Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы жолдарды жөндеу және күтіп ұстауға үш мердігер компания жауапты. Олар «ПМК-615», «АПР Казахстан» және «Grand Asia cleaning service» ЖШС. Әр мекеме өздеріне тиісті аумақты тазалайды. Жаздың аптап ыстығы, қыстың қақаған аязына қарамастан қала жолдарын тазалайды.
Қалада 181,7 шақырым болатын 135 көше бар. Соның ішінде қаланың оңтүстік және солтүстік бөлігіндегі автожолдарды жөндеу және күтіп ұстауға «ПМК-615» ЖШС-ның құзырында. Мердігер мекеме 40 арнайы техника және 50 адам жұмылдырып, жол бойындағы қар тазалау жұмысын жүргізуде. Жолдарды қардан тазалау үшін компания 4 автогрейдер, 2 құм шашқыш, 2 автоцистерна, 8 тиегіш (погрузчик), 6 щеткасы мен күрегі бар МТЗ-82 трактор, 10 самосвал, 2 шнекоротор және 6 алдында күрегі бар КДМ техникаларын жұмылдырып, тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар алдын ала қыс мезгіліндегі дайындыққа 120 м3 тұз аралас құм және 900 м3 «РАПА» қоспасына «АқсайГазСервис» компаниясымен келісім шарт жасалынған болатын.
Ал мердігер «Grand Asia cleaning service» ЖШС-ға қаланың 7, 9, 11, 13 және Қызылтал шағынаудандарындағы ұзындығы 42,1 шақырым көше жолының қысқы жол тазалау жұмысы жүктелген. Компания 2 автогрейдер, 1 ЗИЛ КДМ, 1 К-700, 2 тиегіш, 4 МТЗ щеткалы трактор, 5 самосвал және 1 тротуарға арналған МТЗ-320 тракторы техникаларымен жұмысты жалғастыруда. Сонымен қатар аталған мекеме 600 тонна тұз араласқан құм және 100 тонна РАПА қоспасы үшін АГС компаниясымен келісім шарт жасаған. Қазіргі таңда жұмылдырылған 15 адам жұмысты жоспарлы түрде істеп отыр.
- Біздер 7-13 шағынаудан аралығын, Құрылысшы 1, 2, 3, 4, Ақсай-Қызылтал бетонка жол және Қызылталды толығымен тазалаймыз. Бетон жолдың арғы жағы дала және көбінесе жел сол жақтан соғады. Осыған байланысты жолды қайта-қайта қар басып тастайды. Дегенмен біз жұмысымызды уақтылы орындап, белгіленген жерлердің қарын ашудамыз. Біз күнделікті жұмыс жасаймыз. Қатты қар түскен уақытта күндіз де, түнде де жұмыс жалғаса береді. Негізінен ақпан айында қар көп жауады. Бірақ қазірдің өзінде шығаратын қар жетерлік. Күндіз көліктің көп болуына қарамастан, жұмысымыз жасалуда. Бірінші кезекте көлік және тұрғындар көп жүретін көшелерге баса назар аударылады. Жолмен қатар жаяу жүргінші жолы яғни, тротуарларды да тазалаймыз. Қазіргі уақытта жұмыс жасалып жатыр, - дейді Қадыржан Жаханов.
Аралтал шағынауданы бөлігіндегі ұзындығы 28,1 шақырым автожолды ағымдағы жөндеу және күтіп ұстауға «АПР Казахстан» ЖШС мердігерлік ұйымы жауапты. Аталған ұйымның тарапынан 9 әр түрлі техника және 10 жұмысшы жауапты қызметтерін уақтылы жүзеге асырып келеді. Мердігер мекемеде 100 тонна тұз араласқан құм сақтаулы.
Қазіргі уақытта қалада қар тазалау қарқынды. Бұл мақсаттағы жұмысқа 65 бірлік техника мен 75 жұмысшы жұмылдырылды. Олар ауа-райына қарамастан, екі аусымда, жолды қардан тазартып, тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуі үшін жағдай туғызып келеді.
Бүгінгі күнге дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының мәліметіне сәйкес қала бойынша 50 мың тонна қар шығарылған. Ал аудандық маңызға ие автомобиль жолдарын күтіп ұстауды ұйымдастыру ауылдық округ әкімдерінің құзырында. Тұрғындар да қала тазалығына басты назар аударып отыр.
Қала халқы Telegram әлеуметтік желісіндегі «Ақсай қаласының әкімдігі» каналына мердігер компаниялардың атқарған жұмысының суреттерін салып, пікір қалдырған.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz