Теректідегі Жаңа Өмір – спортшылар мен жеңімпаздар мекені. Расымен де, бұл ауылдың балаларының спортқа деген ұмтылысы мен қызығушылығы ғажап. Жаңа Өмірдегі жас отбасы Дәурен Сансызбайұлы мен Ағзат Оразбекқызының тұңғышы Ақниет – мұз айдынын бағындырған жас спортшы.

Қырлы жерде дүниеге келген Ақниет кішкентайынан коньки тебуге бейім. Облыс орталығына жақын ауылда тұратын отбасы демалыста қалаға келе қалса, Ақниет «мұз айдынына барайықшы» дейтін қиылып. Сөйтіп жүріп коньки тебуді әжептәуір үйреніп алды.
Оның ынта-ниетін қолдаған ата-анасы жетектеп мұз айдынына арнайы жаттығуға әкелді. Бұл жерде спорттың шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау түрлерімен айналысуға болатын. Ақниет шорт-тректі таңдады.
«Short Track» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «Қысқа қашықтық» дегенді білдіреді. Конькишілер қысқа қашықтықта әрі жылдамдыққа жарысады. Олимпиада бағдарламасына енгізілген шорт-трек жарысында 500, 1000, 1500 және 3000 метрлік қашықтарда күш сынасады.
Шорт-трек – жылдамдықты, тез шешім қабылдауды, төзімділікті талап етеді.
Біздің елімізде шорт-трек жаңа спорт түрі. Десек те, халықаралық деңгейде қазақстандық спортшылар танымал болып үлгерді. Әсіресе, 2016 жылы Әлем Кубогында алтын медаль жеңіп алған жерлесіміз Абзал Әжіғалиев – ел мақтанышы. Ол шорт-тректен алтын алған алғашқы қазақстандық.
2019 жылдың мамырында Ақниет алғашқы бапкері Тайман Меңдіханмен жаттығуға кірісті.
Спортшының күн тәртібі кей адамға ауыр көрінер. Қаршадай қыз таңғы сағат 5:30 да тұрып, 6:00 де әкесі екеуі жол тартады. Сағат 7-00-де ол жаттығу залында сақадай сай тұрады. Кейде жаттығу күніне екі мәрте болады. Мектептегі сабағын да жақсы оқиды.
Үйдің үлкені болған соң ба, Ақниеттің жауапкершілігі жоғары. Анасына көмекші. Өзінен кіші қос бауыры – Әлихан мен Дәулетке қарасады. Қолы қалт етсе сурет салады. Қолөнерге бейім, тоқыма тоқитыны тағы бар.
Мұз айдынында тынымсыз еңбек еткен Ақниеттің жасы небәрі он бірде. Десек те, жүлделер тізбесі қомақты.
2019 жылдың мамырында шорт-трек трассасына аяқ басқан Ақниет қараша айында-ақ үздік нәтиже көрсетті. Шорт-тректен БЖСМ және интернаттар арасындағы федерация жүлдесі үшін Батыс Қазақстан облысының біріншілігінде қыздар арасында 111 және 222 метрлік ара қашықтықта В тобында І орын иеленді.
Одан соң да жүлде тұғырынан таймаған Ақниет облыс қана емес, Қазақстан деңгейіндегі жарыстарда атойлады. 2022 жылы Рудный қаласында шорт-тректен жеке қашықтықтар бойынша қыздар мен ұлдар және кіші жастар арасындағы ел чемпионатында І орын алды. Биыл ақпанда Өскеменде өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында кіші жастағылар, ұлдар мен қыздар арасындағы көпсайыс бойынша эстафета 12 кр қашықтықта жеңімпаз атанды.
Жыл өткен сайын шеберлігін күнделікті еңбегімен шыңдап келе жатырған Ақниет алдағы уақытта халықаралық жеңіс тұғырларын бағындырар спортшы болары сөзсіз. Қазақы ырыммен «тіпә-тіпә, тіл-көзім тасқа» деп, тілегін тілейміз.
Камелия Өтеу
Теректі ауданы
zhaikpress.kz