5.02.2022, 14:50
Оқылды: 75

Әкімдер есеп берді. Ел не деді?

Еліміз бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру науқаны басталды.  Бұл соңғы жылдары дәстүрге айналған үрдіс. Әкімдердің ел алдында есеп беруі атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, орындалмағандарын жедел түрде шешу үшін күш жұмылдыруға және де алдағы міндеттерді айқындап, нақтылауға мүмкіндік туғызбақ. Сондай-ақ, бұл әкімдердің іскерлігі сына­латын кезең. Сөйтіп, Казталов ауданындағы жылдағы есеп беру науқаны бас­та­лып кетті. Алғашқы әңгіме кең-байтақ ауданымыздың Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Болашақ, Қайыңды, Ақпәтер ауылдық округтерінде өткен есеп беру жиындары туралы болмақ. Халық жиындарына Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиев, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім, мекеме басшылары, округ тұрғындары қатысты.

 WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (3)

ҚАРАОБА

Ақпан айының 3 жұлдызы күні Қараоба ауылынан бастау алған есеп беру жиыны ерекше форматта өтті. Мәдениет үйіне жиналған көпшілікке ауданымызда былтырғы жылы атқарылған жұмыстарды баяндаған бейнеролик көрсетілді.

Бұрынғыдай ми қатыратын толған есеп пен адамның ішін пыстырар «шұбырған» баяндамалар жоқтың қасы. Әкімдер халықпен ашық-жарқын әңгіме өрбітіп, олардың тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Атқарушы билік пен елдің арасында кәдімгідей ашық диолог орнады. Қараоба ауылдық округінің әкімі қызметіне былтыр ғана сайланған Сәкен Ищановтың да ұпайы түгел. Елдің алдында қысылып-қымтырылмай, жинақы түрде есебін слайд арқылы баяндады. Ұйып тыңдаған тыңдарман да дән риза. Микрофонды тізгіндеген аудан басшысы да округ тұрғындарының сұрақтарына құлақ асып, пікірлерін тыңдады.

Ауылдағы сыйлы ақсақал Қайырболат Қизағалиев Қараоба ауылындағы дәрігерлік амулаторияны күрделі жөндеуден емес, қайта салу мəселесі жөнінде сауалын жолдады. Иә расымен, тозығы жетіп тұрған амбулатория ғимаратын жамап-жасқағанша жаңадан салған дұрыс секілді. Жиынға қатысқан аудандық аурухананың бас дәрігері Зейнұр Сәткеш дәрігерлік амбулаторияның бүгінгі күнде жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін және алдағы уақытта құрылыс жұмыстарына тартылатын мердігерді де анықтайтын күннің алыс емес екендігін жеткізді.

Қараоба ауылдық округінің тумасы, аудандық мәслихат депутаты Қуаныш Ермеков те қарап қалмады. Әкімдер алдына «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы іске қосылған тазарту қондырғысын жөндеу, техникалық су құбырын тарту, ауыл ішіндегі жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, округтегі елді мекендердегі электр желілері мен бағаналарының тозығы жеткендігін, интернет желісін күшейту туралы округ тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелерді көтерді.

Альберт Темірболатұлы ауыз суды тазартатын қондырғысын жөндеу үшін бірлесе жұмыс жасап, ұсыныс жасауға шақырды. Ал ауылға қажетті техникалық су құбырын тарту – пилоттық жоба ретінде облысы басшылығы алдында таныстырылғанын айтып өтті. Аудан әкімі болашақта Сарыөзеннен тартылатын техникалық су құбырын қосу арқылы бөгеттерге су айдауға, тұрғындарға бау-бақша егуге мүмкіндік туатынын тілге тиек етті. Ендігі кезекте бұл жобаға қаражат бөлінуі қажет. Сонымен бірге аудан басшысы округ орталығындағы 2,4 шақырымды құрайтын 6 көшеге қатқыл табанды жол құрылысының құжаттамасына сараптама жасалып жатқанын, аудан бойынша электр тарататын желілердің 80 пайыз тозығы жетіп, алдағы уақытта қаражат бөлінсе бұл мәселе де оңтайлы шешілетіні жөнінде айтып өтті. Округтегі интернетті күшейту үшін Қазақстан Республикасының цифрлық даму Министрлігінің арнайы сайтына әрбір тұрғын шағым жазғаны дұрыс дейді аудан әкімі.

Келелі жиында Альберт Темірболатұлы қараобалық ағайындарға ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтер құру туралы да ұсынысын білдірді.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53

ҚОШАНКӨЛ

Қошанкөлде өткен халық жиынында округ әкімі Ернар Ілиясовтың кезекті есептік слайдынан кейін жиналған көпшіліктің сауалдары тыңдалды.

Қошанкөл ауылының тұрғыны Жанболат Салыхов ауыл жанындағы сайға Сарыөзеннен техникалық су шығару мəселесі және сол жердегі электр тоғын тарататын трансформатор мен қуатты су сорғысы қою туралы ұсынысын айтты. Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі: - 2021 жылы жаңа трансформатор мен су сорғысын алуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлдік, бірақ, электрондық сатып алу порталына дұрыс мердігер түспей, қаражат қайтарылды. Биылғы жылы қайтадан қаражат бөлуге ықпал жасайық,- деді.

Округ тұрғындарының «Қарлығаш» бөбекжайы және осы ғимараттың екінші қабатында орналасқан интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары жөніндегі мәселесіне аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Жангереева жауап қатты. Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының «Жол картасы» аясындағы бес жылдық жоспарында бөбекжайдың күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылға белгіленген. Ендігі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға облыстық білім басқармасынан қаражат сұралуда. Сондай-ақ Самал Қанапияқызы интернатты бөбекжайдан бөліп алып, мектеп ғимаратына көшіру туралы ойын айтты. Интернатты мектеп ғимаратына көшіру арқылы бөбекжайға келетін бүлдіршіндердің саны артып, балаларға толық жағдай жасауға болатынын да дәлелдеп бақты білім бөлімінің басшысы.

Жиында сөз алған ауылдың жанашыр ақсақалы Меңдіхан Халықұлы Көктерек тоғайында орналасқан «Алау» балалар демалыс лагеріне типтік жобамен жатахана, яғни, жыл бойы пайдаланатын демалыс аймағын ашу жөнінде ұсынысын ортаға салды. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімі тұщымды жауап берді.

- Ауданымызда 4 балалар демалыс лагері бар. Бəрі тозығы жеткен. Барлығын дерлік қайтадан жаңалауды қажет етеді. Осыған жұмыстануымыз керек. Алдағы уақытта «Алау» лагерін техникалық бақылау жасатамыз. Қошанкөл, Қараоба ауылдарына қарай қатқыл табанды жол құрылысы басталды. Көктерек тоғайы маңынан демалыс аймағын ашу арқылы балалар туризмін дамытуға болады,- деп түйіндеді сөзін Альберт Темірболатұлы.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (1)

ТЕРЕҢКӨЛ

Тереңкөл ауыллық округінде жалғасқан жиында округ әкімі Сабыржан Ищанов 2021 жылы атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды. Әкімнің жұмысына қанағаттанған тұрғындар төмендегі сауалдарын жолдады.

Ауыз су ұңғымаларын тазарту, бөгетке техникалық су айдау, ауыл ішілік жолдарды жөндеуді жалғастыру, әкімшілік ғимарат пен медициналық пунктті күрделі жөндеуден өткізу.

Округ тұрғындарын мазалаған сұрақтарға жауап қатқан аудан әкімі Альберт Есалиев «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы іске қосылған ауыз су ұғымасын тазарту жұмыстарына былтырғы жылы тиісті қаражат бөлініп, қазған мердігер су шығара алмағанын жеткізді. - Ұңғыма дұрыс тазаланбаған. Бұл жұмысқа «ЖайықГидрология» секілді мамандандырылған мекемені тартуға қайтадан қаражат бөлу үшін аудандық мәслихат сессиясында депутаттарға ұсыныс береміз. Сіздің де тарапыңыздан ақылдасып, қаражатын есептеп, бюджеттік сұраныс жолдаңыз. Ал бөгетке техникалық су айдау – қиын мəселе. Болашақта Сарыөзеннен су айдауға жоба жасағанмен құны қымбат болуы мүмкін. Ойланып шешетін мәселе. Ауыл ішілік жолдың күрделі жөндеуін жалғастыру 2022 жылы толық бітеді. Алдағы уақытта ауыл ішіндегі жолға тағы да жоба жасаймыз. Əкімшілік ғимаратын күрделі жөндеу – бұл мәселе де болашақтың еншісінде. Барлық округтерде мұндай жағдай бар. Негізі әкімшілік ғимараттарын қайтадан салған дұрыс шығар. Медициналық пункт күрделі жөндеу келсек, алдағы уақытта техникалық қадағалау қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін облыстық денсаулық басқармасынан қаражат сұраймыз,- деді аудан басшысы.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (4)

БОЛАШАҚ

4 ақпан күні әкімдердің есеп беру жиындары жалғасын тапты.

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Болашақ ауылдық округі. Бір шеті Ресеймен, бір шеті Тасқала ауданымен шекаралас округтің бүгінгі дамуы қарқынды. Халық жиынында округ əкімі Досжан Ахметов іргелі округтің тыныс-тіршілігі туралы халық алдында баяндады.

Жиынға қатысқан аудан əкімі округ əкімінен жұмыссыздар санын жəне жұмыссыздықты қалай жоюға болатыны туралы сауалын жолдады. Бұл жерде округ əкімі ақылы қоғамдық жұмыстардан басқа мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грант алуға көмектесу, Тасқаладан бері салынып келе жатқан күре жол құрылысына жұмысқа тарту, шаруа қожалықтарына жұмысқа жіберу секілді қолдау арқылы жұмыссыздар қатарын азайтып жатқанын айтып берді. Альберт Темірболатұлы жұмыссыздықты түбегейлі жою үшін тұрғындар білімдерін жетілдіріп, кəсіп ашуға шақырды. Аудан басшысы газ операторы, күзетші жұмыстарына 50-ден асқан азаматтарды ғана алып, тепсе темір үзетін жастар ерінбей оқып, еңбек етуі керек екенін де жеткізді.

Дегенмен, халықтың көкейінде жүрген мəселелер де жоқ емес. Тұрғындар Жаңатаң ауылына ауыз су қондырғысын салу, Аққурай ауылына ұялы байланыс орнату, ауыл малын сыртқа шығарып, суы бар жерге жайылым ұйымдастыру туралы ұсыныстарын жолдады. Ал округтегі дәрігерлік амбулатория дәрігері Мейрамгүл Гарифуллина ауылда интернет желісінің нашар болуына байланысты жұмыс жасай алмайтыны туралы уәжін айтты. Бұл сауалға аудандық аурухананың бас дәрігері Зейнұр Сәткеш жауап беріп, алдағы уақытта «Қазақтелеком» АҚ-мен келіссөздер жүріп жатқанын және интернет мәселесі шешілген жағдайда округке дәрігерлік сараптама жасайтын маманды жіберуге уәде етті.

Болашақтықтарды тағы бір қинайтын мәселе – жол болып тұр. Бұл мәселеге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолы бөлімінің басшысы қуанышты жаңалығымен бөлісті. Оның айтуынша биылғы жылы Тасқала-Аққурай-Болашақ тас жолының құрылысы басталмақ. Сонымен бірге Болашақ ауылына кіреберіс 1 шақырым, Жаңатаңға дейінгі 7 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екен.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (6)

ҚАЙЫҢДЫ

Сапарымызды Қайыңдыға қарай жалғадық. Қараөзен бойында орналасқан Қайыңды ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында округ əкімі Айбол Губашев қысқаша есебін берді. «Жас келсе – іске» демекші, былтыр ғана ел тізгінін ұстаған Айбол қысқа уақыт ішінде біраз нәтижелі істерді атқарып үлгерген. Əсіресе, халықты жұмыспен қамту, кəсіпкерлікті дамыту жəне ауыл шаруашылық саласы жақсы даму үстінде.

Ауыл ақсақалы Мүнайдар Карин округте мал басының өсуіне байланысты тұрғындар мал жаятын жайылым (қызыл сызық) тарылғанын, мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу, ауыл көшелерінің жолдарын көтеріп, қара жамылғы төсеу, жолды күтіп ұстау сияқты маңызды жәйттерді әкімдердің құлағына жеткізді.

Жерге байланысты маңызды сұраққа жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Назар Аманғалиев: - Қызыл сызықты кеңейту үшін қажетті 1400 гектар жерді біз ешкімнің меншігіне бермей ұстап отырмыз. Жерді беру үшін округтің бас жоспарын жасалуы керек. Содан кейін ғана қосымша жайылым жер бөлінетін болады,-деді.

Жиында аудан әкімі Альберт Темірболатұлы ел ағасы көтерген жәйттердің әркез назарда екенін айта келіп, келесі жауабын берді. - Бақылау сараптама қорытындысы бойынша Қайыңды мəдениет үйін қайтадан салу қажет деп тапқан. Осыған орай жаңа 100 орындық ғимарат құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Болашақта Қайыңды-Ақпəтер жолын асфальттау жоспарда бар. Ал жолды күтіп ұстауға келсек, бұл жұмыстарды «СтартСервис» ЖШС ұтып алған. Күзде ұтып алып, қызметтерін дұрыс атқармай отыр. Егер, әрі қарай жолды қыру жұмыстарын дұрыс жасамаса, облысқа хат жазып, тиісті шарасын аламыз.

Қайыңдыда өткен жиын соңында ауыл тұрғындары тарапынан дəрігерлік амбулаторияға медбикелер мен ауруларды таситын арнайы жаңа көлік қажеттілігі туралы сауал тастады. Бұл мәселе де оңтайлы шешілмек. Ауданның бас дәрігері Зейнұр Жүсіпұлының айтуынша, биыл жас мамандарды жұмысқа тартып, көлік мәселесін де түбегейлі шешу жолдарын қарастырып жатыр.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (2)

АҚПӘТЕР

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы жоғары деңгейде дамыған Ақпәтер ауылдық округіне де келіп жеттік. Округ орталығы Ақпәтер ауылында өткен есеп беру жиынында округ әкімі Нұрхат Болаев былтырығы жылы атқарған жұмыстарына есеп берді.

Жиында сөз алған Кəрім Өтеғұлов ақсақал округ әкімінің жұмысына «жақсы» деген бағасын бере отырып, аудан әкімі Альберт Темірболатыұлына деген жылы лебізін жолдады. – Бүгінде ауданның барлық жетістіктеріне куəміз. Сіздің басшылығыңызбен біраз нəтижелі істер атқарылуда. Еңбегіңіз жемісті болсын!- дей келе келесі мәселелерді көтерді. Киров-Шежін каналы бойына жақын орналасқан Жаманшұбар, Қарағаш, Беркəлі қыстақтарына су айдау, Ақпəтер ауылы ішіндегі көшелердің жолдарын көтеріп асфальттау. Сонымен қатар Кәрім Тәжімағамбетұлы Жүн өңдеу кəсібін аудан орталығынан ашып, киіз үй жасау жұмысын бастауға ұсыныс жасап, ақпәтерлік ағайынды үйлерінің айналасын күтіп ұстап, тал-терек егуге шақырды.

Ақпәтер ауылының белді кәсіпкері, ел тірегі болған азамат Самат Хасанов чемпиондар шыққан ауылға Спорт кешенін салу туралы ұсыныс білдірді.

Барлық сауалдар мен ұсыныстарды мұқият тыңдаған аудан басшысы асықпай жауап қатты. - Қайыңды-Ақпәтер-Жалпақтал бағытында алдағы жылдары жол құрылысы басталады. Сол уақытқа сай ауыл ішіндегі жолға да жоба жасаймыз. Күре жол басталған кезде Асфальт заутының мүмкіндігін пайдаланып қалайық. Өзіңіз әкімдеріңізбен бірлесе ақылдасып, жобаға қажетті деген көшелерді кіргізейік. Расымен, Ақпәтер ауылынан талай мәрте әлемді мойындатқан чемпиондар шығып жатыр. Жалпы ақпәтерліктердің спортпен шұғылдануы жоғары деңгейде. Жас спортшылар салауатты өмір салтын насихаттау үшін барлық жағдай жасау біздің борышымыз. Спорт кешенін салу үшін бірінші кезекете жобасын дайындау жұмысы тұр. Жобасы дайын болса, біз жоспарымызға енгізіп, жоғары жақтан қаражат сұрауға дайынбыз,- деді Альберт Темірболатұлы.

Жиындар соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен де қабылдады.

WhatsApp Image 2022-02-05 at 11.48.53 (5)

Жаңа форматта өткен халық жиындары жалғасуда...

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале