Дастан Ақмамбетов Бөрлі аудандық Приурал ауылдық округінің әкімі. Уақытпен санаспайтын мемлекеттік қызметте "бос уақыт" арманмен пара-пар екені анық. Дегенмен бұл сала толассыз ізденіс пен тоқтаусыз дамуды, білім алуды талап ететіні тағы бар. Бұл шарттарды жақсы түсінетін Приурал ауылдық округінің әкімі өзін дамытуды тоқтатқан емес. Соның ішінде кітап парақтап, ой-өрісін дамытуды құп көреді.
− Мемлекеттік қызметте жүргенде, әсіресе бұған дейін еңбек еткен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде бос уақыт табу оңай болмайтын. Дегенмен қолым босай қалса немесе үзіліске уақыт табылса кітап оқуға тырысатынмын. Соның ішінде бала күнімде оқыған кітаптарды, одан бөлек И.Калашниковтің "Жестокий век", В.Янның тарихи трилогиясын қайтадан оқып шықтым. Ал қазіргі кезде Ә.Нұршайықовтың "Махаббат қызық мол жылдар" мен "Ақиқат пен аңыз", С.Құттықадамның "Ұлтқа қызмет ету" кітаптарын оқыдым, − дейді ауыл әкімі Дастан Тілекқалиұлы.
Жалпы бүгінгі "кітапсүйер" мемлекеттік қызметші бала күнінен-ақ кітапқа деген қызығушылығымен ерекшеленген. Ауыл әкімі ең бірінші оқыған кітабы ұстазы Меңдігүл Есентаеваның ұсынған "Балақай мен шатырда тұратын Карлсон" болғанын айтты. Одан бөлек анасы Бибісара Шыңғалиеваның айтатын ертегілері де кітап оқуға деген қызығушылығын арттырған екен. Өз сөзінде Дастан Ақмамбетов Сырым ауданындағы Қазақстан ауылында кітапханашы қызмет атқарған марқұм Күлімхан Мырзағалиеваға алғысы шексіз екенін де жасырмады. Себебі сол кездегі ауыл кітапханашысы қай кезде де оқырманды қуантуға дайын болған, соның арқасында кейіпкеріміз біраз кітапты, әсіресе тарихи жанрдағы еңбектерді көп оқыған.
− Кітап оқыған адам біріншіден ана тіліміздің бай қорын жақсы меңгеріп, тіл байлығы артады. Сонымен қатар өмірге деген көзқарасы өзгереді. Жалпы кітаптың бала тәрбиесіндегі маңызы зор. Бала кітаптағы өзінің сүйікті кейіпкерлеріне еліктеп, болашақта лайықты азамат болып өсуіне жол ашады, − дейді Дастан Ақмамбетов.
Ауыл әкімі оқырмандарға оқуға кеңес беретін кітаптарды да атап өтті. Оның ішінде қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы кейіпкері болған "Ақиқат пен аңыз", бала күні оқыған М.Гумеровтың "Құпия дәптер" және Шыңғыс ханның өмірін толықтай суреттеген "Жестокий век" кітаптарын ұсынды.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz