Ақсайда шаңғы және биатлон базасы ашылды. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды. Шараға Бөрлі ауданының және қала әкімі, спорт ардагерлері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.
- Ауданда спортпен тұрақты шұғылданатын жерлестеріміздің қатары жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күні ауданда 34 спорт түрі қарқынды даму үстінде. Жылдың әр мезгілінде шаңғымен шұғылдану үшін арнайы база салған, осы іске ұйытқы болған облыстық биатлон және аудандық шаңғы федерациясының президенті, BMS серіктестік компаниясының бас директоры Әлібек Әнуарбекұлына аудан тұрғындарының және өзімнің атымнан алғыс білдіремін, - дей келе аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов аудандық шаңғы федерациясының президенті Әлібек Сәрсембаевқа алғысхат табыстады.
Шаңғы және биатлон базасының лентасын аудандық шаңғы жарысы федерациясының президенті Әлібек Сәрсембаев пен спорт ардагері Мирлан Қосмағамбетов кесті. Лента қию рәсімінен кейін аудан әкімі мен келген қонақтар шаңғы жолағын айналып, алдағы жоспарларды талқылады.
- Үш жыл бұрын Ақсайда шаңғы спортымен айналысатын балаларға арналған шаңғы жолағын салу туралы бастама көтергенбіз. Бұл жолақты салу идеясы ауданымыздың балалары жазғы уақытта спорт кешенінің автотұрағында шаңғы-роллермен сырғанап, жаттығып жүргенін көргенде пайда болды. Олар шағын жерде жаттыққандарына қарамастан республикалық чемпионаттардан әрқашан жүлделі орындармен оралатын. Басқа аймақтарда балалар арнайы шаңғы жолағында жаттықса, біздің балаларымыз автотұрақта жаттықты. Бұл жағдай бізді ынталандырып, екі жыл бұрын осы трассаның құрылысын бастадық. Жазғы шаңғы-роллер трассасының ұзындығы - 800 метр, ал қысқы шаңғы трассаның ұзындығы - 1600 метр. Қазіргі уақытта қысқы жолақтың құрылыс жалғасып жатыр. Енді бұл шаңғы жолағы балалардың нәтижелерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жерге тек спортшылар ғана емес, аудан тұрғындары да келіп, жаттыға алады. Сондай-ақ біз балалар мен жасөспірімдерге арналған биатлон ату алаңын дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта біздің трассада биатлоннан балалар мен жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді аудандық шаңғы федерациясының президенті Әлібек Әнуарбекұлы.
Спортшылар мен жаттықтырушылар шаңғы жолағын салып бергені үшін демеушілер мен аудан әкімдігіне алғыс білдіріп, алдағы жарыстарда биіктен көрінеміз деген үмітте екендіктерін айтты.
Қазіргі уақытта шаңғы спортынан ауданда 11 дүркін Қазақстан чемпионы Мадина Жақсылықова мен 7 дүркін Қазақстан чемпионы Жанерке Тудахунова бар. Сонымен қатар Әділбек Сәрсенбаев, Настя Соколовалар да әрқашан жүлделі орындар алып, аудан даңқын көтеріп жүрген спортшылардың қатарында. Оларды аудандық шаңғы жарысының аға жаттықтырушысы Ислам Сағыналиев жаттықтырады.
Салтанатты шарадан кейін аудандық БЖСМ шаңғы үйірмесінің оқушылары арасында шаңғы-роллерден командалық спринт жарысының аудандық біріншілігі өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша Әділбек Сәрсенбаев пен Алдияр Исаевтар жеңіске жетті. Ал Арын Тәжібаев пен Жанерке Тудахуновалар ІІ орынға ие болса, Айя Мамишова мен Бекнұр Ғаділшиевтер үздік үштікті қорытындылады.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz