Бөрлі ауданына Дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Мəдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының талдау жұмысы бөлімінің басшысы Тұрар Әбуов келді. Бұл күні «Рухани жаңғыру және дәстүрлі діни сана» атты облыстық форум өтті.
Онда облыстық дін істері департаментінің басшысы Саялбек Ғизатов, Орынбор облысы аймақтық мұсылмандар басқармасының төраға орынбасары Нур Мусакаев, облыс бойынша өкіл имам Руслан Сұлтановтар қатысты.
Мамандардың айтуынша, облыста 14 ақпараттық топ жұмыс жасайды екен. Топ құрамына мемлекеттік қызмет, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қоғамдық бірлестіктер кіреді. Жиында қоғамдық бірлестіктердің маңыздылығы айтылды. Мәселен, теріс діни ағымнан зардап шеккен жандар мемлекеттік ұйымнан емес, қоғамдық бірлестіктерге жиі жүгінеді екен.
- Діни қызмет пен діни бірлестік туралы заңға қарсы әрекеттердің тіркелуі, заңсыз діни әдебиеттердің таралуына байланысты 1 республикалық және 250 жуық өңірлік ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс жасауда. Аудан әкімінің шақыртуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Айта кетейін, мамыр айында ел Президентінің жарлығымен дін саласында мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған арнайы тұжырымдамасы бекітілді. Арнайы бағдарлама да бекітілді. Тұжырымдама бойынша түзетулер мен өзгертулер үкіметке жолданды, - деді Тұрар Әбуов.
- Облыста 9 конфессияның құрайтын 75 діни бірлестік қызмет етуде. Тоғыз конфессияның ішінде буддизм діни бірлестігі бар. Бұл тек қана біздің облысымыз бен Алматы облсында тіркелген. Өзге өңірдегі конфессиялардан ерекшелігіміз сол. Өңірде түрлі мазмұнда 3724 шара өткен. Аталған шараларда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі басымырақ. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдарға қолдау зор, - деді облыстық дін істері департаментінің басшысы Саялбек Ғизатов.
Аталған шара дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған семинармен жалғасты. Оған аудандардың бас имамдары мен ішкі саясат бөлімінің басшылары, қоғамдық бірлестік басшылары, теологтар қатысты.
Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы