Бөрлі ауданы орталығы «Жастар» стадионында шорт-тректен жасөспірімдер мен ересектер және ардагерлер арасында аудандық чемпионат өтті. Аталған жарысқа 7 команда қатысты. Олар Ақсай қаласының №3 мектебі, Бөрлі №1 мектебі, Ақбұлақ, Кеңтүбек, Пугачев, Приурал және Қарағанды ауылдық округтері.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Тастемірұлы, Жасқайрат Қажғалиұлы, Гүлнар Қадырғалиқызы, Владимир Александрович және Вячеслав Генадиевич қатысты.
- Шорт-тректен аудандық жарыс жыл сайын өткізіледі. Аудандық чемпионат жас ерекшеліктері бойынша өткізіліп, жылдан-жылға дамуда. Мұз үстіндегі додалардың барлығына ауданымыздың жасөспірімдері және жастары жақсылап дайындалып, қатысып жүр. Қазіргі таңда аудан бойынша барлық жерде мұз айдындары құйылып, конькилер беріліп, жарыстарымыз уақтылы өтіп жатыр. Барлығыңызға сәттілік тілеймін, - дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Қарабаев.
Жарыстың қорытындысы бойынша 14 жастан кіші ұлдар арасында бірінші орынға Ерсұлтан Сахипкерей, ал қыздардан Дария Қайырлапова, 15-18 жас ерекшелігі бойынша Руслан Таимиров пен Малика Мукановалар ие болды. 19-29 жас ерекшелігі бойынша Әділжан Асқарұлы және Әсем Шукатова, 30-39 жас ерекшелігінде Нина Тимина мен Павел Казанцев, 40-49 жас ерекшелігінде Темірғали Үмбетәли, 50-59 жас ерекшелігі бойынша Владимир Лящев пен Гүлнар Бораншеевалар жеңіске жетті.
Жалпы командалық есепте Ақсай қаласының №3 мектебі 228 ұпаймен жеңіске жетсе, №2 мектебі 161 ұпаймен екінші және Кеңтүбек ауылдық округі 145 ұпаймен үшінші орынға ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің дипломдарымен, медальдарымен және аудандық жастар мен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz