Шыңғырлау ауданы орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің бірі – Ақшат ауылдық округі. Кеңес заманында «Лубен» деп аталған өлкеде қазақ, орыс, украин, неміс, белорус, татар ұлт өкілдерінен құралған 1400-ге жуық халық тұрады. Бүгінде көгілдір отыны, таза ауыз суы оң шешімін тапқан ауылда әлеуметтік нысандар заман талабына сай жаңартылып, халықтың тұрмысы жылдан жылға жақсарып келеді. Тек биылғы жылдың өзінде мектебі жөндеуден өтіп, ауыл ортасына тақтайтай тегіс жол, тротуар төселді. Ендігі кезекте, ауылдық балабақша да жөндеуден өтуде. Жергілікті жерде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген Ақшат ауылдық округінің әкімі М.Сатыбалдиев осы жұмыстардың басы қасында.
Негізінен алғанда, 350-ден астам түтіні бар ауылда Үкіметке алақан жайып отырған отбасылар кемде-кем. Көпшілігі мал ұстап, кәсіпкерлік ашып, түрлі қызметте өз напақасын тауып жүр. «Жазда шанаңды, қыста арбаңды сайла» демекші, жаз бойы мал азығын дайындап, қысқа қамданған шаруа жандардың арқасында биыл Ақшат ауылында шөп жоспардан артық 110 пайызға орындалыпты. Еңбекқорлығына қоса, бірлігі жарасқан ауылда 22 шаруа қожалығы, 15 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Округ бойынша 5265 ірі қара, 800 жылқы, 4673 астам ұсақ мал және 30-ға жуық түйе бар. Жалпы ақшаттықтар үшін төрт түліктің қайсысы болсын, таңсық емес.
Мәселен, «Өнім» деп аталатын шаруа қожалығынан төрт түлік малдың барлығын да кездестіруге болады. Ауданға белгілі дәрігер, депутат болған, бүгінде зейнеткер, ауданның құрметті азаматы Жауынбай Байқатов қос ұлымен бірге отбасылық қожалықты дөңгелетіп отыр. Зеңгі баба түлегі – сиыр, Ойсылқара баба – түйе, Қамбар ата түлегі – жылқы, Шопан ата түлегі – қой өнімдерін өңірімізге сатумен қатар, кейде экспортқа да шығарады. Ал, аудан көлемінде тек «Өнім» шаруа қожалығында өндірілетін шұбатқа аудан тұрғындарынан емес, Орал, Ақтөбе қалаларынан да тапсырыс көп.
Ақшат ауылындағы ірі шаруа қожалықтардың бірі – «Оқас». Қожалықтың жұмысымен танысу мақсатында мал базасына барғанымызда қызу жұмыстың үстінен түсіп, 400-ге жуық ірі қара, 200 жылқы және отар-отар қой баққан қожалықтың қайнаған жұмысына куә болдық. Әр жануарға жеке күтім керек екендігін түсінген қожалық басшысы Сайын Бисембаев Зеңгі баба түлегіне ен салып, таңба қойып, түрлі дәрі-дәрмегін егіп, чиптарын тексеру секілді жұмыстарын жүзеге асырып жатыр екен. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында алынған асыл тұқымды ақбас жануарларын да кезіктіруге болады.
- Қазір еңбек етемін деген жанға мемлекет тарапынан да, жергілікті әкімшілік тарапынан жан-жақты қолдау бар. Тек өзің ерінбей, еңбектенуің қажет. Біздер мектеп жасынан бастап мал да бақтық, қырманда да жүрдік. Оның үстіне қазір барлық жағдай жасалған. Мәселен, мына қыруар малды қарауға негізінен 2 адам жеткілікті. Себебі, малға суды құдықтан су сорғыш арқылы жіберіп, трактормен шөп салып, астын тазартасың. Бәрі техника. Ірі қара малға чип, ал жылқыларға трекер орнатылды, спутник арқылы малыңның қай бағытта екенін ұялы телефонмен қарап отырасың, - дейді Сайын Оқасұлы.
Ақшаттықтардың жасы болсын, үлкені болсын, еңбекке құмартуы баршаны қуантады. Шаруа қожалығын ашпай-ақ қора-қора мал бағып отырған жастардың бірі Қуаныш Турубаев. Ол Отан алдындағы әскери борышын өтеп келіп, қаладан, даладан жұмыс іздемей, кіндік қаны тамған Ақшат ауылына келіп, ауылдың жұмысына кіріседі. Бүгінде елуге жуық ірі қараны қорасына байлап, семіртуде. Жасболса да, мал бабының қыр-сырын білген Қуаныш «Малдың жем-суын уақытылы берумен қатар, оларға ерекше күтім көрсетсең, соғұрлым тез өседі. Сондықтан, үлкендерден көргенімді жүзеге асырып, әр жануарға баппен қарағанды жақсы көремін» дей келе, болашақта шаруа қожалық ашып, мал басын одан әрі көбейтсем деген жоспарымен де бөлісті.
Ауылдың әр тұрғыны мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, өздерінің бойындағы өнерін де, қызметін де халық игілігіне жұмсауда.
Аудан орталығынан кейін тірек ауылы есептелетін Ақшатта осыдан бірер жыл бұрын жаңа медициналық амбулатория ғимараты бой көтерген болатын. Барлық бөлмелері талапқа сай ғимараттағыарнайы ем алатын процедуралық және тамақ, құлақ қыздыратын физио-терапиялық және стамотологиялық кабинеттер қажетті жаңа заманауи құралдарымен жабдықталған. Бұл медициналық нысан Ақшат ауылының тұрғындарын ғана емес, жақын орналасқан Алмаз, Қарағаш ауылдық округінің де тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуде. Аудан орталығындағы медициналық нысандардан кем түспейтін емханада заманауи үлгіде тіс те емдейді. 30 жылға жуық еңбек өтілі бар тіс дәрігері Жәнібек Кульчуков жаңа аурухана жаңа мүмкіндіктер бергенін айтады. Күніне 7-8, тіпті 10 адамға дейін науқастың тісін емдеп, ауруды жеңілдетіп, тіс каналдарын тазалап, оның орнына уақытша, кейін тұрақты пломба толтырумен қатар, жаңадан тіс салу, яғни протез қою секілді қызметтерді жүзеге асырады.
Расымен де, халық игіліне салынған нысанның тұрғындар пайдасын көруде. Әсіресе, әлемді жайлаған пандемия кезеңінде аурухана барлық жағынан аурудың белең аруына жол бермеген. Ауыл тұрғындары да ұйымшылдық танытып, амбулаторияға 2 тыныс алу аппаратын сыйға тартқан болатын.
Ақшат ауылы аудандағы ірі әрі тірек ауылы болғандықтан, бұл өңірде атқарылып жатқан қызу жұмыстар аз емес. Бұл өңірде наубайхана, егін шаруашылығы, заманауи дәрігерлік амбулатория, жеке кәсіп ашып отырған кәсіпкерлер бар.
Ауыл жастары да өңір дамуынан шет қалмай, қоғамдық жұмыстарды қолдап, жаңа бастамаларға ұйытқы болуда. Биылғы жылда ақшаттық Тимур Ақжалғасовтың бастамасымен және ауыл жастарының қолдауымен Шыңғырлау (Утва) өзеніне өткел салуды қолға алыпты. Оған жергілікті әкімшілік те бейжай қарамай, түрлі техникаларымен әрі білікті мамандардың кеңесімен көмек бермек.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz