Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық мәслихаттың жаңадан сайланған депутаттарымен кездесті. Негізгі мақсат – мәслихаттың жаңа шақырылымының бағыт – бағдарын білу, сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асыруда ортақ қызмет қылу.
Кездесуде депутаттар өздері сайланған округтер бойынша негізгі деген мәселелерді әкімнің мінбесіне шығарды. Олардың арасында, ауылдардағы жолдарды күтіп ұстау, жөндеу, жарықшам, техникалық су, электр жүйелерін жөндеу секілді күнделікті мәселелер де, Бұлдырты маңындағы Ашысай айдынына бөгет салу, Жосалыдағы А. Жұмағалиев атындағы мектепті күрделі жөндеу, Жымпитыдағы С. Сейфуллин, Абай көшелеріне, Қарасу мөлтекауданына балалар ойын алаңын салу, Өлеңтідегі Ж. Досмұхамедов атындағы мектептен халықаралық деңгейдегі өнерпаз, әнші – термеші, Батыс ән мектебінің көрнекті өкілі Қайрат Кәкімов атындағы дәстүрлі ән сыныбын ашу, Бұлан – Жамбыл бағытындағы су тарту жұмыстарының қарқынын арттыру, сапалы атқару нақты түйткілдер де бар.
11 депутат қойған сауал – мәселелер бойынша Төлеген Төреғалиев шолу жасап, маңыздылығына қарай талдап, өзектілері назарға алынатынын айтты.
Жиынды Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz