Бөрлі аудандық демалу орталығының классика әншісі, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Самал Дңғалиеваның «Бұлбұл дауысы» академиялық концерті ұйымдастырылды.
Шығармашылық кеш Надежда Нұрпейісованың жетекшілігімен қалалық жастар мәдениет сарайының скрипкашылар ансамблінің сүйемелдеуімен жоғары деңгейде өтті. Кеш иесі концертінде «Дударай», «Илигай» сынды халық әнін және әлемге танымал шетелдік әндерді орындады. Классикалық әншінің академиялық шығармашылық кешіне жақындары, әріптестері және шәкірттері жиналды.
- Көптеген қалалық және аудандық сахналарда бұл жанрда шығармашылық кештер бола бермейді. Бірақ та біздің ауданда бұл кештің болуы заңдылық. Себебі кішкентай ауылда дүниеге келіп, өрімдей болып өсіп, жар, ана атанған Самал қыздарыңыз бүгінде аудан мақтанышына айналды. Өнер сахнасында 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Самал Дңғалиеваның дәстүрлі шығармашылық кеші өте жоғары деңгейде өтті. Алдарыңызда Самал қыздарыңыздың жарқырап тұруы өзінің еңбегінің арқасында. 12 ауданның ішінде осындай «бұлбұл дауыс» тек бізде ғана бар. Алдағы уақытта «Мәдениет саласының үздігі», «Өнер қайраткері» сияқты биік төсбелгінің иегері атануыңызға тілектеспін. Өнеріңіз үстей берсін, кешіңіз құтты болсын, - деп аудандық демалу орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Арна Едекешқызы кеш иесін құттықтады.
Негізінен Самал Оразайқызы Жаңақала ауданының тумасы. Мектеп бітірген соң Құрманғазы атындағы Орал саз колледжіне «Ән салу» бөліміне оқуға түсіп, кейіннен Махамбет Өтемісов атындағы Орал педагогика институтында жоғары білім алған. Классикалық әнші алғашқы еңбек жолын Бөрлі ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметінен бастаған екен. Қазіргі таңда әншінің Аружан Бекболатова, «Жігер» мен «Сенім» сында топтары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүр. Аудан халқының ыстық ықыласына бөленіп жүрген өнер иесінің ән қоржынында эстрадалық, академиялық, классикалық жанрдағы 40-тан астам шығарма бар.
Айдана Абдрахманова,
Фотоға түсірген: Бауыр Өтепов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz