден өтті.

есімдері елдің есінде 2

Ал, анам Әзима Ниязғалиева 1924 жылы 21 қаңтарда Жымпиты ауылының атақты ағаш шебері Ниязғали атамның отбасында дүниеге келген тұңғыш қызы. Соғыс басталғанда 17 жастағы өрімдей жас комсомол болатын. Алайда, жасын бір жасқа үлкейтіп, ауданымыздан бес қыз бірге 1942 жылы өз еріктерімен Отанын қорғауға аттанады. Әзима Қиыр Шығыста жапон милитаристерінен қару-жарақ сақтайтын қойманы күзетуде болып, қар төсеніп, мұз жастанып, 1945 жылы майдангер құрбысы Үмбетова Мүслима екеуі аман-есен елге оралады. Елге оралғасын тұрмыс құрады. Әкем екеуі сегіз бала тәрбиелеп, ардақты ата-ана болды. 166-кәсіптік техникалық (қазіргі атауы Сырым колледжі) училищеде ұзақ жылдар оқушылар тәрбиелеуде өзінің мол тәжірибесін жұмсап аянбай еңбек етті. Сарғайған газет беттеріндегі фото суреттерге үңілсем, менің ата-анамның майдандағы ерліктері, бейбіт өмірдегі жемісті еңбектері көптеп жазылған екен. Жеңістің атаулы даталарында берілген орден медальдары, жасаған ерліктері, оқушылармен кездесулері, олардың жүріп өткен өмір жолдарының кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Сұрапыл соғыс бізден алыстаған сайын бүгінгі бейбіт өмірімізді, ашық аспанымызды, туған жерімізді, қасық қаны қалғанша қорғаған майдандангерлер есімі санамызда жарқырай түсіп, жүрегімізде мәңгі сақталмақ "- деп, Дариға Қонақбаева әңгімесін тебірене аяқтады.

есімдері елдің есінде 3

Кездесуге Сырым ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы А.Жансейтов, колледждің АӘД пәнінің оқытушысы Т.Исатаев та қатысты. Жеңісті жақындатқан әрбір майдангердің Жеңісі, бейбітшілік үшін күрескен әрбір күні, болашақ үшін жанын пида еткен- ерліктері, келешек ұрпаққа өнеге. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміздің есімдері ел есінде мәңгі сақталады!

Әли Набиолла,

Сырым коллдежінің 3 курс студенті,

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале