11.01.2023, 10:15
Оқылды: 167

 «Ақша төлесеңіз, арықтайсыз!»

Паһ, шіркін, сұлу мүсін иесі болуды кім қаламайды дейсіз? Денедегі «мезі қылған майдан» арылып, сымбатты болып жүруді кім жек көрсін? Расымен де қазіргі таңда қыз-келіншектердің өзекті мәселелерінің бірі – артық салмақтан арылу. Жалпы, қыз баласы үшін ең қиыны өз салмағымен алысу шығар. Спортпен жастайыңыздан біте қайнасып өспесеңіз, үнемі шұғылданып жүру де оңай емес. Кенеттен еріншектікке беріліп, тастап кетуіңіз мүмкін. Диета да солай. Қашанғы өзіңізді тамақтан шектей бересіз, бір күні қолды бір-ақ сілтейсіз. Бәріне төзіп, айтарлықтай салмақ тастаған күннің өзінде да біраз уақыттан соң қайтадан томпақ қалыпқа келіп алуыңыз да әбден мүмкін.

image_l

Фото: Massaget.kz

Арықтау көп жағдайда өте қиын процесс екені әмбеге аян. Арықтау процессі міндетті түрде нәтижелі болуы үшін диетологтардың кеңестеріне құлақ асу қажет.  Кәсіпқой диетологтар тез арықтау үшін дәрі-дәрмек қолданудын қажеті жоқ екенін баяғыдан ескертеді. Ең бастысы салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Дәрі демекші, желідегі жарнамалардың ішіндегі ең көп тарағаны – артық салмақтан арылтуға арналған өнімдер, дәрілік препараттар. Дәрілік препараттан гөрі дұрыс тамақтану тиімдірек. Мұның барлығы дерлік пайдалы емес. Бұл хақында подстепныйлық Жадыра Қаратаева:

– Дүниеге үш бала әкелген соң қатты толысып кеттім. Арықтап, өз-өзіме келу үшін жаттығулар жәрдемдеспеді. Содан бір күн instagram әлеуметтік желісінен арықтауға арналған дәріні оқып қалдым. Алматы қаласынан арнайы алдырттым. Басында арықтап келе жатқан секілді көріндім. Кейін асқазаным ауыра бастады. Тамақ ішсем болды, лоқсып құсып тастап жүрдім. Сосын жолдасым ұрсып, дәріні ішуді тоқтаттым. Атауын ұмытып қалып отырмын. Әйтеуір, түсі көмір секілді қап-қара таблетка, қытай тілінде жазылған жазулары көп. Шыны керек, жазуына мән бермедім, бастысы арықтасам болды деген ой болды. Бағасы қолжетімді болғаны не керек, енді қазір асқазанымды емдетіп жүрмін. Оның үстіне жаңағы таблетканы ішуді тоқтатқаннан кейін бұрынғыдан бетер толысып кеттім, -деп  келіншектерді белгісіз дәрілерді ішуден аулақ болуға шақырды.

Екеуміз аурухананың дәлізінде әңгімелестік. Расында да, бұл подстепныйлық тұрғын асқазанын емдету үшін дәрігердің кезегінде тұр екен.

Ал енді онлайн  «Арықтау марафонына» тоқталсақ. Артық салмақтан арыламын деген кез келген жан еліміздің қай өңірінен болса да қатыса алады. Оларға арнайы уақыт беріліп, сол уақыт аралығында салмақ тастауға талпынады. Бұл марафонға белгілі бір көлемде ақша төлейді екен. Сонымен қатар мотивациялық тұрғыда жеңімпаздарға ақшалай сыйлық та ұйымдастырылады. Мұны Ақжайық ауылының тұрғыны Бақыт Қажмұратовадан естідік.

– «Арықтау марафонының» түр-түрі бар. Соған байланысты төлейтін ақшасы да әр түрлі. Мәселен, мен екі жұмалық курсқа 60 мың теңге төледім. Түрлі жаттығулармен қатар, дұрыс тамақтанудың ережелерін үйретеді. WhatsApp желісінде онлайн чаттарымыз бар, видео сабақтар жолдайды, соған қарап жаттығып, тамақтанамыз. Нәтижесі жаман емес, едәуір салмақ тастадым. Ақша төлесеңіз, арықтауға болады, - дейді Бақыт бикеш.

Бірақ... Әй, қайдам, екі апталыққа 60 мың төлейтін Бақыттың «бақыты» әр келіншекке бұйыра бермейтіні тағы бар.

Рас. Кейінгі кездері арықтауға қатысты онлайн-марафондар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып кетті. Бұл марафондар шын мәнінде пайдалы ма? Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, мұндай курстардың кемшін тұстары да бар екен. Ең басты тұсы денсаулықпен байланысты. Өйткені кей жағдайда ең ауыр салмақтағы адамдар өзінде қандай аурулар бар екенін білмеуі де мүмкін. Ұзақ уақыт бойы калорияның жетіспеуі ұйықтап жатқан аурулардың көзін ашып жіберуі де ықтимал. Ал марафон өткізушілер қатысушыларға дәрігерден алдын-ала толыққанды тексерістен өту керектігін айта қоймайды. Осыған сәйкес қандай да бір арықтау марафонына қатыспас бұрын жалпы қан сараптамасын, биохимия тапсырудың артықшылығы жоқ. Тіпті терапевт-дәрігердің алдынан бір өтіп алсаңыз да артық болмайды. Марафон құны өткізушісінің танымалдылығына, тәжірибесіне байланысты түрлі болуы мүмкін. Өз бетінше салмақтан арылу жақсы, дегенмен оған білім жете ме, мәселе сонда. Интернет арқылы артық салмақтан арылтуға кепілдік беру деген қисынға келмейді. Мұны да біле жүргеніңіз жөн.

Көмегі көп тегін тәсіл 

Хош, сонымен артық салмақтан арылғысы келетін қыз-келіншектерге пайдасы тиетін ТЕГІН тәсілдер жөнінде айта кетуді ұйғардық. Тамақтан бас тартып, аш жүру ме? Жо-жоқ! Қазіргі күні барлық диетолог-дәрігерлер бұның дұрыс еместігін айтып дабыл қағуда. Өйткені бұл тәсілдің арықтау үшін еш көмегі жоқтығымен қатар, денсаулыққа да аса ауыр зардаптары бары анықталған. Шынымен де, азаннан кешке дейін аш жүрсеңіз әлсіреп, бойыныздан күш-қуатыныз кетіп, ұйықтай бергіңіз келетіні барлығымызға ақиқат. Әрине, сіз тек жейтін тамағыңыздағы калорияларды ғана ескеріп, ондағы ақуыз, нәруыз және өзге де сізді энергиямен қамтамасыз ететін пайдалы элементтері мүлдем елемейсіз. Сонымен қатар адамның қарны ашқан кезде денедегі май өзінен-өзі қорғану реакциясын беріп, бірінен кейі бірі түзіле бастайды екен. Сол себепті ашығу жолымен арықтаудың пайдасынан гөрі зияны басым әрі өте тиімсіз. Мұның барлығы тәжірибе жүзінде зерттеліп, дәлелденіп жатқандықтан дұрыс арықтаудың да амалдары диетолог-дәрігерлердің сынағынан өтпей қалған жоқ. Олардың кезекті эксперименттері «Арықтау дегеніміз – дұрыс тамақтану» деген тұжырымдамаға әкелген. Алда тағы қандай өзгерістер болары белгісіз, әзірше осы әдіс ең дұрысы болып отыр. Енді  «Дұрыс тамақтану деген не?» деген сұраққа жауап керек. Дұрыс тамақтану – майлы тағамдардан, ұн, макарон өнімдерінен, фаст-фудтан, газды сусындардан, тәттілерден бас тарту. Көкөністер, жеміс-жидектер, сүт тағамдары, теңіз өнімдері, бұршақ тәрізділер сияқты пайдасы мен дәмі қатар жүретін тамақтар толып жатыр. Тек біраз іздену қажет. Бұл тағамдардың барлығын дерлік қалта көтереді деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Алайда сіздің күнделікті жейтін шокаладтарыныз бен KFC да 1-2 тиын тұрмайды. Сондықтан «ақша жетпейді» деген сөз тек сылтау ретінде қабылданады. Ал енді дұрыс тамақтануға көшудің бірнеше амалдарын көрсетсек:

Үйренген тағамдарыңыздан бас тартып бірден жеміс-жидекке көше салу, әрине, оңай емес. Әуелі миыңызды жаттықтырыңыз. Шокалад сатып алмас бұрын «Мен осы ақшаға жеміс алсам бұл әлдеқайда пайдалырақ» деп ойлап, тәтті сататын дүңгіршектен жеміс-жидектер сөресіне қарай көз тастаныз. Онда да сізді қанағаттандыратын дәмді дүниелердің табылары хақ.

Артық салмақ жиналудың басты себебі – бұл  шамадан тыс килокалориялар, сол үшін күнделікті жейтін калорияларыңызды есептен көріңіз. Ол үшін телефоныңызға арнайы қосымшаларды көшіріп алсаңыз болады. Мәсселен, «fat secret» қосымшасы бар. Адам орта есеппен күніне 1000-1500 ккал көлемінде ауқаттану керек екен. Әрине, салмағыңызға  қарай бұл сандардың тұрақты болмауы да мүмкін.

Алатын тағамыныздың құрамына назар аударуды ұмытпағайсыз. Бәлкім, сіз үшін дүкенде әр тағамның құрамын оқып тұру біртүрлі болып көрінер. Алайда бұл жаман емес. Мысалы, сіз ірімшік сатып алуға бардыңыз делік. Сөреде оның түр-түрі толып тұр. Біз сияқты қарапайым адамдар үшін олардың айырмашылығы тек бағалары мен көлемдерінде. Дегенмен олай емес. Екі ірімшіктің құрамын қарасаңыз ондағы айырмашылықтар жер мен көктей. Ккал-дарынан бастап ақуыздары, нәруыздарына дейін өте үлкен сандарға айырмалар болып жатады. Мұндайда калориясы азын таңдағаныңыз абзал.

Дұрыс тамақтанудағы тамақтану режимі – ол күніне аз-аздан 5 рет немесе орташадан  3 рет. Сонымен қатар күніне бір уақытта ауқаттанып үйреніңіз. Сол үшін күнтізбеңізге лайықты, ыңғайлы уақыттарды белгілеп, күніне тек сол уақытта ғана тамақтаныңыз. Сол кезде сіздің асқазаныңыз ойда-жоқта тамақ талап етпейтін болады.

Қазақ болған соң, ет десе, елеңдеп тұратынымыз тағы бар. Күнделікті жасайтын тағамдарымыздың барлығы дерлік еттен. Бірақ дұрыс тамақтануда оған біраз шектеу жасауға тура келеді. Себебі, сіз жейтін еттің құрамында өте көп ккал болуы мүмкін. Сіздерге толықтай вегетериан болыңыздар деп отырғаным жоқ. Тек еттің де еті болады ғой, сондықтан қой етінен бас тартып жылқы және тауық еттеріне үйреніскеніңіз жөн.

Әр тамақты жеудің де өз мерзімі болады. Бәлкім, сіздер бұл аса маңызды емес деп ойлайтын боларсыздар. Десек те бұл сіздің арықтау жолыңызға біраз кедергілер келтіруі мүмкін. Жарайды, сіз өз ас мәсіріңізге өншең пайдалыларды еңгіздіңіз,  бірақ мұнымен іс бітпейді. Оларды тамақтану мерзімдеріне дұрыс жіктей білу керек. Мысалы, ботқа, айран, банан дегендерді таңғы асқа жеген дұрыс, себебі олардың құрамында көмірсу біраз көптеу, ал көмірсу көбінесе күннің бірінші жартысында ғана желіну керек. Ал бұларды кешкі асқа жеу асқазанға үлкен ауырлық тудырады.

Дұрыс тамақтану сөзіне салауатты өмір салтын ұстану өте сай келеді. Сондықтан күнініздің 15-20 минутын дене жаттығуларына арнаңыз. Көбіміздің санамызда «спортпен айналысу атақты жұлдыздар жаттығатын үлкен фитнес-клубтарда, міңдетті түрде қымбат тренерлердің көмегімен өтуі керек» деген таптаурын қалыптасып қалған. Сіз дым әсері болмайды деп есептейтін 15-20 реттік отырып тұрудың өзі дене бітіміңізге үлкен пайдасын тигізеді. Сондықтан қалт ете қалсаңыз, мойныңызға болсын, иығыңызға болсын жаттығу жасай отырыңыз. Әлеуметтік желіге кетіретін жарты күніңіздің жанында 15-20 минут деген түк емес.

Нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен өзіңізді әбден дайындап алыңыз. Салмақ тастауға тәніңізді ғана емес, жаныңызды да көндіріңіз.

Самал Жамет,

Теректі ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале