15.04.2025, 17:15
Оқылды: 300

Ақсайда «Жауынгер жолы» атты тарихи-танымдық кездесу кеші өтті

Бұл кештің мақсаты жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру болып табылады. Аталған кездесу аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының ұйымдастыруымен оздырылды.

0886b368-60b7-4dff-bf54-3cadc1898827 Шараға тарих ғылымдарының магистрі, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалының ізденушісі Айболат Құрымбаев, Мәншүк Мәметова мемориалдық музей меңгерушісі, магистрант Ахмедияр Батырханов және тәжік-ауған ұрыс әрекетінің ардагері Мадияр Идаевтар қатысып, жұмыстарын баяндады.

5117c0c8-8e36-4b2b-8c7b-ac4b00a66396

Аталған кездесу Ақсай қаласындағы №2, №3 ЖОББМ-де, «Пугачев мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде» және аудандық өлкетану музейінде өтті. «Жауынгер жолы»  іс-шарасы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа еліміздің тарихын тереңірек түсініп, батырларымыздың ерен ерліктерін ұмытпауға бағытталған.

- «Жауынгер жолы» - өте ерекше жоба. Бұндай жоба басқа аудандарда жоқ. Бөрлі ауданы бұл шараны арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша өткізуде. Бұл жобаның басқа да түрлі шаралары бар. Олардың бәрі де жылдың аяғына дейін ұйымдастырылады. Жоба тек қана әскери-патриоттық тәрбие ғана емес, сонымен қатар туризм, тарих және өлкетану бағытындағы шаралармен қамтылған. Бүгінгі кездесуіміз Бөрлі ауданының 90 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы сияқты атаулы шараларға байланысты өтіп жатыр. Бөрлі ауданымен біз әрқашанда тығыз байланыста жұмыс жасаймыз, - дейді «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» атқарушы директоры Айболат Шамұратұлы.

Кездесу барысында М.Мәметова мемориалдық музей меңгерушісі, магистрант Ахмедияр Батырханов Мәншүк Мәметова туралы ақпараттармен бөлісті. Ағымдағы жылдың 11-15 қаңтар күндері БҚО әкімі Нариман Төреғалиұлының қолдауымен облыстан 9 адамнан тұратын делегация Ресей Федерациясы, Псков облысы, Невель қаласына аттанған екен. Бұл 1943 жылдың 15 қазан күні Невель қаласын жаудан азат ету кезінде ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қызы Мәншүк Маметованың жерленген жеріне зиярат етіп, құран бағыштау мақсатында ұйымдастырылған сапар болатын. Сапар барысында делегация Мәншүк апамыздың соңғы шайқасы болған жерде де болыпты.

185f3ce4-89c3-42c0-8a16-ea5ca2ccb255

- Ұлы Отан соғысындағы жеңіс шайқас алаңында қанын төгіп, мұз жастанып жүріп ерлікпен қаза тапқан қайран ерлердің қанымен келді. Соғыста аузынан жырып, бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін деп қолындағысын, тапқан-таянғанын Қызыл Армияға жолдап, майдан да жүрген жауынгерлер аш болмасын, майдандағы жауынгерлер тоңбасын деп тылда тыным таппаған тыл еңбеккерлерінің терімен келген жеңіс. Бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бұл жеңіс қасіретті жылдардың бізге қалған таңбасы. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 млннан астам адам аттанды десек, соның тең жартысынан астамы елге оралған жоқ. Қан майданда хабар ошарсыз кеткендер, соғыста жау қолына тұтқынға түскендер, тұтқында дәм тұзы таусылғандар өте көп. Соғыстың қасіреті сол. Әр отбасыдан майданға аттанып, қайта оралмаған аталарымыз баршылық. Олардың ұрпақтары әлі күнге аталарымыз туралы бір мәлімет болса екен деп іздеумен жүр. Сапарда жүргенімізде кірген дүкеніміздегі сатушыдан, көшеде көрген оқушылардан «Мәншүк Мәметованың кім екенін білесіздерме» деп сұраған едік. Бәрі де білетіндерін айтып, мүдірмей жауап берді. Қайдан білесіздер деген сұрағымызға біздің қаламызда жерленген батыр туралы әрине біздің білуіміз керек қой деп жауап берді, - дейді Мәншүк Мәметова мемориалдық музей меңгерушісі, магистрант Ахмедияр Қуанұлы.

Сапар барысында делегация ең алдымен Ржев қаласындағы ескерткіште болған екен. Бұл жерде жерленген 18000 жауынгердің бәрі де осы қаланы азат ету кезінде қаза тапқан. Олардың бәрі де 1942 жылы Алматы қаласында жасақталған 100-қазақ ұлттық атқыштар бригадасы және осы жылы Ақтөбе қаласында жасақталған 101-қазақ ұлттық атқыштар бригадасының жауынгерлері екен. Невель қаласының өзінде 600-ден астам бауырластар зираты бар екен. Батырларымыз Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметова, Әбілқайыр Баймолдин үшеуі бір бауырластар зиратында қатар жерленіпті. Негізінен Мәншүк апамызды алдымен Невельден 20 шақырым жердегі Заиванье деревнясында жерлеген екен. Кейіннен Невель қаласының орталық саябағына қайта жерлепті.

778337e9-17e0-4715-b390-aa6e9e196d22

Ахмедияр Қуанұлы өз баяндамасында батырларымыздың ерліктері туралы айтып, жастарды осындай патриоттық шараларға белсене қатысуға, ізденуге шақырды. Сонымен қатар ол өзінің зерттеу жұмысы кезінде соғыс ардагерлері туралы жазылған кітаптарда, еңбектерде қателер бар екенін де атап өтті. Атап айтсақ, «Боздақтар» кітабының 1-томында БҚО бойынша 1941-1945 жылдары тұтқында 157 адам қайтыс болды деп жазылған. Осы сұрақты зерттеу барысында Ахмедияр Қуанұлы БҚО бойынша 1939-1945 жылдар аралығында Фин және Ұлы Отан соғысында 1028 адамның тұтқынға түскенін, олардың 811-і тұтқында қайтыс болғанын анықтаған. Ал қалған 217 адамның кейінгі тағдыры белгісіз екен. Шара барысында Ахмедияр Батырханов осындай қате кеткен бірнеше еңбекті оқушыларға көрсетіп, мысалдар келтірді. Жиын соңында қонақтарымыз оқушыларға айтқан тақырыптары бойынша сұрақтар қойып, жауап бергендерге арнайы сыйлықтар табыстады.

- Негізі бұндай шаралардың жиі болғаны жақсы деп есептеймін. Өйткені бұл шаралар өсіп келе жатырған жас буынға өте пайдалы. Қазіргі уақытта әлі күнге дейін өзінің тарихын, ата-бабасының ерлігін білмейтін жастар көп. Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың кім екенін білмейтін, оларды шатастыратын жастар бар. Бүгінгі кездесуде кейбір кітаптар да ақпараттардың қате жазылғанын естідік. Осындай шаралардың, ізденген зерттеушілердің арқасында біз осындай ақпараттарды біліп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл сұрақтар біздің емтихан, тесттерімізде де келуі мүмкін. Бұндай кездесулер жиі болуы керек деп санаймын, - дейді №3 ЖОББМ-тің 10-сынып оқушысы Жансұлу Уалиханова.

9a65bfa1-ec68-46bf-bca9-bbba58e10176

Аталған шарамен бірге аудандық өлкетану музейіне аудан оқушылары мен Ақсай қаласының тұрғындары тамашалау үшін Мәншүк Мәметова мемориалдық музейінің қорынан жабдықталған жәдігерлерді алып келген екен. «Ер есімі – ел есінде» атты көрмеде Мәншүк Мәметованың ерлігін насихаттау мақсатында оның жеке заттары мен батырымыз туралы жазылған еңбектер қойылған. Сонымен қатар Ресей Федерациясы, Псков облысы, Невель ауданындағы соғыс алаңынан табылған қару-жарақтар және тағы басқа да жәдігерлер әкелінген. Көрмені қор сақтаушы Раушангүл Тажидаева таныстырды. Аталған көрме ауданда 10 күн, яғни, 20 сәуірге дейін болады.

 

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале