Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.
Аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру жиынына аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов, аудан прокуроры Алмас Таспихов, және дербес бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Карелұлы ең алдымен Аққозы ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен, сондай-ақ референдумға байланысты жасақталған сайлау учаскелерінің дайындық барысымен танысты. Халықпен кездесуде ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқановтың жыл басынан бері атқарылған есебі тыңдалды.
Аққозы ауылдық округі бойынша қаңтар айында 6 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Округ бойынша мал азығы жеткілікті деңгейде ұйымдастырылса, қысқы боран мезгілінде ауылішілік жолдарды тазалау жұмыстарын «Нұрқанат» шаруа қожалығы жүргізген.
Көктемгі су тасқыны кезінде ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі арқасында түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылып, судың ауылға кіріп кету қаупінің алдын алу мақсатында қапшықтарға құм толтырылып, бөгеттер бітелді.
15 сәуір мен 15 мамыр аралығында тазалық айлығы аясында ауыл тұрғындары өз үйлерінің айналасындағы тұрмыстық қалдықтарды тазалауға атсалысты. Әр сенбі сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, полигон айналасы, саябақ, ауыл көшелері тазартылды. Қаңтар айындағы есеп беру жиналысында көтерілген көше шамдары мәселесі бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы жарнама беріліп, нәтижесінде «Нұрқанат» шаруа қожалығы 2 млн теңгеге жеңімпаз атанды. Жазғы шөп науқанына байланысты 44 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 30 бірлігі өтуге тиіс болған. Қазіргі таңда аталған техникалардың 19-ы байқаудан өткізілді.
Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан халықпен кездесу өткізудегі есеп берудің негізгі жаңа жүйесіне тоқталып өтті. Жиын барысында Жасұлан Карелұлы ауылдық округтегі ең негізгі және өзекті болған мәселелерге тоқталып өтті. Аққозы ауылдық округі бойынша ауыз су мәселесі, интернет жүйесінің нашарлығы, жолды күтіп ұстау, ауылдағы дәрігер маман тапшылығы секілді бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.
Тұрғындармен кездесуде аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан:
– Биылғы аудан әкімдерінің халықпен кездесуі сұрақ-жауап денгейінде өтуде. Әрине, округте шешімін таппаған мәселелер де бар. Атап айтар болсақ ең негізгі әрі өзекті мәселеге айналып отырған ол - ауыз су мәселесі. Қазіргі таңда осы елді мекенге қарасты Бесоба ауылына су тарту жобасы қаралуда. Жоба құны 353 млн теңгені құрап отыр. Аталған мәселе оң шешімін тапса, тұрығындардың қажеттіліктері өтеледі. Биыл ауылымызға су қоры молынан келді. Ендігі кезекте әрқайсысымыз суды үнемді пайдаланып, оны ысырап етпеудің жолдарын қарастыруымыз керек. Ауылды сақтап қалу да ең өзекті мәселелердің қатарында. Әрине, елді сақтап қалу үшін жастарды кәсіпкерлік негіздерге баулу қажет. Сонымен қатар осы елді мекенде тұратын кәсіпкерлер қолынан келгенше ауылға, елге арнап халыққа қажетті нысандар салса ауыл халқы тұрақтайды. Біз баршамыз ауызбіршілікте жүмыс жасап, қоғамға пайдамызды тигіземіз десек өз туып-өскен жерімізге атсалысуымыз қажет», - деді.
Жиын сонында тұрғындар тарапынан ауылдық елді мекенде төрт түлік малға анықтама беру, шабындық жерлерге қосалқы жер беру, интернет байланысын қадағалау, құрылыс материалдарын сататын сауда орындарын ашу, "Қазпошта" арқылы газеттердің уақытында келуін қамтамасыз ету секілді бірқатар ұсыныстарын айтты. Есептік кездесулерден соң аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан және дербес бөлім басшылары ауыл тұрғындарын жүмысқа орналастыру, қосалқы жер алу, ақылы қоғамдық қызметке орналасу секілді бірқатар мәселелер бойынша жеке қабылдаулар жүргізді.
Әмірбек Жәнібеков,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz