Ақсай қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебінде аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік тапсырысы аясында «Жаңа Қазақстан тірегі – айбынды жастар» атты патриоттық форум өтті.
Форум жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімді арттыру, патриоттық тәрбие беру, жас ұрпақты зиян әрекеттерден қорғау және өз елінің патриоты етіп тәрбиелеуді мақсат етті.
Жиында алғашқы болып Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов сөз алып, жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру бүгінгі күннің басты қағидаты екендігі туралы сөз қозғады.
Өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, олардың Отанды қорғауға ұдайы әзір болуы, моральдық-психологиялық жағынан даярлау міндетін жауапкершілікпен атқарып жүрген Нұрбол Ибрашев, Асқар Дәулетқалиев, Әлия Молдағалиева, Айнұр Сейтек, Темірғали Үмбетқалиев, Абай Мұстафин, Денис Колесник, Вячаслав Тутуров секілді алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімдеріне аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхаттары табыс етілді.
Форумда ауған соғысының ардагері Марат Ерғалиев, «БҚО Тәжік-Ауған шекарасындағы әскери қақтығыстар ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алишер Ашурматов, «Ақсай» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, лейтенант Еркебұлан Орынбасаров, қалалық №29 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, аға инженер Айболат Бектұрғанов, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Қанат Жолдаскалиевтер сөз сөйлеп, азаматтық намысы пен жігер, білім мен білік, туған елді сүю, жерді құрметтеу тақырыптарында ойлы да озат пікірлерін ортаға салды.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы