8.04.2020, 15:56
Оқылды: 44

Ақсуаттық кәсіпкер блокбекетке тамақ жеткізді

Ақжайық ауданы Ақсуат ауылының кәсіпкері Ләззат Сейткереева - қайырымды істерімен танылған жан. Бүкіл елді індет қыстаған кезде іскер әйел шарапаты мол шаруаға ұйытқы болды. Ол «Орал – Атырау» тас жолының 70-шақырымында орналасқан блокбекеттегі мамандарға бірнеше мәрте ыстық тамақ жеткізді.

660D8447-F06B-4BB4-A607-C99BA13C88A5

Ақсуаттан 140 шақырым алшақ бекетке сәлемдемені жолшыбай қатынаған көліктер арқылы жолдапты.

«Мен бұл істі атақ үшін немесе жалған бедел үшін жасап жатқан жоқпын. Күн-түн демей, дала жағдайында біздің қауіпсіздігімізді қамдап, қызмет атқарған азаматтарға титтей болса да, қолғабыс етсем деген ниет қой. Оларға артылған жауапкершілік зор. Әрбір аймақтың шекарасында індеттің таралуын болдырмау үшін сапқа тұрған азаматтарға елдің атынан осылайша алғыс білдіргім келді», - дейді Ләззат Мұратқызы.

Жол бойындағы асхана карантин кезінде жабылғанымен кәсіпкер табыс көзінен айырылдым деп мойып отырған жоқ. Ол өз қаржысына мата сатып алып, маска тігіп, өзінің қызметкерлері мен олардың отбасыларына таратып берген. Оған қоса ауылдағы 8 отбасын тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта жол қатынасына рұқсат алып, өзінің жеке көлігімен блокбекеттегі қызметкерлерге өзінің жеке көлігімен күніне бір мезгіл тамақ тасымалдамақ.

Әлия Серікқызы

Ақжайық ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале