Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев Қырғызстан республикасы Шолпан-ата қаласында қол күресінен өткен Азия чемпионатыда алтын медаль иеленген Ержан Ерболат пен оның жаттықтырушысы Нұрхат Нысановпен кездесті.
Аудан басшысы Ержанды жеңісімен құттықтап, алдағы күндеріне сәттілік тіледі. Кездесу барысында Жанат Асылханұлы спортшыларға қолдау көрсетіп, қол күресіне арналған спорттық құралдарды жаңартуға тапсырма берді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрхат Есенжанұлына шәкірт тәрбиелеудегі жетістіктері үшін алғыс білдірді.
Осыған дейін де бірнеше байрақты бәсекеде жеңісті қанжығасына байлап жүрген Ержан Ерболатұлы Мұхит атындағы орта мектептің 11-сыныбын аяқтауда. Небәрі он жетідегі бозбаланың төккен тері, еткен еңбегі еш кетпеді. Ержанның ендігі мақсаты қазан айында Польша республикасында өтетін әлем чемпионатын бағындыру.
Жеңімпаз аудан басшылығы тарапынан арнайы сыйға да ие болды.
Ажаргүл Әлиева,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер