Ақсай қаласындағы 10-ыншы ықшам ауданы немесе Халықтар достығы даңғылында орналасқан «Halyk Bank» ғимаратында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтуде.
Қазіргі кезде аталған орынға жергілікті полиция, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі жиналған. Сондай-ақ тұрғындардың аталған жерде жүріп-тұруына шектеу қойылған.
– Құрметті Бөрлі ауданының тұрғындары! Бүгін Халықтар достығы даңғылында орналасқан «Халық банк» ғимаратында аудандық жедел штабтың қатысуымен терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтуде. Сол себептен қала тұрғындарын түсіністікпен қарауға, үрейге бой алдырмауға және жалған ақпарат таратпауға шақырамын, – дейді Бөрлі аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Маралбек Әжібаев.
Сондай-ақ полиция подполковнигі Маралбек Бисенғалиұлы оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, денсаулық сақтау мен мүдделі қызмет мамандары қатысып жатқанын айтты.
Аслан Нұрзағали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz