Айта кетейік, бейбіт заманда ерлік жасаған ішкі істер органдарының қызметкерлерін құрметтеу үшін жыл сайын өткізілетін акция осыған дейін Зеленов, Теректі, Ақжайық аудандарында өткен болатын.
Ақсайдағы шара шымылдығы «Армандастар» композициямен ашылды. Осыдан 7 жыл бұрын барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірген оқиға елдің есінен кете қойған жоқ. Ғазиз жанын құрбан еткен капитан Байтасов, қарулы қылмыскерге қарсы тұрамын деп шейіт болған полиция сержанттары Полат Аянқұлов пен Жақсыбек Байсейітовтің есімдері ел есінде, ұрпаққа өнеге. Сол оқиғадан кейін ҚР ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың бұйрығымен жыл сайын осы акция ұйымдастырылып келеді.
Республикалық шараға ІІМ Кадр департаменті, ІІМ Ішкі әскерлер комитеті, ІІБ-нің басшылығы мен жеке құрамы, ардагерлері, облыстық, аудандық және қалалық әкімдік өкілдері, сондай-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция қызметкерлері қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары А.Көшкінбаев ел тыныштығы үшін жандарын қиып, анттарына адалдық танытқан асыл азаматтардың бейнесі ұрпақ үшін үлгі боп қалатынын айта келіп, бейбіт күнде жасаған батырлықтары мен игі істеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен сыйлық табыс етті.
Аталмыш шара барысында полиция полковнигі Мұрат Жақыпбаев қызметтік парызын өтеу орнында қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасов және қатардағы полицей Байжан Казиев туралы айтып, олардың туғандарына намысты ұл тәрбиелегені үшін алғыс білдіріп, сыйлық табыс етті.
Аудан әкімі Санжар Әлиев пен аудандық мәслихат хатшысы А.Куликешовті ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін жоғарылатуға бағытталған шаралар кешенін іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін ҚР ІІМ Қ.Қасымовтың алғыс хатымен марапаттады.
Сәнім МЕҢДІБАЙ,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!