Бөрлі аудандық мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің жарығы» атты мерекелік концерт өтті. Мерейлі мерекеге орайластырылған кешке аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, бөрлілік ақ жаулықты аналар, түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзікжандылар қатысты.
Жиналған қауым, мереке иелері алдында сөз сөйлеп, құттықтауын жеткізген аудан басшысы Еркебұлан Нұретдинұлы атаулы күнге орай бірқатар аудан аналарын марапаттады. Соның ішінде дүйім жүрт алдында ҚР Президентінің 2024 жылғы 19 ақпандағы №484 Жарлығы негізінде 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырғаны үшін ауданның үлгі тұтар азаматшасы Жаңылсын Есімоваға «Күміс алқа» табысталды.
Одан бөлек сахна төрінде аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов пен аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың Алғыс хатымен түрлі саладағы нәзікжандылар марапатталды. Олардың қатарында мекеме басшылары, ұстаздар, дәрігерлер, теміржол саласының өкілдері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары бар.
Мереке мезіретінде мерейге бөленген жандар марапаттаудан кейін аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Салтанатты кеште әннен шашу шашылып, өлең жолдарымен өрбіді.
Аслан Жайқонысұлы,
Бөрлі ауданы