15.10.2025, 16:15
Оқылды: 353

Әкімдік отырысында маңызды мәселелер талқыланды

Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Аудан үшін маңызды мәселелер қаралған жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, округ әкімдері, сондай-ақ салалық бөлім және мекеме басшылары қатысты.

IMG_1336

Жиында Казталов ауданы бойынша құрылыс жұмыстары туралы аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Айбар Серіков хабарлама жасады.
Хабарламаға қысқаша тоқталсақ, биылғы жылы бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген ауылдардағы әлеуметтік нысандарға газ тарту мәселесі өз шешімін табуда. Биыл 9 елді мекендегі 19 әлеуметтік нысан көгілдір отын желісіне қосылды. Жұмыстар жалғасуда.

Құрылыс саласындағы ауыз толтырып айтар жобалардың бірі — тұрғын үйлер салу. Ағымдағы жылдың басынан бері ауданымыздағы 20 ауылда 87 пәтердің құрылысы жүргізілуде. Аудан басшысы әлеуметтік нысандарды газдандыру мен тұрғын үйлердің құрылысын жыл соңына дейін сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.
Сонымен қатар, Асланбек Ахметоллаұлы жоспар бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер жыл соңына дейін аяқталмаса, келесі жылға шегерілетінін ескертті.
Жаңа тұрғын үйлерді кезекпен бөлу тәртібіне қатысты тағы бір маңызды мәселе көтерілді. Енді комиссия шешімін шығару құзыреті «Отбасы банкке» берілген. Яғни, үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бұрынғыдай аудан әкімдігі жанындағы комиссия емес, арнайы оператор — «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылатын болады.

IMG_1343

Күн тәртібіндегі келесі мәселе — аудандағы тілдерді дамыту мен ономастика саласындағы жұмыстар. Бұл бағытта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Құмарғалиев баяндама жасады. Ол тарихи ескерткіштер, монументтер мен бюсттер орнатудың заңдылықтарын түсіндіріп, елді мекендер атауын өзгерту, сондай-ақ әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарға атау беру барысындағы кемшіліктерді атап өтті.

Жиында көтерілген өзекті мәселелердің бірі — 2026 жылдың І жартыжылдығына мерзімді баспасөз басылымдарына жазылу науқаны болды. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысының м.а. Асылзада Нұраева түсіндірме берді.
Аталған мәселеге байланысты аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мерзімді баспасөзге жазылудың маңыздылығына тоқталды.

— Ұлттық идеологиямыз ұлттық баспасөзбен таралып, тағаны бекиді. Кез келген дәстүрлі ақпарат құралының, соның ішінде баспасөздің қоғамға, бұқараға берері орасан зор екені талас тудырмайды. Әдетте тасқа басылған сөздің маңызы ерекше екенін ғылым дәлелдеген.
Халықтың руханиятын көтеру, мемлекеттің саясатын қолдау, ұрпақ бойына тәлім-тәрбие сіңіруде де газеттің алар орны ерекше. Дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген. Газет-журналдарда жарияланған мақалалардың арасында ел жадында сақталғандары қаншама?! Олар кейін мұрағаттарда жәдігер ретінде сақталады. Әр отбасы газет-журналға жазылуды өзімізден бастауымыз қажет, — деді аудан басшысы.

IMG_1338

Сондай-ақ жиында аудан әкімінің орынбасары «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне, сондай-ақ 25 қазан — Республика күніне орай өтетін іс-шаралар жоспары туралы баяндады.

Жиын соңында көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале