27.02.2024, 11:00
Оқылды: 65

Ақсайда маршрут мәселесі күрделі

Ақсай қаласында қоғамдық көлік мәселесі күрмеулі. Әсіресе, қысқы кезеңде тұрғындар үшін көп қолайсыздық тудырады. Жалпы ауданішілік бағытта қатынайтын көліктерді есептемегенде қалаішілік бірнеше маршруттық көлік қызмет көрсетеді. Қаланың ескі аумағы мен орталығын жалғайтын №3, Қызылталға баратын №6 және №30 маршруттық көліктер бар. Одан бөлек, қала ішінде №1, №2 бағытта көліктер жүреді. Дегенмен алдыңғы үшеуі тұрғындар арасында көп сұранысқа ие.

 3 (3)

Қызылталдан Ақсай қаласындағы мектептерге көп оқушы қатынап оқиды. Олардан бөлек, күнделікті жұмысқа баратындары тағы бар. Ал қоғамдық көліктер арасындағы жиілік тұрақты деуге келмейді. Айналдырған екі-үш «ГАЗель» жүреді. Олардың біреуі істен шығып қалса, жолаушылар әбігерге түседі. Маршрутқа сыймағандары жол-жөнекей жеткізіп тастайды-ау деген көліктерді тоқтатады. Алайда кейде мектеп оқушыларының да таныс емес көліктерге отырып жатқанын көріп, қауіптенеміз.

Жалпы оқушыларды мектепке тасымалдау «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығы, «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» ҚР заңы мен «Автомобиль көлігі туралы» ҚР заңының 6-баптары аясында жүзеге асырылады. Осыған байланысты 2023-2024 оқу жылында Ақсай қаласы бойынша тұрғылықты жері мектептен үш шақырым қашықтықта орналасқан оқушыларды тасымалдау жүзеге асырылуда. Бұл туралы Бөрлі аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бөлім ақпаратына сүйенсек, Ақсайдағы №7 мен №8 мектептерде оқушыларды күнделікті тасымалдау ұйымдастырылады. Ал Қызылталдан қалаға қатынап оқитын оқушыларды тасымалдамайды. Себебі Қызылталда білім беру ұйымы бар. Ал қоғамдық көліктен қиындық көріп жүрген ересектердің жағдайы не болмақ? Таксимен қатынауға  қымбат.

жп бурли маршрут

− Күн сайын жұмысқа бару үшін №6 қоғамдық көлікке отырамын. Бірақ олардың жай-күйі көпке аян. Ақсай мен ауылдың екі ортасына жүретін бір-екі көлік жеткіліксіз. Әрі олардың қатынау жиілігі тым ұзақ, жарты сағат, кейде бір сағат күтеміз. Естуімше, «WhatsApp»-та арнайы чаттар бар екен. Сонда көліктің қай жерде екенін, қашан келетінін айтып отырады-мыс. Ол чатқа қосылмаған соң, жолға уақытты болжап шығамыз. Үлкен қалалардағыдай қоғамдық көліктің бағытын картадан қарап отыратындай етіп жасаса, керемет болар еді. Жұмысқа кешікпес үшін кейде жолда кездесетін көлікпен жетіп қалатынымыз да өтірік емес. Кейде маршрут жүргізушілерінің оларға «Клиенттерімізді алып кетті» деп реніш білдіретіндерін де естиміз. Тым болмаса, таңғы мен кешкі уақытта көлік санын көбейтсе екен, − деді аты-жөнін толық айтудан тартынған Ақтілек ханым.

Қоғамдық көліктің мәселесі «Әні реттелер, міне дұрысталар» деп үміттеніп жүрген жандар көп. Қалай болғанда да, тұрғындар бұл мәселені әкімдік реттеуі тиіс екенін жақсы біледі. Сондықтан аудандағы тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен мәселенің мәнісін сұрауды жөн көрдік. Бұл бөлімнен: «Аудан аумағында 20 маршрут бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Соның ішінде қалаішілік 7 маршрут және ауданішілік 13 маршрут бар.  2023 жылдың 1 наурызынан бастап «Болашақ-Бизнес Ақсай» ЖШС Ақсай қаласының №1, 2, 3, 8, 30, 10 маршруттары, «Кульбатыров А.С.» ЖК Ақсай – Қызылтал, Ақсай – Кеңтүбек, Ақсай – Ақсу, Ақсай – Ақбұлақ, Ақсай – Бумакөл, Ақсай – Достық, Ақсай – Қарағанды, Ақсай – Қарақұдық, Ақсай – Жаңаталап арасында, ал «Валиева» жеке кәсіпкерлігі Ақсай – Успен және Ақсай – Жарсуат, Ақсай – Бөрлі, Ақсай – Қанай, Ақсай – Пугачев бағыттарында жолаушылар тасымалы бойынша қызмет көрсетеді. Аталған мердігерлермен келісімшарт үш жылға есептелген» деген жауап алдық. Айта кетерлік жайт, №1, 2, 3 және ауданішілік Ақсай – Қарағанды, Ақсай – Бумакөл, Ақсай – Успен, Ақсай – Жаңаталап, Ақсай – Достық, Ақсай – Қарақұдық маршруттары 2019 жылдың 19 мамырындағы облыстық мәслихаттың шешімімен әлеуметтік маршруттар ретінде танылған. Сондықтан аудандық бюджет қаражаты есебінен  жолаушылар тасымалы субсидияланады.

Жалпы жолаушылар тасымалымен айналысатындар қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автопаркті жаңғырту және сапалы қызмет көрсету секілді талаптарды орындауы тиіс. Мәселен, «Болашақ-Бизнес Ақсай» ЖШС автопарктерін жаңарту мақсатында 2022 жылы екі «ГАЗель» автокөлігін, былтыр бір «ПАЗ» автобусын және үш «ГАЗель» сатып алған. Ал «Кульбатыров А.С.» ЖК 2022 жылы бір «УАЗ», екі «ГАЗель», 2023 жылы екі «УАЗ» автокөлігін алып, автопаркін жаңартқан. Қаладағы барлық қоғамдық көлік газ-бензин жанармайына ауыстырылған екен. Биыл мердігерлерге қосымша көлік сатып алу туралы тапсырма берілген.

Жауапты мекемеден №6 маршрутқа қатысты мәселе-нің де мәнісін сұрадық. Бұл бағытта «УАЗ» автокөліктері жүреді. Қызылталға апаратын бетон жолдың жағдайы нашар. Қауіпсіздігі үшін алаңдайтын тұрғындар жол жөнделіп, екі ортада сапалы көлік жүрсе дейді. Ал бөлім мамандары жол жөнделгеннен кейін №6 бағыттағы көліктердің бірте-бірте жаңасына ауыстырылатынын айтады. Аудандағы шаруашылық пен жол мәселесіне жауапты бөлім жақсы жаңалығымен де бөлісті. Қазіргі таңда қаладағы маршруттар төлемді қолма-қол ақшамен қабылдайды. Биылғы наурыз-сәуір айына дейін онлайн төлем қабылдау жүйесіне қосылу жоспарланған. Қазіргі таңда қосымша құрылғы мен қажетті бағдарламаларды орнату үшін мердігерлер мен «Smart Qala» компаниясы арасында келіссөздер жүргізілуде.

Тілші түйіні: Қалай десек те, маршрут мәселесі маңызды түйткілдердің көшін бастап тұрғаны сөзсіз. Оны шешуді кейінге қалдыра беруге де болмайтыны анық.

 

Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале