13.12.2025, 9:00
Оқылды: 8

Ақылбектің азаматтық амалы

Казталов ауданында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, әсіресе спорт саласының өркендеуіне үлес қосып жүрген жомарт жүректі азаматтар аз емес. Ауыл баласының болашағына алаңдап, қолдан келгенше жәрдемдесуді өзіне парыз санайтын мұндай азаматтардың игі бастамалары – қоғамға үлгі, кейінгіге өнеге.

IMG-20251212-WA0053
Жақында редакциямызға белгілі спортшы, көп жылғы тәжірибесімен жас өрендерді талай биікке жетелеп жүрген жаттықтырушы Әділбек Алғазиев хабарласып, ауылда атқарылған бір ізгі іс туралы қуанышты жаңалығын жеткізді. Қазіргі таңда ол Әжібай ауылындағы білім ордасында балаларды ұлттық спорт түрі – қазақ күресіне тәрбиелеп келеді. Спортқа бейім, қабілетті жасөспірімдердің саны артып отырғанымен, жаттығу залындағы күрес маталарының тозығы жетіп, жаңартуды талап еткені жасырын емес.

Осы мәселені назарға алған жаттықтырушы ауылдың жанашыры, көпшілікке еңбегімен танылған Ақылбек Сралиевке өтініш білдіреді. Бұған дейін де ауылдың ортақ ісіне ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Ақылбек ағамыз бұл жолы да көп ойланбастан, балалардың спортпен алаңсыз шұғылдануына жағдай жасау мақсатында жаңа күрес маталарын алып беруге бел буады. Қажетті құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізіліп, күрес бөлмесінің жабдығы толықтай жаңартылды.

Ауыл ұстаздары мен ата-аналары, ең бастысы — жас спортшылар Ақылбектің бұл қолдауына шын жүректен риза. Өйткені әр жаңартылған мүмкіндік – балалардың спорттағы жетістігіне ашылған тағы бір жол. «Жас ұрпаққа жағдай жасау – ортақ міндетіміз» деп есептейтін азаматтың бұл бастамасы көпке үлгі болары сөзсіз.

IMG-20251212-WA0057

Жерлесіміздің ауыл спортына жанашырлық танытып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлес қосуы – бүгінгі қоғамға аса қажет игі амалдардың бірі. Мұндай қолдаулар жасөспірімдердің спортқа деген ықыласын арттырып қана қоймай, болашақ чемпиондардың қалыптасуына да жол ашады.

Ауылына сүйіспеншілік – азаматтың ең биік қасиеті.
Ақылбектің игілікті ісі – соның айқын дәлелі.

Қайрат Жақып
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале