24.10.2018, 10:15
Оқылды: 62

Ақсайда жаңа әліпбиге көшу мәселесі талқыланды

Ақсай қаласында облыстық тілдерді дамыту басқармасының өкілдері қазақ әліпбиін латын графикасына негізделген жаңа алфавитке кезең-кезеңімен көшіру мәселесі, қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын қоғам арасында талқылау үшін кездесу өткізді.

 latyn (2)

Кездесуді облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика бөлімінің басшысы Гүлнар Әлжанова мен БҚМУ доценті, танымал ғалым Ғабит Хасанов жүргізді.

Білім ордасында бас қосқан тіл жанашырлары қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңыздылығы мен өміршеңдігіне тоқталды.

Гүлнар Жәрдемқызы Елбасы Н.Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы жарлығы шыққалы бері өңірімізде жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатқандығын, жалпы емле ережесін қалай жасау, қалай жүзеге асыру керектігі жөнінде айтып берді.

Сонымен бірге жиында қараша айының 14-і күні латын әліпбиімен жалпыхалықтық диктант жазу күні болатындығын айтты. Оған жасы 15-тен асқан ҚР азаматтары қатыса алады. Бұл дегеніміз 2025 жылға дейін ақырындап осындай алдын ала жаттығу жұмыстарын орындай отыра, бір жүйеге тоғысамыз деген сөз.

Ғалым Ғабит Қайыржанұлы елімізде латын әліпбиіне кезеңдеп көшудің жоспары әзірленгендігін айта келіп, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты дайындаған жазылу емлесі бойынша бірқатар жұмыстарды көпшілік назарына ұсына отырып, латын қарпіне көшудің тиімді тұстарын айтты.

-Қорытындылай айтқанда, әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін латын қарпін үйрену, жаза білу және оқи білу қазақ еліне артық болмайды. Кейінірек біртіндеп үйрену, меңгеру арқылы өзіндік алфавитін қалыптастыра түседі,- деді ғалым.

Отырыс соңында сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасулар болды.

Сәнім МЕҢДІБАЙ,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале