16.04.2024, 21:00
Оқылды: 59

"Ақсайға өнім шығарушы кәсіпкер керек"

Кәсіпкерлік қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызмет. Соңғы жылдары құлашын кеңге жайған бұл сала өкілдеріне талап жоғары. Сапалы өнім, тұрақты тұтынушыдан бөлек заң тұрғысында, жаңалықтар мен уақыт талабына сай өзгеріп отыру да маңызды. Сондықтан кәсіпкерлерге қолдаудың да керегі көп. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы осы мақсатта өз қызметін жүзеге асырып отырған ұйым. 

02 (1)

Қазіргі таңда салада нендей жаңалық бар, қандай жұмыстар атқарылып жатырғаны мен жалпы аудандағы кәсіпкерлік деңгейі көпшілікке қызық. Сондықтан палатаның негізгі мақсатын білу және кәсіпкерлердің жай-күйін ұғыну мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Бөрлі ауданындағы филиалының директоры Руслан Мамбеталиевпен сұхбаттастық.

− Руслан Ғұсманұлы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі миссиясы қандай?

− Палата Қазақстандағы әр деңгейдегі кәсіпкерлердің ең бірінші кезекте құқығын қорғауды өзіне мақсат еткен. Одан бөлек саладағы соңғы жаңалықтармен бөлісу, заңдарға енгізілген өзгерістерді түсіндіру секілді ақпараттық қолдау жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, соңғы жылдары үкімет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бірнеше бағдарлама жүзеге асырылуда. Палата филиалы осы бағдарламаларға қатыса алатын кәсіп өкілдеріне талаптарын, қатысушы жолдарын жеткіземіз. Қажет болған жағдайда бірге құжат дайындап, бағдарламаның игілігін көруіне септігімізді тигіземіз.

Заңдарға да өзгеріс енгізіліп тұрады. Ал соның ішінде кәсіпкерлікке қатысты қандай да бір бөлімі болса уәкілетті орган Ұлттық кәсіпкерлік палатасының мақұлдауын алуы керек.  Кейін ол заң шыққаннан кейін сала өкілдеріне жеткізу де маңызды. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің құқығының бұзылмауына және заңға қайшы әрекет жасамауына өз үлесін тигізеді.

− Палатаның біздің аудандағы филиалының жұмысы туралы айтып өтсеңіз?

− Жалпы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы 2013 жылдың 9-шы қыркүйегі күні ҚР Үкіметі және «Атамекен» Одағы» қазақстандық үкіметтік емес ұйымның бірлескен шешімімен құрылған. 2015 жыл 27 наурызда «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып ресми қайта тіркелді. Палатаның аудандағы филиалы бүгінде 10 жылға жуық қызмет етіп келеді.

Жалпы әр аудандағы филиалда директор мен кеңес беруші менеджерлер бар. Палатаға қызметке орналасқысы келетін жандар экономика министрлігінің арнайы талаптары бойынша қабылданады. Кейін менеджер кәсіпкерлерге қолдау, түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналысады.

Жалпы облыс орталығынан кейінгі үлкен қала Ақсай екені белгілі. Біздің ауданда қазіргі кезде 5000-нан астам кәсіпкер тіркелген және оның 1700-ге жуығы заңды тұлға. Оның үстіне «Қарашығанақ» мұнай-газ конденсаты кен орнының алар орны ерекше. Сондықтан ауданда көбіне қызмет көрсетуші сала өкілдері жиналған. Дегенмен кәсіпкерлер қатарында өнім шығарушылар да бар. Ал филиал осы жандардың басын қосуға, өзара тәжірибе алмасуға және талап-тілектерін жеткізуге қызмет етеді.

Сондай-ақ палата тарапынан болатын түрлі шараларға қатысуына мүмкіндік жасау, өнімдердің саудаға шығуына ықпал ету, түрлі деңгейдегі форум мен көрмелерге қатыстыру секілді жұмыстар жүргізіледі. Бұл да өз кезегінде кәсіпкерге ең бірінші кезекте тәжірибе, кейін өнімін жарнамалауға мүмкіндік береді.

Одан бөлек, аудандағы филиал өкілі ретінде біз түрлі комиссия құрамына енеміз. Оның ішінде жер қатынастары, коммуналдық меншіктегі нысандарды жалға беру секілді бірнеше комиссия бар. Мұнда біз бірінші кезекте заңдылығын тексеру, кәсіпкерлерді қолдауға септігімізді тигізу мақсатында жұмыс істейміз.

− Кәсіпкерлік саласында бір кісідей қызмет етіп жүрген жан ретінде біздің аудандағы кәсіпкерліктің деңгейі қандай деп ойлайсыз?

− Мен қай кезде де Бөрлі ауданы ең оңтайлы әрі тиімді жерде орналасқан аумақ екенін айтып жүремін. Іргемізде орналасқан «Қарашығанақ» кен орнының берері мол. Кен орнының арқасында көптеген жұмыс орны ашылып, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына жақсы үлес қосады. Алайда Ақсайға өндіріс орындары қажет-ақ.

Әрине, бірден үлкен көлемдегі өндіріс пен зауыт ашу мүмкін болмас. Дегенмен кәсіпкерлік саласына келем деуші жандар көбіне өнім шығарса дұрыс болар еді. Соңғы жылдары елімізде цех ашу қарқын алып келеді. Міне, сондай өнім шығаратын бірнеше кәсіп ашылса өндіріс өркен жаймақ. Себебі ол аз да болса 2-3 адамды жұмыспен қамтуға, жергілікті өнім санын көбейтуге сеп болады. Тіпті бүгінгі күні мемлекет тарапынан қысқа мерзімде азаматтарды белгілі мамандыққа оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Жұмыспен қамту орталықтары тарапынан бизнес бағытындағы білімді де жетілдіруге болады. Міне, осы мемлекет берген мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіпке келуге болады.

Ал нақты фактіге келетін болсақ, аудандағы кәсіпкерлердің көбі сервистік бағытта жұмыс істейді. Оның ішінде кен орнындағы сервистік, көлік қызметін ұсыну секілді бағыттар көп қамтылған. Сонымен қатар қонақ үй, мейрамхана мен тамақтану орындары секілді кәсіп иелері көп.

Осы тұста айта кеткен жөн, соңғы жылдары кен орнындағы қызмет көрсету жұмыстарын кей алпауыт компаниялар атқаруға мүмкіндік алған соң шағын компания өкілдері тарапынан арыз-шағым көптеп түсуде. Себебі бірнеше адам жұмыс орнынан айрылса, кей азаматтар компаниясын жабуға мәжбүр. Одан бөлек бұрын өзара қосалқы мердігер жалдау, яғни «субподряд» деген болатын. Ал қазір қала тұрғындарына белгілі компания бірнеше жұмысты жалғыз өзі атқарып, жергілікті компаниялар тысқары қалып қойды. Бұл мәселені біз аудан басшылығына да, тапсырыс беруші компанияға да жеткізіп, оңтайлы шешімін табуға тырысып жатырмыз.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «Қарашығанақ» кен орнындағы ең басты компанияның аудандағы кәсіпкерлермен байланысы да мәз емес. Әлеуметтік жағдайдағы наразылық тудыру қаупі бар. Сондықтан компания өз мердігерінің қызметкерлерінің жай-күйін білуі, жағдайдың жасалауын бақылауда ұстауы маңызды. Байланыс келісім-шартқа отырумен шектелмеу керек. Бұл тұста да біз компанияға бұл мәселені жеткізуге, мән-жайды түсіндіруге тырысып жатырмыз.

Әрине, кәсіпорын ауданға, республикаға көп көлемде инвестиция алып келуде. Оның үстіне түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып, қоғамдық өмірге араласуда. Дегенмен компания бірінші кезекте Бөрлі ауданына басымдық бергені дұрыс шығар.

Екінші деңгейлі банктерге қатысты да мәселе бар. Мұндай қаржылық орындарда бизнеске арналған несие беру мүмкіндіктері қарастырылған. Дегенмен біздің ауданда орналасқан банк филилалдары мұндай жұмыстарды жүргізуге қауқарсыз. Сол үшін бөрлілік кәсіпкерлер облыс орталығы Орал қаласына барып, құжат тапсыруға мәжбүр. Кейде тіпті кей құжаты дұрыс болмай немесе қажетті құжатын ұмытып кеткендіктен ауданға кері келіп-кететін кездері болады. Қарапайым мал бағып, ауылшаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер үшін бұл тиімсіз екені айдан анық. Себебі қора-қора малын бірнеше күнге бақылаусыз қалдыра алмайды. Сондықтан қазіргі кезде біз екінші деңгейлі банктерді, кей корпорациялардың өкілдерін ауданға әкелу жолын қарастырып жатырмыз. Мәселені шешіп бермесе де құжаттардың толық жиналуын қамтамасыз етіп, Оралға тек «дайын» болып баруына мүмкіндік жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

− Сұхбатымызды қорытындылай келе, бизнес өкілдерімен білек сыбана араласып, кәсіп иелерімен күнделікті жұмыс істеп жүрген азаматсыз. Палата филиалы да аудандағы кәсіпкерлік саласының «сөзін сөйлеп», «пұшпағын илеп» жүр. Осы тұста бөрлілік келешек кәсіпкерге, бүгінгі бизнес өкіліне қандай кеңес берер едіңіз?

− Кәсіп – икемділік сөзімен пара-пар. Сондықтан бірінші кезекте бүгінгі күні танымалдылыққа ие сала емес, өз икемі бар бағытты таңдағаны дұрыс. Себебі шын жүректен шыққан өнім қашанда өзінің тұтынушысын табады және сапалы болады. Ал біз бұл бастаманы нақты іске айналдыруға мүмкіндік жасай аламыз. Қызметі болғанмен түпкі көңілі қалаған бағыты басқа жандар қоғамда көп. Олардың ойында «шикі» болғанымен түрлі идея жүруі мүмкін. Кейде тіпті жоспар-мақсаты дайын, алайда қаржылық қиыншылықтарға байланысты жүзеге асырылмай тұрған жобалар болуы мүмкін. Міне, осындай жандарға қолдау мен көмек беру мақсатында мемлекеттен бірнеше бағдарлама қарастырылған. Тегін гранттан бастап төмен пайыздағы несие секілді кәсіпке оң үлес қосушы бастамалар жүзеге асырылуда. Ал біз бұл бастамаға қол жеткізу, шарттардан сүрінбей өтіп, бағдарлама игілігін көруге көмектесеміз. Бастысы шын ниет, нақты мақсат пен жүйелі жоспар керек.

− Риясыз әңгімеңіз бен сүбелі сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Аслан Нұразғали,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале