12.09.2018, 10:09
Оқылды: 73

Ақсайда жаңа баспанаға 56 отбасы көшкен

Осыдан екі жыл бұрын Ақсай техникалық колледжі жатақханасының ғимараты апатты деп танылып, тұрғындар ғимаратты босатуға мәжбүр болды. Осыған орай жергілікті атқарушы билік тарапынан тиісті шаралар қолға алынып, тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ақсай шаһарынан жатақхана тұрғындарына арнап типтік үлгідегі бес қабатты тұрғын үй салынып, бүгінде отбасылар жайлы баспанаға жайғасты.

Aksay obshaga

         Құтты баспана 56 отбасының жайлы мекеніне айналды. Әр бөлмесі 35 шаршы метр болатын ұядай ғана пәтерде жатын бөлмеден өзге, асхана мен жуынатын бөлме де қарастырылған. Баспана тауқыметін көріп, апатты жатақханада тұрған тұрғындар жасалған жағдайға, салынған баспананың сапасына дән риза. Жарық, әсем ғимаратта домофон, бейне бақылау камералары жұмыс жасайды. Аула іші абаттандырылып, балаларға ойын алаңы салынды.

         Галимовтар отбасы жайлы мекенге осыдан екі апта бұрын көшіп келді.

         - Бұрған дейін біз АТК жатақханасында бір бөлмеде тұрдық. 4-5 бөлменің жуынатын жері ортақ болды. Сонда да сол үйді, «апатты жағдайда, тұруға болмайды сіздерді шығарамыз» дегенде біз қорықтық. Шыққымыз келмеді. Беріле ме, берілмей қалама деген үрей болды. Сонда да екі жыл күтіп, қуанышты күнге жеттік. Бөлмемізді алдық. Басшыларға ризамыз. Азын шоғын кемшіліктер болады, оны өздігімізден жасап аламыз. Бәрі де жақсы, ыңғайлы, - деді осы үйдің тұрғыны Қанипа Галимова.

         Бірақ ескі жатақханада тұрған 76 отбасының 56-сы ғана жаңа баспанаға көшірілді. Қалған жиырма отбасының әзірге пәтер алмауының әр түрлі себептері бар. Бұл мәселені аудан әкімі Санжар Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифингте түсіндіріп берді.

         -20  отбасы ішінен сегіз отбасы өздерінің жылжымайтын мүліктері болғандықтан комиссияға өтініш түсірмеген. Ал алты отбасы өтініштерін жазды, комиссия қарап, аталған отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік тіркелгендіктен пәтер беруден бас тартылды. Типтік үлгідегі баспана қала әкімдігінің меншігінде болады. Қазір ғимаратты жалға беру үшін қала әкімшілігі мен тұрғындар арасында келіссөздер жүруде. Әр пәтерді жалға алу құны шамамен 5500 теңге болса, қосымша 2500 теңге ғимаратты күтіп ұстауға, тазалықты сақтап, жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Бұл жұмыстардың барлығын жауапты мердігер жасайды, - деді Санжар Жұматайұлы.

         Жалпы арнайы құрылған комиссия әлі де тұрғындардың өтініштерін қарауға әзір. Комиссия мүшелері қажетті құжаттарды толық жинамаған отбасыларға жазбаша түрде түсіндірме хат жіберілгендігін айтады. Яғни ел аумағында тіркелген тұрғын жайы жоқ отбасылар Қазақстан Респубикасының заңнамасына сәйкес баспана ала алады. Одан өзге, жаңа баспанадан Ақсай қаласына еңбек етуге келген әлеуметтік сала мамандарына пәтер берілуде.  Айта кетейік, типтік үлгідегі баспана КПО компаниясының әлеуметтің жобасы негізінде бой көтерді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы

Aksay obshaga (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале