Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев кезекті есептік кездесуді Ақоба ауылында өткізіп, ауылдық округ әкімі Мақсат Жаналиевтің өткен жыл ішінде атқарған жұмысын тыңдады.
Округ әкімінің айтуынша, індетпен күрес кезінде ауыл кәсіпкерлері, жеке тұлғалар, ауыл жастары, әр жылдары бітірген мектеп түлектері, мекеме қызметкерлері белсенділік танытып, республикалық «Biz birgemiz» акциясы аясында ауылдағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды азық-түлік себеттерімен, сонымен қатар бірінші кезекте қажетті заттармен көмек көрсетті. Сонымен қатар Мақсат Нұрболұлы ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген мәселелерге тоқталды.
Біріншіден, республикалық маңызы бар күре жолдан ауылға дейінгі 23 шақырым жолды күтіп ұстау, екіншіден, Х.Халиуллин атындағы орта мектептің ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететінін атап өтті.
Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін аудан басшысы алдымен әлемді жаулаған індетке байланысты ауыл тұрғындарын санитарлық талаптарды қатаң ұстануға шақырып, бүгінге коронавирус індетін жұқтыруда республика бойынша Батыс Қазақстан облысы «қызыл аймаққа» енгендігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Азамат Сафималиұлы өткен жылда атқарған жұмыстарды атап өтіп, биылға арналған жобаларды таныстырды.
Сонымен қатар тұрғындардың көкейіндегі мәселелер турасында тұшымды жауап берді.
Жарыссөзде сөз алған Ақоба ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Мұқамбетқалиев ауыл орталығындағы тозығы жеткен балабақша ғимараты мәселесін көтерсе, Х.Халиуллин атындағы орта мектептің директоры Ержан Ільясов ауылға келген жас мамандарды баспанамен қамтамасыз етуді ұсынды.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz