19.07.2021, 14:32
Оқылды: 29

Әкімдер ел сенімін ақтаса дейміз

2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тапсырма берілген болатын. Осыған сәйкес ауыл тұрғындары өз әкімдерін өздері сайлауға мүмкіндік алды. Бұл Қазақстандағы тарихи оқиға деп санаймын. Болашақ әкімдерді халық сайласа, демек халықтың да әл-ауқаты артып, билік пен халық арасында сенім пайда болары анық. Өздері сайлаған ауыл әкіміне нақты талап қойып, халықтың әрбір ұсыныс, пікірлері ескеріліп, оң шешімін табатынына сенімім мол.

WhatsApp Image 2021-07-19 at 14.31.16

Қазіргі дамыған заманда қоғам сәт сайын құбылып, сағат сайын өзгеріп жатыр. Қазір ауылдардағы ең басты мәселе – шағын және орта бизнестің дами алмауы, қажетті ақпараттардың халыққа тез жетпеуі, әкім мен халық арасындағы байланыстың жоқтығы себеп болып отыр. Өз ауылын көркейткісі келген әкім осы мәселелердің шешімін тауып, жергілікті кәсіпкерлерге, халыққа қолдау көрсеткен жөн. Егер әкімдер кәсіпкерлікті дамытса, бюджеттері де молайып, ауылды көркейтуге мүмкіндігі артады. Көпбалалы аналардың мұң-мұқтажы ескеріліп, олармен де арнайы жұмыс жасаған дұрыс. Бұдан бөлек ескі, қатып қалған қағидалардан арылып, қоғамға жаңа серпін беру керек. Мәселен, қаржылық ұйымдармен келісіп, ауылдан өндіріс көзін ашу, үй салу сынды жұмыстарға жұмылдырып отырса қандай керемет?! Бірақ, тек экономика дей бермей рухани саланы да ақсатып алмау қажет. Қоғамға рухани күш беретін ақын-жазушылар, блогерлерді ауылға жиі шақырып, жастармен кездесу өткізіп тұрған абзал. Ауылдағы қарапайым еңбек адамдарын шақырып, олардың жұмыстарын ескеріп марапаттап отырса, олардың да жұмысқа ынтасы ашылады. Қорыта айтқанда, қазір көп нәрсе әкімдерге байланысты. Осыны әкімдер жете түсініп, жұмыстарын жаңаша бағытта өрбітуі тиіс деп есептеймін.

Қобыланды Сапиуллин,

Жаңақала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале