4.06.2025, 17:45
Оқылды: 135

Ақсайда рәміздер күні атап өтілді

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. Мерекеге орай Ақсай қаласының Ғ.Жәңгіров атындағы саябағында рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. Аталған шараға мемлекеттік қызметшілер, аудандық полиция, төтенше жағдай, спорт, білім бөлімдерінің қызметкерлері және оқушылар қатысты.

3

Салтанатты шара мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрметтің белгісі, қазақстандықтарды отаншылдық сезімге баулу, елдік еркіндігіміздің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеу мақсатында оздырылып отыр. Айтулы шара ҚР Мемлекеттік Гимнінің орындалып, Туының көтерілуімен басталды. Саябақта аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әзірлеген «Тәуелсіздік тұмары – қасиетті рәміздер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

2

- Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын белгілейтін нышандардың бірі. Халқымыздың өткені , бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың ғасырлар қойнауын сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Шұғылалы күн астында қалықтаған қыран бейнелі көк ту еркіндікті сипаттаса, алтын қанатты қос тұлпар арасындағы шаңырақ бірліктің бейнесі ретінде елімізді мекендейтін барлық халықтың ортақ қонысы екендігін білдіреді. Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет тұту әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Әрдайым елтаңбамыз еңселі, туымыз тұғырлы, әнұранымыз айбынды болсын. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын, - деп аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоғжанов сөз сөйлеп, аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың алғысхаттарын табыстады.

рәміздер күні (6) (1)

Марапатталғандар қатарында аудандық прокуратурасының прокуроры Нұрмұхамед Жаңбырбаев, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Руслан Құсанов, Ақсай шекара бөлімшесі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары, лейтенант Еркебұлан Орынбасаров, аудандық БЖСМ-де дзюдо күресінен оқытушы-жаттықтырушы, самбодан ҚР-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан ҚР-ның спорт шебері, самбодан үш дүркін Азия чемпионы Темірлан Көлбайлар бар. Сонымен қатар үлгілі «Назерке» би ансамблінің балетмейстері, көркемдік жетекшісі, ҚР-ның «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айнұр Мұқанғалиева, Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы Гүлшат Мұрат пен Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы, республикалық «Үздік репортер» байқауының жүлдегері, «Қазақстан үміті» эссе байқауының жеңімпазы Мүслім Мұхамбеттер де алғысхат иегерлері қатарында.

рәміздер күні (5) (1)

Мерекелік шара барысында мемлекеттік қызметке жаңадан тағайындалған жас мемлекеттік қызметшілер Жарсуат ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлім Хамитова мен Ақсай қаласы әкімі аппаратының абаттандыру бөлімшесінің бас маманы Тілеужан Нұрғазиев ҚР Мемлекеттік қызметшісінің антын қабылдады.

рәміздер күні (4) (1)

Әрі қарай салтанатты шара аудандық демалу орталығы көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

1

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале