Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен жыл сайын тұрақты түрде кездесуі жалғасуда. Аталған Жарлықта тұрғындарды әлеуметтік мәселелермен кеңінен таныстыру, жаңғыртудың негізгі бағыттарын түсіндіру және проблемаларды шешу жолдарын нақтылау міндеттелген.

Осы орайда, бүгін Мәстексай ауылдық округінің әкімі Ержан Тілепбергенов 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Кездесуге Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев арнайы қатысып, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен туралы айтып берді.
Алпамыс Жаңабайұлы мен Ержан Нағымұлының тұрғындармен есепті кездесуінде ауыл халқы тарапынан өзекті әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер мен бірқатар ұсыныстар айтылды.
Атап айтқанда, Майкөп көпірін ашу, Мұқыр ауылына апаратын жол салу, ауылішілік техникалық сумен қамту және қосымша су мұнарасын орнату мәселелері көтерілді. Сондай-ақ, Чапай–Жаңақала жолының жағдайы, жарық пен газ бағасының өсуі, көшелер мен жаңадан салынған тұрғын үйлердің айналасындағы тазалық жайы да тұрғындардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Мұқыр ауылындағы техникалық су мұнарасын Мәстексай ауылына көшіру жөнінде де ұсыныс түсті. Сонымен қатар, жеке қабылдау кезінде тұрғындар материалдық көмек, жұмысқа орналасу, апатты үйдің орнына баспана сұрау, жас маман-дәрігер үшін тұрғын үй қарастыру сынды мәселелерді ортаға салды. "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында несие рәсімдеу кезінде туындаған кедергілер жайы да көтерілді. Барлық ұсыныс-пікірлер мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, тиісті сала мамандарына тапсырылды. Жауапты мекемелер алдағы уақытта осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдарын қарастырады.

Жаңажолда тұрғындар ұсынысы тыңдалды
Жаңажол ауылдық округінде өткен есепті кездесуде округ әкімі Дәурен Мерешев 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Кездесуге аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, бөлім, мекеме басшылары қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасалды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары күнделікті тұрмысқа қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мал азығының қымбаттауы, Сарыкөл ауылына мәдениет үйінің қажеттілігі, жасөспірімдердің мотоцикл айдауы – ауыл ішіндегі тәртіпті күшейту қажеттігін көрсетеді. Сонымен бірге, Сарыкөл ауылындағы кейбір көшелердің жарықтандырылмауы да, ауылға ветеринар маман қажет екендігі де айтылды. Кездесуден кейін өткен жеке қабылдауда да әлеуметтік сипаттағы бірқатар өтініштер тіркелді. Тұрғын үй алу мәселесімен бірнеше азамат жүгінді. Оның ішінде туысына үй сұрағандар, көпбалалы ана, зейнет жасына таяған жұмыссыз тұрғын, баласына жұмыс сұраған ата-аналар болды. Сонымен қатар, жеке балабақша және балалар массажына арналған шағын бизнес ашуға ниетті тұрғындар да ұсыныстарын білдірді. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар аудан әкімінің және тиісті бөлім басшыларының бақылауына алынып, кезең-кезеңімен қаралатын болады. Есептік кездесулер – тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін көрсетті.

Жаңақазан ауылдық округінде есептік кездесу
Аудан әкімінің халықпен кездесулер кестесіне сәйкес Жаңақазан ауылдық округінде округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ақжарқын Ғаниева 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша тұрғындарға есеп берді. Кездесуге аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев қатысты.
Есептік кездесуде ауыл әкімдігінің қоғамдастық жиындарында шешілген қаражаттың игерілуі айтылды. Кездесу барысында ауыл тұрғындары ауыл тіршілігіне қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауылдағы шаруа қожалықтарына жанармайды тиімді бағамен жеткізу, мал азығы бағасының тұрақсыздығына байланысты, шөп бағасын реттеу тетіктерін қарастыру ұсынылды. Кездесуден кейін жеке қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан нақты өтініш-тілектер айтылды. Олардың қатарында Балдырған елді мекені жағындағы шаруа қожалықтарына су жеткізу қажеттілігі, шаруа қожалықтарына берілетін субсидияларға қатысты заңдылықтарды түсіндіру, жұмысқа орналасу бойынша өтініштер, оның ішінде зейнет жасына таяған азаматтардың мәселесі де болды. Кездесу қорытындысында көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныстар тіркеліп, бақылауға алынады. Ауыл тұрғындарының белсенділігі мен ауылды дамытуға бағытталған ұсыныстары әкімдік жұмысының болашақ бағытына ықпал етпек.
Сыйлыхан Жұмасалық,
Жаңаөала ауданы