19.11.2025, 16:30
Оқылды: 172

Ақсайда «Кәсіптік бағдар күні» шарасы өтті

Ақсай қаласындағы №7 жалпы орта білім беретін мектепте ерекше мәнге ие «Кәсіптік бағдар күні» атты іс-шара өтті.

WhatsApp Image 2025-11-19 at 16.29.11

Бұл жоба мектеп ұжымының жыл сайынғы дәстүріне айналып келеді. Аталған шараның мақсаты оқушылардың болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыру, олардың бейімін анықтап, еңбекке баулу және саналы таңдауға жетелеу. Жоба жетекшісі - мектептің кәсіптік бағдар берушісі Лиза Аманова. Кездесуге Ақсай қаласында кәсіптік білім беру, жұмыспен қамту  саласында қызмет атқарып жүрген сарапшы меймандар қатысты. Іс-шараға БҚО кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының жетекшісі Руслан Ғұсманұлы, аудандық мәслихат депутаты әрі табысты кәсіпкер Серік Шапайұлы, Бөрлі колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лукбанова, Ақсай техникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Жолдасова, аудандық мансап орталығының жетекшісі Әсемгүл Жұмағалиевалар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Қонақтар жастарға өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіпкерліктің, техникалық және қызмет көрсету салаларының бүгінгі еңбек нарығындағы маңызы туралы әңгімеледі. Білім беру мен бизнестің өзара байланысы, сұранысқа ие мамандықтар және кәсіби өсу жолдары жайында нақты деректер келтірді.

Шара барысында Бөрлі және Ақсай техникалық колледждерінің студенттері «Флористика», «Аспаз», «Электрмен қамтамасыз ету» бағыттарында шеберлік сабақтарын өткізді. Оқушылар өз көздерімен кәсіби шеберліктің қалай қалыптасатынын көріп, өздерін әртүрлі мамандықтарда сынап көруге мүмкіндік алды.

Мектептің кәсіптік бағдар берушісі Лиза Аманованың айтуынша, биыл №7 мектептің өзінен 100-ден аса 9-сынып түлегі өз мамандықтарын таңдауға дайындалып отыр. Сондықтан мұндай кездесулер олардың болашағына бағыт-бағдар беріп, саналы шешім қабылдауына зор септігін тигізеді.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстандағы еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар үлесі 57%-ды құрайды. Алайда осы салаларға жастардың қызығушылығы әлі де төмен. Сондықтан мектептегі кәсіптік бағдар беру — еңбек адамының мәртебесін арттырудың алғашқы баспалдағы.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале