14.10.2021, 14:49
Оқылды: 50

Әкемді ойлап толғанамын

Сұрапыл соғыс адам баласына оңай тимегені анық. Отбасынан алыстап Отан қорғауға аттанған майдангерлер қаншама. Қасық қаны қалғанша бір қадам артқа шегінбей жауға тойтарыс берудегі майдангерлердің ерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар ешқашан ұмытылмайды. Сондай соғыс ардагерлерінің бірі Мұрат Аюпов. Ол сонау 1921 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы №10 ауылда дүниеге келген.

15

«1932 жылдан бастап Тасқала ауданына қарасты Қазақстан ауылдық округіне көшіп келіп, өмірінің соңына дейін сол ауылды мекен етті. Осы совхозда оқып жетінші сыныпты бітірген әкем, артынан Чапаев ауданындағы оқуға түсіп зоотехник мамандығын алып шығады. Сол жақтан 1941 жылдың 1 наурызында әскер қатарына алынып, әрі қарай Ұлы Отан соғысына аттанады. Сұрапыл соғысқа барлаушы болып кірген әкеміз бірнеше ордендер мен медальдардың иегері атанады. Сол майдан даласында қолынан жараланып та қалыпты. Содан 1946 жылы елге оралып, ел қатарлы қызмет жасайды. Сохвоздың дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандардың бірі. Алған мамандығы бойынша зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарып, отбасының тірегі бола білді. Өмірінің соңғы жылдарында денсаулығына байланысты бригадада есепші болып қызмет атқарды. 1984 жылдың желтоқсан айында 63 жасында дүниеден озды. Артында қалған бір ұл мен екі қыздан өрбіген немере-жиендері бар. Менде қазіргі таңда ата болдым. Атамекен ауылында балалық шағымыз қалды. Әкемізден көргеніміз көп. Тәлім-тәрбиесін алдық. Соғыс ардагері ретінде әкемді мектепке шақырып тұратын еді. Оқушылардың алдында майдандағы қиындықтарын айтып естеліктерімен бөлісетін. Ордендарын жиыстырып, үйімізге іліп қойдық. Үлкен балам Ақылбек әкемнің қолында өсіп ер жетті. Бауырына басып мектепке өзі апаратын еді. Сабақ өтіп жатқан кезде немересін күтіп отыратын. Кішкентай кезінде Ақылбек атасын сәл көрмей қалса, тұрып кете беретін көрінеді. Сосын мұғалімі айтыпты: «Ата есікті аздап ашып қояйын сіз кетпеңіз» деп. Сөйтіп атасының бауырында өскен бала бұл. Жалпы «Қарты бар үй қазына» деп бекер айтпаған-ау. Әкеміз бар да басқаша болатын. Қазіргі таңда аталарыңыз майдангер болған деп ұрпақтарыма айтып отырамын,- дейді соғыс ардагерінің ұлы Талап Аюпов.

18

Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Соғыс ардагерлерінің көзсіз ерліктерінің арқасында өз Отанымызда өмір сүріп келеміз. Алдағы уақытта да енді қайтіп соғыс болмасын.

Әсет Баян

Тасқала ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале