26.09.2022, 12:15
Оқылды: 171

Әкесінен үлгі алған

Әліп Көшербаев – өз ауылы Шағатайда сыйлы азамат.

Туған жерінен қара үзбей, бақытын да, берекесін де атамекенінен тапқан Әліп Лұқпанұлы – еңбекпен шынығып өскен жан.

9

Әкесі Лұқпан Көшербаев кезінде берісі Қазақстан, әрісі Кеңес Одағына танылған Чапаев асыл тұқымды мал зауытында ферма меңгерушісі болған. Ұлын қаршадайынан қасына ертіп жүріп, шаруашылық жұмыстарға үйреткен.

«Балаңды аясаң, аяма» деген тәрбиелеу қағидатын ұстанған әке ұлын жасында мал қайыру, су тасу сияқты үй жұмысына қосты. Өсе келе тек үй шаруасына ғана емес, үлкен шаруашылықтардың науқандық жұмыстарына салды.

- Әкем ұрып-соғып немесе зекіп жұмсаған емес. Өз үлгісімен еңбекке баулыды. Ерте кетіп, кеш келетін әкем жұмыстың қандайы болса да икемді еді. Мені де 16 жасымда үлкендермен бірге пішен шабуға, жер жыртуға жіберді. Ол кезде пішен шабатын қондырғы тракторға тіркеледі. Сол тіркемеге бір адам отырып, шабылған шөп толған кезде тісін көтеріп қояды. Ал жер жырту кезінде ауысыммен, күні-түні жұмыс жасаймыз. Шаңнан тек тісіміз ғана ағарып көрінетін. Жаздай далада жүріп, трактор айдау, шөмелелеу үйрендім. Әкем болса, «Балам, үйренгенің өзіңе жақсы» деп, қайрап қоятын. Сөйтіп жүріп ержеттік, - деп еске алады ол балалық шағын.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген, бала Әліп жігіт Әліп болғанда да еңбектен қол үзген емес. Шындығын айтсақ, «еңбек демалысы» дегенді білмеген де екен. Қысты көктем, көктемді жаз алмастырған сайын өзі еңбек жолын бастаған Чапаев асыл тұқымды мал зауытының науқандық жұмыстарын тиянақты атқарды.

Еңбекқор жігіт өзіне сай жар тапты. Бір ауылда өсіп, бір сыныпта бірге оқыған мұғалім қызбен отбасын құрып, ұл да, қыз да сүйді. Әкесі Лұқпаннан алған тәрбиені ол ұрпағына жеткізді.

Жұбайы Майра Бақтыгерейқызымен бірге үш ұл, бір қыз өсіріп, ел-жұртына «Әлеке» атанған ол – бүгінде өз шаруашылығын қалыптастырған азамат. Маңдай тер, адал еңбегімен аяғынан тұрғызған «Ораз-Әлі» кәсіпкерлігі біреуге шағын көрінгенімен, бір әулетке айналған отбасының нәпақасын айыруға жетіп тұр.

- Қазір жасым алпысқа толып, қарасақал ата болдым. Бейнеттің зейнетін көрер жасқа жеттік. Дегенмен, қартайдым деп жантайып жату ойымда жоқ. Зейнет демалысына жеттім деп жұмыс жасауды тоқтатуды елестете де алмаймын. Өз шаруашылығымыз болған соң, таңмен ерте тұрып іске кірісеміз. Егіз ұлдар Оразбек пен Оразәлі  өз жолымды ұстап, ауылда қалды. Үлкені Манарбек – анасының әріптесі, мұғалім. Дегенмен жазғы демалысында ауылға келіп, шөп шабуға шығады. Балаларымды жастайынан еңбекке үйреткенімнің рахатын көріп жүрмін, - деген Әліп Лұқпанұлы Еңбек күні мерекесі туралы өз ойын айтты.

- Еңбек күнінің мереке ретінде аталып өтілуі өте орынды. Қазір баламызды оқытамыз. Жастардың білімді болғаны жақсы. Тек жастар арнайы оқу орнын бітіре салып, шаң тимейтін, үстел басындағы жұмысқа жайғасқысы келеді. Әрине, жақсы талпыныс. Дегенмен  бәрі басшы болса, жұмысшы болар адам таппай қалмаймыз ба? Шындығын айтайын, бүгінде жастар ауылда қалуға құлықсыз. Оған ата-аналар өзіміз себепкерміз. «Қатарыңнан қалма, қалаға бар» дейміз. Ал қалада оған  жұмыс бола ма, болмай ма?.. Сөйтіп, қалада екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар санын көбейтіп келеміз. Осылай кете берсе, ауылда тек кәрі-құртаң қалу қаупі бар. Ауылда қарулы жас жұмыс қолы жетіспейді. Механизатор, дәнекерлеушілер керек. Тіпті малшы іздеп таппайтын жағдайға жеттік. Сондықтан еңбек адамының қадірін көтеретін, жұмысшылар әулетін мадақтайтын мереке керек, - дейді ол.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале