Бүгін діни мәселелерге қатысты облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Казталов ауданына жұмыс сапарымен келді. Облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері алдымен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитованың қабылдауында болды. Аудан әкімі орынбасары З.Мәжитова келген түсіндіру тобымен танысып, оларға жалпы аудандағы діни ахуалдың жайы туралы ақпарат беріп өтті.
Аудан әкімі орынбасарының қабылдауынан соң теолог мамандар белгіленген жұмыс жоспарларына сай аудандағы түрлі мекемелерде халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Дін мәселелерін зеттеу орталығының теолог маманы Фариза Мулдагалиева аудандық ішкі саясат бөлімінің ғимаратында әйел жамағатымен кездесу өткізіп, бүгінгі күннің өзекті мәселесі жат діни ағымдардан сақтану төңірегінде түсінік жұмысын жүргізді. Жиналғандармен ислам дініндегі құндылықтар жөнінде пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы Алмат Қуан А.Оразбаева мектебінің мәжіліс залында мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Арнайы дайындалған слайд негізінде оқушылармен дін төңірегінде ашық әңгіме айтылып, сауалдарға жауап алынды. Оқушылар ислам діні түсінігі турасында өз пікірлерін жарыса айтып, қызу пікірталас тудырды. Жасөспірімдерге тура дінді адаспай табу үшін міндетті түрде мешіт имамдары мен арнайы теолог мамандардан кеңес алу қажеттігі айтылып ескертілді.
«Аманат-Жайық» қоғамдық қорының теолог маманы Бағдат Қанатұлы Адайхан мен «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы Тоқтар Ғалымұлы Пендебаев аудандық полиция бөлімі ғимаратында құқық қорғау органдары өкілдерімен жиналыс өткізіп, жат діни ағымдардың алдын алу, олардан келетін қауіп-қатерді анықтау профилактикасы жөнінде айтып, діни бағыттағы құқықбұзушылықтарды болдырмау бағытында бірлесе жұмыстануға шақырды.
Теолог мамандар С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында аудан жастарымен де кездесіп, дін тақырыбында ой бөлісті. Әлеуметтік желілерде таратылған ақпараттарды сұрыптап, анықтап қолдану қажеттігін айтып, адам баласының жеке дамуындағы, жетістікке жетудегі діннің рөлі жайында ұлы адамдардың пікірі сабақтастырылған слайдты жастар назарына ұсынды.
Теологтар аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық терроризмге қарсы комиссия құрамымен және аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелерімен кездесті. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитованың төрағалығымен өткен жиында мамандар ақпараттық-түсіндіру тобы өкілдерінің жат ағым өкілдерімен күрестегі негізгі ұстанымдары мен қағидалары, жат ағым өкілдерін анықтау ережелерін түсіндіріп өтті. Қой терісін жамылған, яғни, Әбу Ханифа мәзһабын ұстана отырып, жат ағым өкілдерінің мінезі мен сенімі байқалатын азаматтардың да қатары артып отырғандығын ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жетілдіру керектігін жеткізді. Дегенмен, қысқа балақты мен сақал қойғанның бәрін жат ағым өкілі деу жаңсақ пікір екенін алға тартып, нақты нәтижеге, діни алауыздықтың алдын алуға жұмыстануға шақырды.
Жансая Жұмажанқызы,
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы