Балалар мерекесі күні Ақсай қаласында, тегін облыстық балалар тіс емдеу емханасының филиалы ашылды. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, аудандық аурухана басшысы Шыңғыс Сәрсенғалиев және аудандық мәслихат хатшысы Қайрат Төлегенов қатысты.
Тіс емханасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылып отыр.
Салтанатты ашылуда сөз алған Шыңғыс Сахихұлы: «40 жылдық тарихы бар облыстық балалар тіс емдеу емханасы облыстағы ауқымы кең, танымал емхана. Бүгінгі жаңалығы халық үшін таптырмас мүмкіндік. Енді баласының тісін емдеткісі келген ата-ана қолжетімді қызмет орталығын іздеп облыс орталығына жүгірмейтін болады. Тікелей осы тіс емханасына келе берсе болады»,-деп көпшілікті қуантты.
«Емханада науқастарға тіс ауруының диагнозы қойылып, біреулер тісін жұлдырса, енді біреулер медициналық тексеруден өтеді. Тегін стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгілерге көрсетіледі. Яғни тіс жұлу, емдеу т.б барлығы жоғары білімді тіс дәрігерлерінің кәсіби шеберлігімен жасалады. Тек емханада панорамалық рентгенге түсіру ғана ақылы қызметте. Ақылы қызмет құны 2000 теңге. Ал көп балалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Заманауи үлгідегі аппараттармен жабдықталған емханада үш кабинет өз деңгейінде халыққа қызмет етуге әзір. Біз өз алдымызға, ең алдымен, сапалы қызмет көрсетуді міндет етіп қойдық.»,- деді филиал басшысы, дәрігер Мұратбек Мудремов.
Өздеріне жүктелген заңды талаптар мен міндеттерді басшылыққа алған тіс емханасы ендігі жерде тісі ауырғандардың мазалаған тісін «тәртіпке салатын» орынға айналмақ.
Айта кетейік, аталмыш емхана қаладағы 10-ықшамаудан, 21-үйде орналасқан.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz